Кейбір қойлар 65 мың теңгеге сатылды

24.07.2018
Қаралды: 200

Осыдан біраз уақыт бұрын Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен «Халал Қасап» атты кооператив ашылғаны белгілі. Яғни қала ішіндегі  мал сойып сатумен айналысатындарды шетке шығару мақсатында «Бозарыққа» шыға беріс аумақта қой сойылатын арнайы жабдықталған цех ашылған болатын.

 

Біз ол жөнінде өткен жылғы Құрбан айт мерекесі кезінде жазғанбыз. Бұл кооператив қазір де жұмысын жүргізіп жатыр. Телефон шалып хабарласқанымызда Құрбан айттың алғашқы күнінде ол жерде қойлардың 25 мың теңгеден 45 мың теңгеге дейін сатылып жатқанын естідік.

 

Дегенмен қаланың ішіндегі мал сойып сататындар «Бозарық» жаққа түгелімен көшпепті. Шымкенттің Дулати және Мәделіқожа көшелеріндегі бірнеше үйлер мұндай шаруамен әлі де айналысып жатыр екен. Яғни жеке кәсіпкер ретінде үй иелерінің мал сойып сатуға рұқсаты, құқығы бар, мемлекетке тиісті салығын төлеп тұрады.

 

Кешегі Құрбан айттың алғашқы күнінде біз ол жерге барып, мал бағасын біліп қайттық. Орташа алғанда қойлар 25 мың теңге мен 45 мың теңгенің аралығында сатылып жатыр екен.

 

Құрбан айттың үшінші күніне мал алмақ болып сөйлескенімізде Ділмұрат есімді жігіт қорадағы қойлардың көбі сатылып кеткенін жеткізді, бейсенбіге мал қалу-қалмауы екіталай екенін білдірді. Оның қорасындағы қойлардың бағасы 30 мың мен 45 мың теңгенің аралығында екен. 25 мың теңгенің төңірегіндегі қойларды жұрт Құрбан айттан бұрын және айт намазынан соң-ақ қалдырмай алып кетіпті. Айтуынша, 45 мың теңгеден қымбатқа сатылған қойлар да болыпты. «Кеше бір қойды 65 мың теңгеге саттым», – дейді ол.

 

Біз бұл төңіректегі тағы да бірнеше үйлерден қойларды көріп шықтық. Қойды 25 мың теңгеге табуға да болады екен, бірақ сатушылардың көрсеткендері көзімізге қораштау көрінді. Асқанда еті қояндікіндей бір уыс болып қалатын сияқты.

 

Сол күні әдеттегідей көше бойында көлік деген толып тұрды, жұрт малды көбіне сойғызып әкетіп жатты. Қасапшылардың қолы жүрді десек болады. Әр үйде төрт-бестен жеті-сегізге дейін адамдар қауырт қимылдап, мал сойып жатты.

 

Тағы бір білгеніміз, биыл қасапшылардың еңбек ақысы да өсе түсіпті. Өткен жылы қойды үйге әкеліп 1 мың теңгеге сойып беретіндер биыл қойды сол жерде 1500 теңгеге сойып беріп жатыр. Ал қасапшыны үйіңізге апарар болсаңыз, ақысына 3 мың, тіпті 4 мың теңге сұрап жатқандар да бар.

 

Біз қой сойып сататын үйлерден өздерін облыстық орталық мешіттің өкілімін деп жүрген азаматтарды да кезіктірдік. Олар жұртқа малды қалай сою керегін, етін қалай бөлу керегін айтып түсіндіріп жатты. Ниет еткендер сойылған мал етінің үштен бірін тұрмысы төмен отбасыларға арнап бөлек жерге қалдыруына болатынын, мешіт қызметкерлері оны өздері келіп әкететінін айтып жатты. Яғни жиналған ет мешіт арнайы тіркеуге алған адамдарға Құрбан айттың соңғы күнінде таратылады екен.

 

«Былтыр облыс бойынша 5500 адамға құрбандық шалушылар қалдырған ет таратылған болатын, оның 700-дейі Шымкенттің тұрғындары еді, – деді бізге Ғалымжан деген азамат. – Биыл да сол шамадағы адамдарға тарататын шығармыз. Бұған қатысты арнайы есеп-қисап жүргізіліп, журналға тіркеледі».

 

Біз бұл жердегі азаматтардың бірінен «Газель» жүк көлігімен шағын аудандарды аралап мал сатып жүргендерді көргені туралы да естідік. «Арғынбеков көшесінен көрдім. «Газельге» артылған малды өздерімен алып жүрген жиналмалы шарбаққа түсіріп, 25 мыңнан 40 мың теңгеге дейін сатып жатты», – дейді ол.

 

...Біз қайтар жолда қала орталығындағы бір-екі мешіттің де маңайынан өткен едік. Садақа сұрап жүрген біраз адамдар көзімізге шалынды. Оларға сойған малының бір бөлігін әкеліп тастап кетіп жатқандар да бар екен. Біреулері: «Орталық мешіт жиған етті қашан үлестіреді екен?» – десіп жатты.

 

Қысқасы, бұл күні құрбандық шалғандар, жоқ-жітікпен барымен бөліскендер аз болмады, тұрмыс таршылығында жүргендер де жанашыр адамдардың жәрдемін көріп, бір жасап қалды.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ