Дәптерді «тың тәсілмен» сатып жатыр

28.07.2018
Қаралды: 271

Бүгінде жұрт мектептің керек-жарағын дайындаумен әлек болып жүр. Яғни баланы мектепке дайындау уақыт пен қаржыны талап ететіні анық. Әсіресе көпбалалылар үшін қаражаттың қомақты болуы шарт, әйтпесе үш түйір зат алған соң-ақ қалтаның түбі көріне бастайды. Себебі де белгілі, қымбатшылық белден басып тұр. 

 

Кешегі аптада екі баламды ертіп, Шымкенттің орталығындағы Қырғы базар­ға бас сұқтым. Мақсатым – балалардың мектепке қажетті қағаз-қаламын түгелдеу. Базар іші адамға лық толы. Тұс-тұста кеңсе тауарлары, мектеп киімдері, жабдықтары, әйтеуір керектінің бәрі тұр. Кіргенім сол, алдымнан тарпа бас салған сатушы бала: «Әпше, келіңіз, дәптер, қалам, сөмке, бәрі бар», – деп маған жарнама қағазын ұсынып үлгерді.

 

Ары қарай кете бардым. Екі қадам аттағаным сол, тағы бірі: «Әпше, бізге келіңіз! Дәптер, қалам, қарындаш, сыйлыққа сөмке бар», – деп жабысты.

 

«Ойпыр-ай, – деп қоямын, – кіргенім қазір ғана, бұлар менің базарға келгендегі мақсатымды қалай біліп үлгерген? Өздері – таза психолог». Бұл – менің ішкі ойым. Содан соң түсіндім, бала ерткеннің бәрін өздеріне шақыратын әдеттері екен.

 

Құжынаған адамдардан аяғымды әзер алып, алға қарай ентелеп кетіп барамын. Мына жақтан: «Дәптер аламыз, дәптер!» – десе, екінші тұстан: «Сөмке аламыз, сөмке!» – деген жарыса шыққан дауыстар. Арасында: «Менімен жағаласпашы!» – деп өзара ұрсысып қояды.

 

Саудагердер сәл тоқтасаң, тарпа бас салып, айтқаныңды алдыңа әкеліп беруге даяр. Мүмкін болса, «келіңіз, көріңізбен» жібермеуге тырысады. Сірә бір емес, екі баламен жүргенімді көріп, мені «майлы клиент» деп түсінсе керек, әйтеуір желімдей жабысады.

 

Бір жерге келіп тоқтап едім, ерке балам еркелеп әлденеге қол соза қойды. Сатушы қыз жүгіріп келіп: «Қайсысы? Не көрсетейін? Мынау ма? Сызғыш па? Міне, ұстап көре ғой», – деп қолына ұстата салғаны. Сатып алам деп жоспарламаған адамды жоспардан адастырып жіберетін мына «сатқышбектердің» жылдамдығына таң қалдым. Бала қолына тиген нәрседен айырылушы ма еді, соны білетін саудагердің құйтырқы жоспары екенін ішім сезіп-ақ тұр. «Әй, қусыңдар-ә?!» деп қоямын іштей.

 

Киім жаққа қарай ауысып, ақ жейделердің бағасын сұрай қояйын деген ниетпен бір қарап шығып едім, көзқарасымды қағып алған сатушы әйел шетінен сыдыртып бағаларын айтып шықты. «Мыналар 1800-ден, ал мыналар – 2000 теңге. Бұлардың жеңі ұзын. Мынадай костюмдер бар 3000-нан, мыналары – 3500 теңгеден. Мұның «юбкасы» бар 2000-нан, жилеті – 1500 теңгеден. Киіп көрсін да. Сапалары өте жақсы», – деп заулатып барады. Ойымды жазбай танығаны сонша, ауыз ашпай-ақ бірнеше сұрағыма бірден жауап алып үлгердім. Күнкөріс қамы екенін түсініп-ақ тұрмын. Олар да келген сатып алушыдан оңайлықпен айырылғылары келмейді. Дегенмен тым алдыңа түсіп, тауарын тықпалай бергені адамға жақсы әсер бермейді екен.

 

Бір затты алмас бұрын базарды бір шарлап шығатын әйелдің әдеті емес пе, бас жаққа қарай бет бұрдым. «Дәптер – 5 теңге» деген бадырайған жазуды оқып, қуанып қалдым. Сәл жүріп едім, «3 теңге», одан арырақ «2 теңге» деген бағаларды көзім шалды. Дәптер бағасының мұншалықты төмен болуы мүмкін еместігіне сүйеніп, мұның астарында бір гәп барын түсінгендей болдым. «5 теңге» деген жазуы бар жерге тоқтап: «Дәптер неге 5 теңге? Әлде көтерме баға ма?» – деп сұрадым. «Жоқ, көтерме емес. Бізден сауда жасасаңыз ғана сол бағаға ала аласыз», – деді сатушы. «Сонда қаншаға жасауым керек?» «Жоқ дегенде 2-3 мың теңгеге».

 

Мен де қайтпаймын, «Ал жасамасам ше?» – деп қоямын. «Онда 15 теңгеден аласыз», – дейді сатушы. «Қызық екен» дедім іштей. Адамды қинап сауда жасататындай көрінді маған.

 

Бірақ соңыра оның да құпиясын ашып алдым. Жылп-жылп еткен жас қыздың маңына барып, керектілерімізді түгендеу­ге тырыстық. «Ата, сдача қайтарыңыз», – дегенінен қасындағы егде кісінің атасы екенін бірден түсіндім. «Кел, қызым, кел», – деп қояды маған да. Біршамасын алып болып, кезек дәптерге келді.

 

– Дәптер қаншадан?

– 15 теңгеден.

– Неге базар бағасы әртүрлі? Сіздерде 15 теңге, ана жақта – 5, тағы бір жерде 3 теңге...

– Е-е-е, қызым, ол адам шақырудың жолы ғой.

– Қалай сонда?

 

– Олар «5 теңге» деп айтады да, сол дәптерден төмендеткен бағаны өзің сатып алып тұрған басқа кеңсе тауарларының үстіне үстемелеп қойып жіберіп, өз ақшаларын шығарып алады. Сатып алушы 5 теңгеден дәптер алғанымен есесіне басқа тауарларды қымбатырақ алады.

 

– А-а, солай ма?

 

– Солай, себебі біз дәптерді 14 теңге 80 тиыннан аламыз. Үстіне 20 тиын ғана қойып сатып отырмыз. Кейбірі 20 теңгеден де сатады. Біз бәріміз тауарды бір жерден, бір бағамен аламыз. Бұл тауарлар «КамАЗ»-бен келеді. Енді өзің қара, 14 теңге 80 тиыннан алған дәптерді 5 теңгеге беруші ме еді?  Елдің бәрі арзан деп әлгіндейлерге жүгіреді, бірақ шындығында бәрібір сол ақшаға алады.

 

– Бұл қайдан шыққан маркетинг?

– Бұл тәсіл бізге «Бекжан» базарынан келді.

– Енді сіздер неге ол әдісті қолданбай тұрсыздар?

– Біз дәптерді 15 теңгеге сатамыз. Есесіне басқа тауарларымыз арзанырақ жүреді. Үстемелеп қоспаймыз.

– Иә, әпше, 5, 3, 2 теңге дегендерге алданбай-ақ қойыңыз, бәрібір шығатыны сол ақша, – деп қосып қойды немересі.

 

...Кей кезде адам ойының ұшқырлығына таңқаламын. Осы әдісті де біреу ойлап тапты ғой. Мен мұның адамды бірден тартып әкететіндігіне таңдандым. Бір жағы дұрыс та шығар, себебі қайда қарасаң да тола саудагер. Сатушы да, бәсекелес те өте көп. Солардың арасынан сытылып шығып, өз тауарыңды өткізудің оңай емесі анық.

 

Иә, саудада сатып алушыны өзіне қаратудың түрлі тәсілі бар. Сол тәсілдердің арқасында «арзанның» арғы жағында не жатқанын біле бермейміз. Сондықтан қалтамыз оңай қағылмасын десек, сауданы да байыппен жасаған дұрыс екен.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ