Нұрхан ақын ұлын ұяға қондырды

25.07.2018
Қаралды: 385

Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға, оның ішінде Шымкент қаласына қоныс аударған ақын бауырымыз Нұрхан Сұлтанбайды біз кезінде оқырманға жете таныстырған едік. Нұрекең бүгінде 57 жаста. Ол Қытайдың Алтай аймағындағы Жеменей ауданында туып-өскен. Әдебиетке 19 жасынан араласқан, Қытай баспасөзінде өлеңдері, толғау-жырлары, дастан-позмалары жарық көрген.  Шыңжаң өлкелік, Іле-Қазақ облыстық қаламгерлер қоғамдарының мүшесі болған. Міне, осы азамат таяуда үлкен ұлын үйлендіріп, той жасады. Біз ол кісімен тағы да сұхбаттас болып, қазіргі тұрмыс-тіршілігі жөнінде сұрадық.

 

– Нұреке, бұрын­ғы сұхбатымызда бірінші әйеліңіздің Қытайда тұрып жатқанын, елге келгесін екінші мәрте үйленгеніңізді айтқан едік. Бірінші жарыңыздан екі қыз, бір ұлыңыз, екінші әйелден екі ұлыңыз барын білеміз. Бұл үйленген қай балаңыз?

 

– Үлкенім ғой, яғни бірінші әйелден туған кенжем, Назар Сұлтанбай деген азамат. Шымкентке келгенімізде 5 жаста еді, бүгінде 26-ға толды.

 

Өздеріңіз білесіздер, мен Шымкент­ке 1997-жылы келдім. Ұлымды алып келгенмін. Әйелім қызметте істей­тіндіктен келе алмады. Кейін, арада 9 жыл өткесін келіп, 3 айдай осында тұрды. Қыздарым да Қазақстанға оқуға түспек ниетпен келген. Біреуі Алматы жаққа оқуға түсті де, осында қалып қойды, екіншісі анасының денсаулығына қарайлап, Қытайға қайтты, сол жақта оқуға түсті. Сол кездегі тұрмыс­тық жайларға, қиындықтарға байланысты әйелім бұл жақта қала алмады. Өзінің денсаулығы жоқ еді, оның үстіне жасы «пенсияға» жақындап қалған. Сондықтан сол жақта зейнет­керлікке шығуды шешті. Үйленбеген жалғыз ағасы бар еді, бүгінде сонымен бірге тұрады. Ал қыздарым тұрмыс­та. Үлкен қызым Зейін Қытайда, Алтай аймағының Буыршын ауданында тұрады, оқуын бітіргесін өзінің курстасымен тұрмыс құрған. Қазіргі ахуалға орай ол жақпен байланысымыз онша емес, бұрын «Вичатпен» байланысатынбыз, кейін оған мүмкіндік болмай қалды. Ал кіші қызым Ләззат Талдықорған жақтың жігітімен бас қосқан, қазір Алматыда тұрады. Өткенде құдалық-тойларға қатысты, тойға ол жақтағы құдаларым да келді.

 

– Бір сөзіңізде ұлыңыз Назардың Иорданияда оқып жатқанын айтқансыз. Оқуын бітірді ме? Қазір не істеп жүр?

 

– Назар Иорданияда діни білім алған. Шариғат ілімдері бойынша дипломын алған, кейін Ислам экономикасы бойынша білімін жетілдірді. Өзі Құранды жатқа білетін қари болды. Енді келінмен Катарға оқуға барады, магистратураға түспек. Келіннің өзі де дін жолын ұстанады. Бұрын Алматыда фармация жағын оқыған, кейін «Нұр Мүбәрак» университетіне түскен екен. Енді екеуі Катарда оқып, білім алып, жағдайларын біраз түзеп алғанша Катарда тұрмақ ниетте.

 

– Келін қай жақтан еді? Құдаларыңыз кімдер болды?

 

– Келінді Мақтаарал жақтан түсірдік. Құданың Махамбетқұл деген ағасын бұрыннан танитыным бар еді, жолдас болғанбыз. Өзара келісіп, балаларды таныстырдық, олар бір-бірін ұнатты, «тәтті шай» ішістік, қазақтың салтымен құда түсіп, жөн-жоралғының бәрін атқарып, жастарды үйлендірдік. Құдалар жағынан да Құранды жатқа меңгерген үш-төрт қари бар. Құданың өзі бір ауылдың имамы, Қалдарбек Дүйсенов деген азамат. Өздері 11 ағайынды азаматтар. Құданың анасы Анар қажы құдағиымыздың жасы 70-те екен, қажылыққа 3 мәрте барыпты, құда – сол кісінің 11 перзентінің екіншісі.

 

– Той қалай өтті? Көп шығынданып қалған жоқсыз ба?

 

– Той өте жақсы өтті. Әрине, халал той жасадық. Өзім тығыз араласып жүрген «Атажұрт еріктілері» ұйымынан Қыдырәлі Ораз, Серікжан Біләшұлы бастаған оншақты азаматтар, осындағы жақын тартып, дос болып, сыйласып жүрген жандар түгел қатысты. Жалпы, мен өзім шақырыл­ған жерден қалған емеспін, елдің бір шетінде болса да, ақшадан қысылсам да есебін тауып, барып қайтамын. Содан да болар, тойға шақырылған адамдар түгел дерлік қатысып, атсалысты. Тойға 200-ден аса адам келді.

 

Құдалық, тойға қатысты жол-жорал­ғының бәрін жұрт қатарлы атқардық, қарызданып қалған жоқпыз. Құдайға шүкір деп көңіл демдеп отырған жайы­мыз бар.

 

– Әу баста, Қытайдың сонау Алтай өлкесінен Шымкентке қалай келіп орналасқан едіңіз? Бұл жақта туыстарыңыз бар ма еді?

 

– Мен өзім әкеден жалқы жігітпін. Әкем өмірден ерте өткен. Ол кісінің өзі үш ағайынды болған, оның бауыр­ларынан өрбіген ұрпақ, басқа да туыстар қазір Қытайда тұрады. Ал өзімнің Қазақстанға келгесін нақ осы Шымкентке орнығып қалуыма бір жағдай себеп болды.

 

Хасен Оралтайдың ағасының екі баласы Түркістанда оқуда еді, Қазақстанға жол жүрерде туыстары солар­ға сәлем айтып жіберген, соны жеткіздім. Сосын Шымкентке келіп орныққан Мешім Естемесұлы деген кісі бар еді, қайтарымда соған жолықтым. Бұрын әйелі қайтыс болған ол кісі үйленіп алыпты, жағдайы жақсы екен. Сол кісі: «Алматыда тұратын да адам керек еді... Дегенмен Шымкентті көрсең қалай болады? Қазақылығы сақталған, жақсы жер», – деп кеңес берді.

 

Содан ол кісі мені Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Тәукебаев деген азаматпен таныстырды. Кейін көші-қон полициясының бастығы Ақылбек Медеубековтің қол астында істейтін Абылай Балтабеков деген азаматпен таныстық. Абылай маған көп жәрдем берді. Аспандияр деген басшы азамат бұрын қауіпсіздік қызметінде істеген екен, сол да жақсы көмектесті. Кейін Мешім мені Манап Өтебаевпен таныстырды.

 

Өзім Алматы жақты да байқап көргенмін ғой. Онда қиын екен, әсіресе құжат реттеу оңайға соқпады. Маған одан гөрі Шымкент ұнады. Қазақылығы, қонақжайлығы, жатсынбайтыны тартты. Ол кезде жұрттың тұрмысы онша емес еді ғой, жарық, газ  болмай қалатын кездері жиі. Қиындықтарға қарамастан адамдардың пейілі кеңірек екенін аңғардым. Содан әрекеттеніп, осы жақта тұрақтап қалдым.

 

Маған марқұм Манап Өтебаевтың жәрдемі көп тиді. Кезінде ол кісі басқаратын колледждің жатақханасында 3 жыл тегін тұрдық, бізден 3 тиын да сұрамады. Қайта қиналған кезде­рімде қаржылай демеп жіберетін. Мен ол кісіні қатты құрметтеймін, жиі еске алып отырамын. Бір ұлыма Манап деп ат қойғанмын. Одан кішімнің есімі – Абзал.

 

Бұл жақта көші-қон мекемесі ар­қылы көпқабатты үйден пәтер иелен­генмін, кейін оны қайта өткізіп, құрылысы бітпеген жер үй алғанбыз. Қазір сонда тұрып жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Мақтаарал жақтың қызымен көңіл қосып, екінші мәрте үйленгенмін. Одан көрген екі ұлым да қазір азамат болып қалды.

 

– Әйеліңіз қандай жұмыс істейді? Балалар қайда оқып жүр?

 

– Әйел базарда сатушы. Балалардың бірі 10-шы сыныпты бітірді, екіншісі 9-шы сыныпқа көшті.

 

– Тұрмыс-тіршілік қалай енді? Өзіңіз немен айналысудасыз?

 

– Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Өзімнің жалақыға істеп жүрген тұрақты жұмысым жоқ, шығармашылықпен айналысамын. Осында келгелі екі кітап шығардым. «Еркін адам» атты қайырымдылық қорын ашқанмын. Мақсатым – кезінде Қытайда тұрған, қысым көріп өткен қаламгерлер болған, солардың атын есте қалдыру. Осы мақсатта ізденіп жүрмін. Әйтеуір әрекетсіз емеспін. Қытайдың қиын саясаты туралы айтып, жұрттың көзін аша түспек те ниетім бар.

 

– Әңгімеңізге рахмет, мақсаттарыңыз орындала беруіне тілек­тестігімізді білдіреміз.

 

Т. ТҰРАН.

Нұрхан Сұлтанбайұлының байланыс

телефоны: 8-702-319-04-61.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ