Арсыз «СТО»-шниктерді сотқа беру керек еді

24.07.2018
Қаралды: 374

Пойызға билет болмай, «Индрайвер» арқылы Астанадан таксиге отырып жолға шықтым. Қарасам, рульде жап-жас бала отыр, өзі Шымкентке кетіп барады екен.

 

Біз Астанадан көп шықпай жатып екінші такси – «БМВ» көлігі пайда болды. Ол көліктегі орта жастардағы ер кісі осы баланың әкесі екен. Шымкентке нағашыларымызға бара жатырмыз дейді.

 

Алла жол амандығын берсін деп қос көлік қатарласа жүріп отырып Қарағандыдан өттік. Кенет алдымызда бара жатқан «БМВ» көлігі қайқаң етіп барып жолдан ұшып кетті . Тоқтай сала жүгіріп бардық. Құдай сақтапты. Абырой болғанда, ішіндегілер дін-аман. Тек есікке бастары соғылып, ауыртып алғандары болмаса, көз шығып, жақ сынған ешқайсысы жоқ. Құдай сақтады деген осы. Өзінен-өзі алдыңғы дөңгелегім ұшып кетті дейді көлік жүргізушісі.

 

Айтқанындай тап сондай болды. Алдыңғы сол жақ дөңгелек жол жағалап өз бетінше кете барды. Әупірімдеп жүріп көлікті жолға шығардық. Міне, осыдан соң қызық болды.

 

Сүйреп жолға шыққан көлігіміз қалтырап тұр. «Аға, жолға шыққанда көлікке бір қарап алмайсыз ба?» – дедім. Себебі дөңгелек ұшып кетсе ол жөнді тартылмағаннан болады ғой. Сол кезде барып есіне біреулер түсіп, телефонын алып, қоңырау соға бастады.

 

«Е, жігіттер, – дейді, – колодка ауыстырсаңдар, ақшасын алдыңдар. Дөңгелекті жақсылап тартсаңдар болады ғой. Отбасыммен қырылып қала жаздадым ғой!» – дейді.

 

Масқара! Ол ол ма, қалған үш дөңгелектің үшеуі де әрең тұр. Гайкалары болса, қолмен бұралып шешіліп жатыр. Көліктің қалтырағанының сыры, міне, осында екен.

 

Содан сұраймын ғой. «Аға, ол қай «СТО»? Астананың қай жерінде? Тап қазір мынаны суретке түсіріп алыңыз. Ертең барған соң сотқа бересіз. Қажет болса, мен куәгер боламын», – десем: «Жоқ, інім, сотқа бермеймін. Құдай бар ғой, өзі көрсетер оларға. Мен мына отбасыммен аман қалғаныма қуанып тұрмын. Мынау – келіншегім, мыналар – балаларым», – дейді айналасындағыларды көрсетіп.

 

Мына сөзге қатты таң қалдым. Өйткені көз алдымызда бір өлімнен қалды ғой. Сонда неге сотқа беріп, анау арсыз «СТО»-шниктерді жауапқа тартпасқа?  Және де ақшасын төледім, төрт «колодкаға» он мың теңге бердім дейді. Мұндайда әрі қарай не айтасың? Әр дөңгелектен бір-бір «гайкадан» шешіп алып, ұшқан дөңгелекке тарттық.

 

Әрине, бұл сырттан қарағанда оп-оңай ғана. Алайда есептеп көрсеңіз, сол ағамыз кем дегенде 50 мың теңгелік шығынға түсті Өйткені алдыңғы бампер сынған, жарамсыз, ауыстыру қажет. Ал сол жақ «крыло» жерге тиіп, қатты қисайған, жөндеуді қажет етеді. Оны жөндеген соң міндетті түрде сырлап-әрлеу керек. Міне, мұның барлығы өз қалтасынан кететін шығын.

 

Мейлі, 50 мың теңгемен ешкім байып кетпес, бірақ басқа жүргізушілер жайлы ойлаған да жөн болар. Мүмкін мен мына постты жазып отырғанда сол «СТО»-шниктер тағы да біреудің ақшасын алып, көлігіне әтем-сәтем дөңгелек салып, бәрі де зыңдай деп жіберіп жатқан шығар...

 

Не дейін, ақша құлқынын тескен, өздері үшін адам өмірі түкке тұрмайтын сондай «СТО»-шниктерге Құдай қанағат берсін деймін де қоямын ғой...

 

Ғани ӘЛИХАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ