Ағайынды азаматтар тігіншілікпен айналысады

24.07.2018
Қаралды: 1268

Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылында он саусағынан өнер тамған ерекше отбасы тұрады. Бұл үйдің төрт азаматы тігін ісімен айналысады. Отағасы Нұриддин мен үш бірдей ұлдары – Батыр, Асқар Өскенбаев және атасының баласы Тоқтар Бексары көрпе-жастық пен киім-кешектің сан түрін тігеді және қалпына келтіреді. Көз алдыңда зырылдата іс тігіп отырған ер-азаматтардың көлік машинасының ғана емес, тігін машинасының да құлағында ойнағаны қызық әрі тосындау көрінеді екен.

 

Отағасы мен ұлдарын бұл кәсіпке отанасы Гүлмира Омарова баулыған. Қырық жылдан бері қолынан инесі түспеген Гүлмира апай жас кезінде бірнеше өндіріс орнында еңбек етіпті. Кейін өзі тапсырыс алып, кәсібін дөңгелетпекші болады. Тойларға арналған қоржын-дорбалар, көкірекше, қамзол, бешпент, қыз жасауын тігуді бастаған күннен тапсырысы артпаса, кемімепті. Олардың жанұялық тігін шеберханасы аудан, облыс көлемінде тапсырыс қабылдайды.

 

«1992 жылы ұлттық нақышта тігілген киімдеріммен алғаш рет Шымкент қаласында өткен тігіншілер байқауына қатысып, І орынды иелендім. Менің қолымнан шыққан әртіс көйлектер әділқазылардан басқа журна­листерді де қызықтырыпты. «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» басылымдары сұхбат алып, кең көлемді мақала жазды. Бұдан кейін шабытым шарықтап, кәсібімді кеңейткім келді. Үйімнің бір бөлмесін шеберханаға айналдырып, ісімді бас­тадым.

 

Шағын ғана ауыл тұрғындарының тіршілігі бір-біріне белгілі ғой. Ауылдағы қызын ұзатып, келін түсіріп жатқан отбасылардан тапсырыстар түсе бастады. Осылайша мектеп, балабақша, көршілес ауылдардан адамдар көбейе берді. Үлгермей жатқанымды байқаған жұбайым Нұриддин жұмысынан қолы босағанда көмекке келетін. Ол – ауылдың механигі. Бірте-бірте қызығушылығы оянып, іс тігуге икемделе берді. Оны көрген ұлдарым да біреуі үтіктеп, екіншісі кестелеуге көмектессе, үшіншісі моншақ қадап жататын. Қызым Әйгерім де өзіме тартты. Көптеген киім үлгілерін заманауиландырып, ойға ой қосып отырды.

 

Жаз басталғалы той көбейеді. Үстін-үстін түскен сұраныстарды өз мерзімінде отбасыммен жабылып жүріп аяқтаймыз. Сапалы әрі уақтылы дайын болған тапсырысқа кімнің болса да қуанатыны анық қой. Бұйырған нәпақамды қолыма ұстатып, алғысын жаудырғандарға мен де ризашылығымды білдіремін. Үнемі ізденеміз, ойларымыз да көп. Күні-түні тынбай еңбектенеміз. Барлық киімді жақсылап ойластырып, матасын алып, тұтынушылармен жақсы жұмыс істеуге тырысамыз. Тапсырыс берушілердің ойларын, тілектерін ескереміз.

 

Мұның бәріне біз мемлекет қолдауының арқасында өзіміздің қажырлы еңбегімізбен жетіп отырмыз. Әсіресе Ақбастау ауылының әкімі Нұрлыбек Сүгірбаев пен әкім орынбасары Айқыз Мұратоваларға, «Атамекен» кә­сіпкерлік палатасының Бәйдібек ауданындағы бөлім басшысы Сыл­қынбек Спабековке алғыс айтамын. Шеберхананың ауқымын кеңейту үшін аудан әкіміне ұсыныс айтып, қолдау табуы­ма ықпал еткен еді. Нәтижесінде 2014-жылы «Ырыс» ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жергілікті филиалы арқылы 1,5 миллион теңге несие алдым.

 

Ендігі мақсатымыз – шеберхананы үлкен цехқа айналдырып, қанатын кеңге жайсам, ауылдағы жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді тұрақты жұмыспен қамтысам деймін», – дейді Гүлмира Омарова.

 

Үлкен ұлы Батырдың ине мен жіпті серік еткеніне 13 жылға жуықтады. Қазір ол «дизайнер-закройщик». Яғни өзі тігетін костюм-шалбар, пальто, күртеше және басқа да ерлер киімдерін дестелеп, кес­телейді. Асқар болса – сәукеле, ұлттық киімдерге жарасымды моншақ қадап, жарқыратудың маманы. Мектепті кеше ғана бітірген кенже ұлы Тоқтар – сәукеле жасаудың шебері. Оған да моншақ, бисерлермен жұмыс істеген ұнайды екен.

 

«Бала кезімнен анамның жай ғана матадан жарқыраған қамзол, көйлек, орамал, тағы басқаларды жасағанын көріп өскендіктен осы салаға жақын өстім, – дейді Тоқтар Бексары. – Ер бала болсам да жылтыраққа әуеспін. Сұлулықты жақсы көремін. Менің де ертерек өзім қалаған өнімдерді тігіп, адамдарды қуантқым келетін.

 

Анам мені тігін машинасына бірден отырғызбады. Қолы тимей жатса да барлығын тәптіштеп түсіндіріп, көр­сетіп беретін. Бірер жыл бұрын ғана ерлер киімдерін тігуге отырдым. Болашақта осы кәсіптің кеңінен етек жаюына атсалыса бермекпін».

 

Кәсіпкерлер биыл аудандағы бірқатар мекемелерден тапсырыс алыпты. Аудандық мәдениет үйі қайталанбайтын үлгідегі сахналық, «Бәйдібек-Су» мекемесі жұмысшыларына арналған 25 арнайы киімге тапсырыс беріп, қазіргі таңда екі мекеме өкілдері де ол киімдерді қызмет бабында киіп жүр екен.

 

Шеберхана мамандары түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындар мен бағалы сыйлықтардың иегері атаныпты.

 

Енесіне тартып туған Батырдың келіншегі де үй шаруасымен қоса отбасылық кәсіптің дамуына үлесін қосып жүр.

 

Міне, мемлекет тарапынан нақ осындай азаматтарға қомақты түрде қамқорлық жасалса ғой, шіркін!

 

Дана МЕДЕУОВА.

Нұриддин Өскенбаевтың байланыс

телефоны: 8-705-436-64-35.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ