Малыңызды «malbazar.su» сайты арқылы сата аласыз

30.07.2018
Қаралды: 330

Адамдар қорадағы малын сату үшін не істейді? Әрине, мал базар­ға төрт түлігін жетектеп немесе көлік жалдап жетеді. Сөйтіп делдал іздейді, ол көңілінен шықпаса өзі саудалауға кіріседі. Таң атпай барғаннан сәтін салып малы өтіп жатса жөн. Текке уақыт жоғалтып, әуреге түсе­тін кездері де аз болмайды. Бұдан бөлек, базарға кіргені үшін де, тұрғаны үшін де ақы төлейтінін қосып қойыңыз. Саудасы келіссе жақсы ғой, көңілдегі теңгені шытырлатып санағанда шаршау ұмытылатын. Олай болмаса қиын-ақ.

 

Осындай машақаттан әбден шаршаған Алматы облысы, Амалбөктер ауылының тұрғыны Әлібек Беков Сарқан қаласындағы «Жас­тар орталығында» жұмыс істейтін туыс інісі Әнуар Сәлімбековке келіп, қорасындағы бірнеше ұсақ малдарын «OLX», «Market.kz» сайт­тарына жарнамалап, сатып беруін сұранған. Әнуар бұл мәселені аудандағы «Жастар орталығының» жетекшісі Аслан Күбентаевқа айтады. Олар Қазақстандағы барлық сайттарды ақтарыстырып, мал сататын, сатып алатын жарнама сайтының жоқтығына көз жеткізеді. Ойласа келе бұл жастар ғаламтор арқылы «mal­bazar.su» деп аталатын төрт түлікті саудалауға арналған сайт ашады.

 

Біз мал базардағы осы бір машақатты жеңілдеткен жігерлі жас, жоба авторы Аслан Күбентаевпен сөйлескен едік.

 

– Аслан, сайтты құрастыруларыңызға түрткі болған себепті білдік. Бірақ неге «malbazar.su»? Әдетте сайттардың барлығында «kz» деген домен жазылады емес пе?

 

– Жобамызды жоспарлау барысында біз де жұртпен бірдей етіп, «kz»-ті қоямыз деп ойладық. Сөйтсек, «malbazar. kz» атауын бұдан біраз уақыт бұрын бір кісі иеленіп қойыпты. Бірақ атауы бос болмаған сайт жұмыс істеп тұрған жоқ екен. Ол кісінің өзімен сөйлескенімізде қаласақ сатып алуымызға немесе қыр­күйек айында бұл доменнің уақыты бітуіне байланысты күте тұруымызға болатынын білдік. Ал жобаны қолға ала бастағанда сәуір айы болатын. Жылдың соңына дейін күткіміз келмеді. «Темірді қызған кезде соқ» демей ме, Жетісудың «суын» алып, «malbazar.su» деген атпен 15 маусымнан бастап сайт өз жұмысын бастады.

 

– Байқасақ, Әнуар екеуіңіздің жұмыс орындарыңыз бір. Соған қарап, сайтты ашу үшін жергілікті әкімдік көмек беріп, қаржыландырды ма екен деген ой келеді.

 

– Аудан әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бизнес-жоспар жасауымызға көмек­тесті. Ал қаржы көзін инвестор табу арқылы шештік. Аудандағы  Диас есімді белсенді жас кәсіпкер 300 мың теңге қаржы беріп, қажеттіліктерді осы ақшамен өтедік. Сайтты Еркін Хамидуллаев есімді жігіт жүргізіп отырады. Ол күнделікті жарнама мен хабарландыруға жауап берсе, Әнуар дизайнды жаңартып, заманауиландырып отырады.

 

– Сайттың ашылғанына үш айға жуықтапты. Танымалдылығы қандай? Кәдеге жаратып жатқандар бар ма?

 

– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауыл шаруа­шылығына және ел тұрғындарына арналған сайтымыз мал саудалауға бағытталған. Біздің сарқандықтар аз уақыттың ішінде сайтты меңгеріп, малбазар деп сандалмай, қорадағы малын осылай саудалауда. Көпшілігі бордақыда тұрған қой-жылқысын сатылымға шығарады.

 

Бұл сайт тек төрт түлік мал сатуға ғана арналмаған. Ел тұрғындары сайт арқылы малдан бөлек, үй құстары мен жануарларды, мал азығы мен ауыл шаруашылығына қатысты басқа да өнім­дерін саудаға шығара алады. Ең бастысы – қолында ғаламторға қосылған смартфоны немесе компьютері болуы керек. Қазіргі таңда сайттың мобильді нұсқасын 5 мыңнан астам адам жүктеп үлгерді. 300-ден астам азамат сайтқа тұрақты тіркелген. Ал тәулігіне 800 – 1000 адам сайт­қа кіріп, танысуда. Күніне кемінде 7-8 хабарландыру орналастырылып, көпшілік өз кәдесіне жаратып отыр. Алдағы уақытта сайт­ты түрлендіріп, үлкен кісілердің де еркін меңгеруіне тиісті оңай нұсқаларды жасау ойда бар.

 

Жалпы, бізде сайттан басқа әлеуметтік маңызы бар жобалар да жеткілікті. Өңірдегі жастарға «ІT» технологияны жылдам меңгерту үшін бірқатар шаруалар атқару үстіндеміз.

 

– Бұл бастаманың тиімділігін әрбір қазақстандық көре берсін деп тілейік. Сұхбатыңызға рахмет!

 

P.S. Өнертапқыш жігіттердің арқасында бұдан былай қазақстандықтар апта күтіп, мал базарға сабылмайды. Бар болғаны «malbazar.su»-ды компьютеріңізге немесе ұялы телефоныңызға жүктеп, қорадағы төрт түлігіңізді суретке түсіріп, бұл жарнама сайтының нұсқаулығын орындап болған соң сатылымға шығара бересіз. Бар болғаны осы. Сайттың тағы бір тиімділігі – мал базардағы «карманщиктерден» қауіп жоқ. Осы күнге дейін малын сатқан талай кісінің қалтасындағы теңгесін бір тиын қалдырмай үптеп кеткен ұрыларды естіп, біліп жүрміз ғой. Мал базардағы ұрыларға да тосқауыл қойған сайттың жұмысы алдағы уақытта жандана берсін демекпіз.

 

Дана МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ