Шымкенттің темір жолы мен әуежайы қандай болғаны дұрыс?

28.07.2018
Қаралды: 302

Жерлесіміз, есімі жұртшылыққа белгілі азамат, Қазақстанның Құрметті сәулетшісі Асқар Мамырбаев – әлеуметтік желінің белсенді қолданушылардың бірі. Ол кісі өзін толғандырған мәселелер жайлы жиі жазып тұрады. Асекең Шымкент қаласы мен Түркістан облысында қолға алынып жатқан ауқымды шараларға да қатысты өз ойларымен бөлісіп тұрады. Таяуда ол қаламыздағы темір жол вокзалы мен әуежай туралы өз пікір-көзқарасы жөнінде жариялады, жұртшылықты ой бөлісуге шақырды. Біз оның осы айтқандарын қаз-қалпында жариялауды ұйғардық.

 

Вокзалды басқа жерден салу керек

 

Ұзынқұлақтан жеткен хабарға сенсек, Шымкент қаласындағы темір жол вокзалын қайта құруға миллиардтан астам қаржы қарал­ған дейді...

 

Хош делік. Жыртықты жамағаннан тонымыз бүтінделіп қалмасы анық қой. Шымкент үлкен мегаполиске айналды. Айналасындағы қалаға жақын орналасқан елді мекендерді қосқанда екі жарым миллион халықтың күнделікті жүріп-тұратын бөлігінің өзін көзге елестетіп көріңіз. Жолаушылардың басым бөлігі жайлы, қауіпсіз темір жолды таңдайды. Ал вокзалымыз бен темір жолымыздың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейтіні рас қой. Елімізде әлі жылдам пойыздар некен-аяқ. Жоғары жылдамдықтағы пойыздар жоқ.

 

Көршілес Өзбекстанда жоғары жылдамдықтағы пойыздар Ферғана, Ташкент, Самарқан, Бұқара қалаларына жүріп жатыр. Соның арқасында туристік кешені де дамуда. Ал біздің Шымкент қаласы арқылы сондай жоғары жылдамдықтағы пойыздар өткізуге мүмкіндік бар ма? Дәл қазіргі ирелеңдеген, кейбір аумақтары тұрғын үйлермен беттесіп тұрған жолмен ондай жылдамдықта жүретін пойыздар өткізу мүмкін емес!

 

Қаланың Бас жоспарына сәйкес, темір жол торабы «Манкент» стансасынан «Бадам» стансасына тікелей өтіп, қаланың айналма жолымен қабат жүруі тиіс. Өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Жоспарда – жаңа темір жол стансасы Бозарық елді мекенінен солтүстікке қарай, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізіне қапталдас аумаққа салынуы тиіс.

 

Осыдан біршама уақыт бұрын «Жол қатынастарын дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мамандарымен бірлесе отырып, жаңа темір жол стансасының жобасын жасадық. Жоба облыс әкімдігінде таныстырылып, оң нәтижесін алған. Әлеуметтік желілер, БАҚ арқылы халыққа таныстырылып, құрылыс шетелдік демеушілер есебінен 2020-жылы аяқталады деп жарияланды. Өздеріңізге белгілі, қала республикалық статусқа ие болған соң бұл мәселе қала әкімдігінің құзырына өткен. Қала басшылығына хат жолданып, мәселе қайта көтерілген. Алайда қазірше қолдауға ие болмаған сияқтымыз. 

 

Қолданыстағы вокзалды қайта жөндеуден өткізгенде не ұтамыз? Меніңше, көп нәрсеге қол жеткізе алмаймыз. Біріншіден, вокзалдың алдағы онжылдықтағы жолаушылар өткізу мүмкіндігі тәулігіне 25 мың адамға жетуі тиіс. Темір жол жолақтары кемінде тағы да 8 –10 жолға ұлғаюы, вокзал алды алаңы мен автотұрақтар көлемі екі-үш есеге артуы қажет. Бұл жерде ондай мүмкіндік жоқ. Сағатына 250 шақырымдық жылдамдықта жүретін пойыз жіберу тіпті мүмкін емес. Сондықтан жаңа темір жол вокзалы мен жүк сұрыптау стансалары қаланың сыртында, кең аумақта қайта салынуы – кезек күттірмейтін мәселе деп білемін. Сол жақтан жаңа облыс орталығы болып отырған Түркістан қаласына тікелей жоғары жылдамдықтағы темір жол салу мүмкіндігін қарастырып, жобасын дайындап отырмыз. Бұл жол Шымкент пен Түркістан арасын 50 шақырымға жақындатып, біздің есебіміз бойынша 45 минутта екі қалаға да жету мүмкіндігіне ие боламыз. Одан әрі халық көп шоғырланған Қазығұрт, Сарыағаш, Келес және Мақтаарал аудандарын да темір жол қатынасымен қамтамасыз ету жобалары бар. 

 

Ал қазіргі қолданыстағы теміржол вокзалына аса көп қаражат салмай, жақын араға, айталық, Ленгір, Бадам, Арыс қалаларына қатынайтын электрлі пойыздар стансасы етіп қайта жабдықтаған дұрыс болар деп ойлаймын.

 

Әуежай екі қаланың ортасында болғаны жөн

 

Менің ендігі бір көтермек мәселем – өңірдің жаңа әуежайы туралы болмақ. Күні кеше қалаға еліміздің Үкімет басшысы келіп, осы мәселелерді талқылап, Шымкенттегі әуежайға қосымша 50 миллион доллар көлемінде қаржы бөлінетінін, қосымша жаңа әуежай терминалы салынатынын мәлімдеді. Жаңылыспасам, қолданыстағы әуежай маңынан.

 

Көзіқарақты кез келген азамат қазіргі  әуе­жайдың қала ортасында қалып қойғанын, ұшу, қону дәліздері тұрғын үйлер аумағынан өтетінін байқап жүр. Қолайсыз-ақ! Сәулетшілер тарапынан ұсынылып жүрген жаңа әуежай – қала сыртынан, халыққа қауіпсіз және көліктер қатынасына ыңғайлы аумақтар туралы мәселе неге күн тәртібінен түсіп қалды? Әлде мен қате түсіндім бе?

 

Енді мен осы әуежай мәселесі бойынша өз ұсынысымды сіздермен бөліссем деймін.

 

Шымкентке республикалық маңыздағы қала дәрежесі берілді. Миллионнан астам тұрғыны бар, агломерациясымен қосқанда екі миллионнан астам халыққа қызмет етіп жатқан қала. Сонымен қатар Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласында, Кентау мен айналасындағы аудандарда тұратын халық үшін де әуе жолымен қатынау қажеттілігі ұлғаяры сөзсіз. Сондықтан Түркістаннан да әуежай құрылысын салу мәселесі қылтияды.

 

Әңгіменің тоқ етері – ара қашықтығы 170-ақ шақырым болатын екі қаланың ортасынан халықаралық стандартпен ортақ бір әуежай салған дұрыс деп есептеймін. Бұл, біріншіден, біздің миллиардтаған қаржымызды үнемдесе, екіншіден, екі аумаққа да қатынас тиімділігін арттырады. Төрткүл, Шаян, Отырар аумағының халқын жұмыспен қамту, туризм саласының жандануы мен аумақтың әлеуметтік жағдайын көтеруге септігін тигізеді.

 

Мен алдыңғы жазбамда Шымкент пен Түркістан арасын жоғары жылдамдықтағы пойыз қатынасымен жалғау туралы айтқан болатынмын. Жаңа әуежай осы теміржол қатынасымен бірлесе отырып жолаушылар тасымалын тиімді етеріне сенімдімін. Пойызбен, жеңіл көлікпен, әуежай қызметімен ара қашықтығы 70-80 шақырымдық қалалар арасына 25-30 минутта жетуге болады. Әлемдегі үлкен қалалардағы әуежайлардан сағаттап жүріп жатқандармен салыстырғанда бұл үлкен қашықтық деп ойламаймын. «Бір оқпен екі қоянды атып алу» тиімді екендігі даусыз болар.

 

Ескі теміржол вокзалы мен әуежайдың жаңа терминалына кететін миллиардтарды ойлап, «келісіп пішкен тон келте болмас» дегенім ғой. Қаржыны есептеп, үнем туралы үнемі айтып жүретін азаматтар не дер екен? Ой бөліссек...

 

Асқар МАМЫРБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ