Науқас балаларға қаржылай көмек көрсетуде

25.07.2018
Қаралды: 1990

Құрылғанына көп бола қоймаған «Халықаралық дүние рухания­ты» деп аталатын қоғамдық қор бүгінде көптеген сауапты істерді атқарып та тастапты. Бұл жөнінде аталған қор  баспасөз мәслихатын өткізді.

 

Бұған дейін Халықаралық «Дүние түріктерінің руханияты» қоғамдық қоры атауымен “Бала – біздің болашағымыз!» деген ұранмен игі істі Ерғали Мұхамеджанов қолға алса, кейін «Халықаралық дүние руханияты» қоғамдық қоры атанып, «Аялы алақан» деген ұранмен жұмыс жасай бастаған. Жаңа атаумен жұмыс бастаған қордың басшылығы да ауысып, төрағасы болып Жәнібек Өтелов сайлан­ған екен.

 

6 жасқа дейін науқас 18 балаға 5 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек беріп, шаңырақтарын шаттыққа бөлеген қор мұқтаж жандардың тізімін жасап, көмек көрсетілген отбасылар жөнінде БАҚ өкілдеріне есеп берді.

 

«Бізден көмек сұрап келіп жатқан аналардың басым бөлігі – жалғызбас­ты аналар. Бір өкініштісі, жалғыздықтан, шарасыздықтан жабырқаған аналар – қазақтың қыздары. Олар ем іздеп барған жерінен тауы шағылып, кезегін жылдап күтсе де ем-домын ала алмай таусылғандарын айтады.

 

Ана деген қашанда ұрпағы үшін тағдырдың ауыр сынағына төзіп, күреседі ғой. Олар қашан да көмек пен қолдауға мұқтаж. Ал біз қолдан келгенше осы мақсатты көздейміз», – дейді Ерғали Мұхамеджанов.

 

Аталмыш қор әзірге мемлекет тарапынан қолдау алмаған. Бұл жүйе елімізде заңдастырылғандықтан қа­йырымдылық қор мүшелері азаматтар сауабы мол салауатты іске көбірек көңіл бөлсе екен дейді.

 

Өзгенің қиындығын бөлісіп, көмек қолын созу – адамдықтың белгісі. Адамдық пен жомарттықты ту еткен қоғамдық қор 50-ге жуық жұмыссыз жастарды қайырымдылық етуге шақырды. Ерікті жасақшыларға айлық төленеді, түскі асы беріледі, біркелкі киімдері де бар.

 

Қала көшелерінде жәшік ұстап, науқас балалар үшін тұрғындардан ақшалай көмек сұрап жүрген өрендер осы қордың еріктілер тобында. Олар құрылғанына 21 күн толғанда 2  миллион 500 мың теңге жинап, бірқатар ана мен балаға қуаныш сыйлапты.

 

Реті келгенде біз «Халықаралық дүние руханияты» қоғамдық қорына алғысын жаудырған аналармен тілдескен едік.

 

Фатима Бостановаға ұлы  Дамир Құдабайды емдетуге 1  миллион 200  мың теңге қаражат керек болыпты. 5 жасар баласының күнделікті еміне ақша іздеп, бармаған жері, ашпаған есігі қалмапты. Қоғамдық  қор жайлы танысынан естіп, көмек сұрауға бекінген. Фатима алғашқыда сенбеген екен. Алайда, баласына қажет қаражат аз уақытта жиналып, табыс етілгенде осы күнге дейінгі уайымы сейіліпті.

 

Қордан қаржылай көмектен бөлек, тұрақты жұмыс та тапқан Венера Абдуллаеваның 3 жастан асқан ұлы Мақсат Ерболұлы созылмалы дертке шалдыққан. Қоғамдық қор 500 мың теңгені ұстатқанда өз көзіне өзі сенбепті. Жақсы адамдардың игі амалына дән риза келіншек қоғамдық қорда аналар төрайымы болып еңбек етуде.

 

«Дүниеге 3 бала келтіріп, дендерін сау, саналы етіп тәрбиелеймін деген аналардың бірімін. Бірақ кенже қызым Кәмила Нышанбек кезекті екпе салдарынан бірте-бірте жағдайы нашарлап, ауру болып қалды. Дамуы баяу. 5 жасында енді-енді жүре бастаған оның басқа ауруына қосымша талма дерті де қосылды.

 

Өзім жұмыссызбын. Әкесі де денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. Соңғы кезде қаражат жағынан қиналып кеттік. Қоғамдық қордың мүгедек балаларға жәрдем беріп жат­қандығын естіп, қызымның еміне жәрдем сұрап келдім. Қор директоры үйіме комиссия жіберіп тексеретінін, содан соң қолдарынан келгендерінше жәрдем беретіндігін айтып үмітімді жалғады. Алдағы уақытта көмек береді деген сенімдемін», – дейді Жанат Аманова.

 

Перзентіңізді емдетуге қаржы таппай қиналып жүрсеңіз, қоғамдық қордың талабына сәйкес келсеңіз, Шымкент қаласы, Б.Момышұлы көшесі («Қиял әлеміне» қарсы бетте), №29/1 үйдің 3-қабатында орналасқан ««Халықаралық дүние руханияты» қоғамдық қорына» барсаңыз болады.

 

Дана ӘБДІМАНАП.

Ерғали Мұхамеджановтың байланыс

телефоны: 8-702-933-63-45.

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ