Он түрлі сандық жасайтын жігіт

24.07.2018
Қаралды: 604

Шымкентте ерекшелеу бұ­йым жасайтын шебер тұрады. Есімі – Мақсат Сәрсембаев. Ерекшелігі қайсы десеңіз – ол қазақы нақыштағы сандықтың 10-нан астам түрін жасайды және тапсырыс берушілерге өзі жеткізіп береді. Ата кәсіпті жалғастырып келе жатқан ұлдың әкесі де ағаш шебері.

 

Айта кетерлігі, Мақсат  мүгедектер арбасына таңылған. Әйтсе де бұл қиындық мақсаты айқын жігітті жасыта алмаған.

 

«Ағаштан бұйымдар жасауға мені әкем баулыды. Бұл – атадан балаға берілетін дәстүрлі кәсіп. Бала күнімде әкемнің шеберханасынан шықпай, үйренуге тырысып жүретінмін. Ағашты жонып, қалыпқа келтіріп дүние шығару маған ғажайып көрінетін еді. Шеберханадағы құралдарды түртпектеп, өзіме алғаш рет ойыншық жасағанымда оған тіршілік бергендей қуандым. Әрі әкем ол кезде оңайлықпен табыла бермейтін құралдарды пайдаланғаныма қарсылық білдір­меді. Қайта қуанды.

 

«Жігітке жеті өнер де аз» деген ұстанымда тәрбие алғаным үшін әкем Құрманғазы мен анам Гүлмираға дән ризамын», – дейді Мақсат.

 

Шебер жігіт мектеп бітірген соң арман қуып Алматыға жол тартады. Сондағы Алматы индустриалды-педагогикалық университетіне оқуға түседі. Дизайнер мамандығы бойынша білім алу оның үлкен арманының бірі болды. Оқып жүріп, әскер қатарына шақырылып, міндетін Павлодар қаласындағы ішкі әскер бөлімінде атқарған.

 

Әскерден оралған соң Астанада жұмыс істеуді көздеген жас оқуын сырттай бөлімде жалғастыруға бел буады. Алайда орын алған қайғылы жайт оның жоспарын мүлде өзгертеді.

 

Сол күні Мақсат достарымен бірге Астана қаласы күнін атап өтуге Бурабайға барады. Бәрі жақсы еді. Достары бірінен кейін бірі батутта секіріп, кезек бұған келгенде аяғы тайған ол жайсыз құлап кетіп, омырт­қасын зақымдап алады. Өкінішке қарай, ұзақ мерзімді емдеу еш нәтиже бермеген. Жасы жиырмадан енді ғана асқан жігіттің мүгедек болып қалуы туысқандарының төбесінен жай түсір­гендей әсер етсе, Мақсаттың өзі­не өміріне балта шабылғандай есеңгіреткен.

 

«Бастапқы кезең өте ауыр өтті. Өмірден түңілмеуге ата-анам үшін тырыстым. Өзімді алдарқату үшін түрлі сандықтар макетін сала бастадым. Уақыт өте келе қағаздағы сандық бейнелеріне тіршілік бергім келді. Әкем­мен ақылдасып, жоспарымды айттым. Ол кісі қолдау көрсетіп, екеуіміз бірге «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасының Шымкент қаласындағы филиалына, «Даму» қорына бардық. Мамандар мүгедек жандарға арнал­ған «Жұлдыздарға қара!» байқауының өтетінін жеткізіп, тәптіштеп түсіндіріп берді. Содан бизнес-жоспар әзірлеуге кірістік. Байқауда жүлделі орынға қол жеткізіп, 200 мың теңге қаржылай сыйлық ұтып алдым.

 

Бұл жүлде менің армандарыма қанат бітірді. Бірінші кезекте ағаштан бұйымдар жасайтын цех ашуды жоспарладым. Жалға нысан қарап көріп, иесімен келістім. Алайда жұмыс басталысымен құралдардың әлі де жеткіліксіз екендігі байқалды.

 

2014-жылы қыркүйек айында «Биз­нес­тің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен 6  пайызбен 3 миллион теңге көлемінде несие алдым. Көлемді қаржы қолға тиісімен құны 2 миллион теңге тұратын «3D станокқа» тапсырыс бердім. Бұл станок ою ояды. Оның тілін меңгеру үшін де біршама уақытты сарп еттім. Содан кейін ғана бірнеше жылдардан бері сызылған үлгілерге қарап қазақтың дәстүрлі сандығын жасауға кірістім.

 

Төрт жарым жылға алынған несие мерзімі 2019-жылдың қаңтар айында бітеді. Сол күнді өзім де тағатсыздана күтіп жүрмін. Шындығы сол. Пайы­зы төмен болса да, несие құю қиын тиіп жатыр. Жалға алынған цехтың, жарық пен судың, тапсырыс сайын кететін қажетті құрал-жабдықтардың шығыны да едәуір. Тапсырысты да өзім жеткіземін. Сондықтан жас кәсіп­кер­лерге үкіметтен қайтарымсыз субсидия болса деймін. Сондай жеңілдікке қол жеткізсем, шығаратын өнім түрін кө­бейтіп, шағын цехымның көлемін үлкейтер едім.

 

Әкеммен бірге ас үй, жатын бөлме жиһаздарын жасап көрдім, үйреніп те қалдым. Бұл жиһаздарға көбірек тапсырыс алайын десем, сыйымдылық мәселесі кері тарта береді. Қазіргі таңда жұмыстың басым бөлігін әкем екеуміз атқарамыз. Үлгермей жатсақ, өзіміз шақырғанда келетін жұмысшы жүгімізді жеңілдетеді. Кәсібімді алғаш бастағанымда мүмкіндігі шектеулі жан­дарды жұмысқа аламын деген едім. Бірақ оған мүмкіндік болмай тұрған жайы бар».

 

Кейде шикізатты жеткізуде оған әкесі көмектеседі екен. Дайын өнімді жеткізу үшін Мақсат өзіне көлік сатып алыпты. Ал әкесі көлікті «электро­приставкамен» басқаруға болатындай етіп жасап берген екен. Әйтсе де шебер Шымкент қаласындағы көптеген көшелердегі аяқжолдың қоларбамен жүруге тіптен қолайсыздығын ай­та­ды. Былтырғы жылдан бері Мақсат өзі­нің «Фейсбуктегі» парақшасында қоларбамен сапасыз жасалған пандус­та жүрудің, биік бордюрлерден аяқжолға түсіп кетудің қандай қиындық туғызаты­нын бейнежазба арқылы көрсетіп, тиіс­ті мекемелер мен қалалық әкімдіктің назар аударуын талап етіпті. Бірақ ай­тыл­ған мәселе сол күйі нәтиже бермеген көрінеді.

 

Мақсат Құрманғазыұлы облыстық «Үздік қолөнерші» және республика аумағындағы суда жүзушілер сайыстарының жүлдегері атанып, марапаттарға да қол жеткізген. Ол әнді де керемет шырқайды.

 

Мақсат жасаған сандықтардың бағасы 18 мыңнан 105 мың теңгеге дейін тұрады. Шебер күніне екі жұп, яғни үлкен және кіші жүк жинайтын бұйымды жасап, тапсырыс берушіге жеткізеді.

 

Кейіпкеріміз жұмыссыз жүрген жігіт­терді кәсіпкерлікпен айналысуға шақы­рады. «Себебі мемлекет жастарды қолдауда. Сондықтан екі қолға бір күрек табу әрбір жанның өз қолында. Тек табандылық танытып, қиындыққа мойымауы керек», – дейді ол.

 

Айта кетейік, шебер жігіт жақында отау құрып, ата-анасын қуантыпты. Біз де өз тарапымыздан Мақсат­қа бақыт тілейміз!

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕН.

Мақсат Сәрсембаевтың байланыс

телефоны: 8-707-830-64-88.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ