Руслан ЖАНПЕЙІСОВ: «Полициядан қорқатын адамдарды көп кездестіремін»

24.07.2018
Қаралды: 598

Кешегі Денис Теннің оқиғасынан кейін халық бүгінгі полицияның жұмысына көңілдері толмайтынын байқатқан еді. Шынында да біздің құқық қорғау жүйесінде шикіліктер көп пе? Ал полициямыз әлсіз бе? Осы тұрғыда полиция өкілдеріне қатысты түрлі бейнежазбаларымен танылған Руслан Жанпейісов мырзамен  әңгімелескен едік.

 

– Біз сізді қоғам белсендісі ретінде танимыз. Шындығында Руслан Жанпейісов – кім?

 

– Мен – Қазақстан жерінде туыл­ған қарапайым азаматпын. Біріншіден, мен өзімді қоғам белсендісі немесе полиция қызметкерлерімен күресуші деп есептемеймін. Оның бәрін менің іс-әрекетіме қарай халық өзі ойлап тапқан. Мен полиция өкілдерімен күресіп жүрген жоқпын, тек солардың тарапынан орын алып жатқан кей мәселелерді ақырындап шешуге көмек­тесіп жүрген жандардың бірімін. Полиция бізге керек. Полиция болмаса біз тыныш өмір сүре алмаймыз. Бірақ бүгінгі күні жиі кездесетін сауатсыз полицейлер құқық қорғау жүйесіне де, халықтың уайымсыз өмір сүруіне де кедергі келтіреді. Бүгінгі күні халық полицияның елді қорғай алатынына сенім білдірмейді. Керісінше, олардан қорқатын адамдарды көп кездестіремін. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын.

 

– Мұның бәрі неден басталды?

 

– Бейнежазбаға түсіруді мен 2002– 2003-жылдары бастадым. Бірақ тура осы сәттен басталды деп нақты айту мүмкін емес. Ол кездері телефонның жаңа үлгілері енді келіп жатқандықтан полиция қызметкерлері өздерін жазбаға түсіріп тұрғанын да түсінбейтін. Мен үнемі өзімді заңсыз әрекеттерден сақтау мақсатында өз құқығымды қорғауға тырысатынмын. Себебі бұрын қиынырақ болатын. Көлігіңді тоқтатып алып, кемшіліктеріңді табуға, ашық түрде ақша алуға тырысса, қазір заңда көрсетілгендей белгілі бір заң бұзушылықтар  анықталған соң ғана тоқтатады. Бүгінгі күні полиция жұмысында оң өзгерістер бар екенін айта аламын. 

 

– Адамдар өз құқығын білмей жатады, сондай кезде олар не істеуі керек? Қайдан кеңес алады? Сіз өз тарапыңыздан қаншалықты кеңес беріп отырасыз?

 

– Ол үшін ең бірінші кезекте адам өз білімін өзі толықтырып отыруы шарт. Кітапты, заңды көбірек оқу керек. Мен барлық адамға бірдей кеңес беруге дайын емеспін. Себебі адамдар кейде сұрақты дұрыс қоймайды, өздерін де түсініксіз ұстайды. Түнгі 2-3-тің кезінде қоңырау шалып: «Сенің осы білетіндеріңді қайдан оқуыма болады?» – деп сұрайтындар да бар.

 

– Сіздің түрлі олқылықты көрсетудегі мақсатыңыз не?

 

– Мақсатым – елдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты жақсарту, елдің полицияға деген сенімін көтеру. Полицияға оңайырақ болуы үшін біз оларға көмектесуіміз қажет. Оларды шеттете беруге болмайды. Себебі өз жұмысын өте жетік білетін полиция өкілдері де жоқ емес.

 

Жол полициясы түрлі адамдарды түрлі жағдайда тоқтатып жатады. Сондайлардың ішінде масаң күйде рульге отырып алып, жоғарыдағы «көкелеріне» сеніп, құжаттарын беруден бас тартатындар, полицияға бағын­байтындар да бар. Ондай кезде мен полицияның жағына шығамын. Камерамды қосып, полицияға көмектесемін. Себебі өз дұрыстығыңды дәлелдейтін айғақтар әрдайым қажет деп есеп­теймін.

 

– Өзіңіз жол ережесін бұзасыз ба?

 

– Кейде болып қалады ғой... Жол полициясы өз жұмысын заңды түрде, заң шеңберінде жасаса, ешқандай мәселе болмайды. Барлық полицейлер солай жұмыс істеуі қажет деп есептеймін.   

 

– Сізді қоғамдағы осындай келеңсіздіктермен өз еркімен күресіп жүрген жалғыз адам десем, қателеспейтін шығармын. Сіздіңше, жалғыз адамның қолымен қоғамды өзгертуге бола ма?

 

– Әрине, болады. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп бұрын айтатын. Қазір мен бұл мақалмен келіспеймін. Қазір біз оқыған, тоқыған, дұрыс ойлай білетін адамдардың арасында, бейбіт, азаматтық қоғамда өмір сүреміз. Меніңше, бір адам өте көп нәрсені жасай алады.

 

– Жол полициясы тарапынан көбіне қандай кемшіліктер кетеді?

 

– Бізде білімсіз полицейлер өте көп. Егер объективті түрде алып қарасақ, оның себебі де түсінікті. Полицияға қолында әскери билеті бар адамдарды жұмысқа алады. Егер сатылап таразылайтын болсақ, жоғар­ғы оқу орнына түспеген 17 жастағы бала мектепті бітіріп, әскерге барады. Білетініміздей, әскердегі бір жыл заңды оқытпайды. Аталған уақыт өткен соң әскери билетпен оған ішкі істер саласына жол ашылады. Ал енді ойлап қараңыз, 17 жасқа дейін кім заңды ашып, оқыды, тек кейбірі болмаса. Сол кейбірінің арасында мен бармын, өйткені менің анам да, әкем де, әпкем де – заңгер. Сондықтан да заң маған әрдайым қызық болатын. Бірақ мен секілділер өте аз ғой.

 

Полицей болуды шынайы армандайтындар да жоқ емес, әрине, бірақ ондайлар өте аз. Осылайша әскери билет алғанға дейін ешқандай заңгерлік білім алмаған адам ішкі істер бөліміне жұмыс істеуге келеді де, небәрі үш ай ғана бастапқы оқыту курсын өтеді. Сонан соң форманы киіп, погонды тағып, тәртіп түзеуге кіріседі. Бұл миға сыйымсыз. Жоғарғы оқу орнын бес жыл оқыған адамның өзі өз білімінің толықтығына күмән келтіреді, себебі бәрін білу мүмкін емес. Ал небәрі үш айлық курсты бітірген полицейлер өздерін бірнеше оқу орнын бітірген адам секілді көрсетеді. Мәселенің түбірі де осында жатыр. Біз ішкі істер саласына ешқандай білімі жоқ азаматтарды жұмысқа алуына мүмкіндік бермеуіміз керек. Себебі әскери құжат ештеңе де бермейді, біліктілікті анықтамайды.

 

– Оны түзету үшін не істеу керек?

 

– Мен Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов мырза Шымкентке келгенде оның қабыл­дауында болдым. Сол кезде осы мәселе төңірегінде өз ойымды айттым. Осы жүйені өзгерту керек екендігін, шетелдегідей бізде де полиция академиясы секілді қандай да бір білім мекемесін  ашу керектігін айттым. Мектептен немесе әскерден соң болашақ полицей әлгі аталған жоғары оқу орнына баратындай және кем дегенде екі-үш жыл білім алатындай, ешқандай парасыз аттестациядан өте­тіндей, содан соң ғана барып ішкі істер қызметкерлерінің қатарына іліге­тіндей жағдай жасауымыз керек. Сонда ғана барып біз білікті кадрлар аламыз. Форма киген адам ең бірінші кезекте биліктің өкілі болып саналады. Сондықтан олар тек заң шең­берінен шықпай жұмыс істеуі керек. Қысқасы, бізге қазір министрді емес, реформаны, жүйені өзгерту керек.  

 

– Осы жүйеде тағы неге көңіліңіз толмайды?

 

– Мен полиция жағындамын. Маған тәртіп сақшылары керек. Маған полицияға қарсысың деп айтады. Жоқ, олай емес. Бірақ ережені білмейтін полицейлер бар екендігін ашық айта аламын. Біздің жол полициясы тоқтатқан соң бірден жаза жағын айтады. Олар жол қозғалысы ережесінің мынадай бөлімін, мынадай тармағын бұздың деп айтпайды.

 

Олардың жалақысы небәрі 70 – 80 мың теңге. Мен вахталық жұмыс­та болғанымда әр 21 күн сайын 1 миллион теңге алып отыратынмын. Айлығымның 10 пайызы зейнатақы қорына кетеді. Сонда менің зейнет­ақы қорына аударатын ақшам олардың жалақысынан да жоғары. Енді салыс­тырып қараңыз, жергілікті компанияда жұмыс істейтін 500 адамның ғана қауіпсіздігін бақылайтын, қарапайым инженер боп жұмыс істейтін мен кіммін, халықтың Конституция бекітіп берген құқығын қорғайтын және күзететін, заң бұзушылықтың бол­мауын қадағалайтын, көзсіз тәуекелге барып жұмыс істейтін, бірнеше жүз мыңдаған адамдардың өмірін сақтайтын полиция кім? Бірақ жалақылары күлкілі. Олардың әрқайсысы тезірек зейнет жасына жеткісі келеді, себебі зейнетақы жақсы төленеді. Ал бірақ жалақы төмен, тәуекел үлкен. 

 

– Жалақыны көбейту арқылы мәселенің шешімін табуға бола ма?

 

– Жалақыны көбейту арқылы тек парақорлықпен ғана күресе аламыз. Бірақ полиция өкілдері білімсіз болса, ешнәрсе өзгермейді.

 

– Сіз көбінде кімнің жағындасыз, полицияны қорғап-қолдаушылардың ба, әлде оларға қарсы шығушылардың ба?

 

– Жоқ, мен әділеттімін. Мен таразының басын тең алып жүремін. Мен қашанда заң жағындамын. Заңның өзі әділдік орнату үшін жазылған. Тек адамдар мұны қабылдағысы келмейді.

 

– Сіз патриотсыз ба?

 

– Жоқ, мен патриот емеспін. Мен өз елімді сүйемін, жақсы көремін.  Бірақ патриотпын деп айту үшін еліңе өте көп нәрсе жасауың керек. Содан да болар, менің өзімді патриотпын деп айтуға дәтім бармайды. Мен Қазақстанның жағындамын, елімнің жанкүйерімін, бұл – менің елім, менің Отаным. Қазақстан ең алдыңғы қатарлы мемлекет атануы үшін бәрін жасауға даярмын. Бірақ мен өзімді патриотпын деп айта алмаймын. Тудың бейнесін көлікке жапсырып немесе әлеуметтік желіге «Мен – қазақпын» деп сурет қою – мен үшін жай ғана мақтаншақтық. Барлық заңсыздықты көріп-біле тұрып түк істемеген адам патриот емес. Нағыз патриот деп мен Дінмұхамед Қонаевты айтар едім.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

 М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ