Қиқар бала қайдан шығады?

22.07.2018
Қаралды: 90

Бала тәрбиесі қашанда маңызды. Себебі болашақ – бүгінгі бүлдіршендердің қолында. Осы мақсатта ұлттық деңгейдегі тәжірибелі психолог, коуч, бизнес-тренер  Ләззат Нұрпейісовамен бала тәрбиесі тақырыбында сұхбаттасқан едік.

 

– «Бала естігенінен гөрі көргенін тез қабылдайды, сондықтан одан бұрын өзіңді тәрбиеле»  дейді. Осы сөзбен қаншалықты келісесіз?

 

– Расында да бала ата-ананың айтқанын емес, олардан көргенін жасайды. Егер де отбасында ерлі-зайыптылар бір-бірімен тату тұрып, жанұяда өзара сыйластық болса, онда бала да айналасына сыйластықпен қарайтын болады. Үлкендер өзара ұрсысып жатып, балаларына «тату болыңдар» дегеннен, әкесі темекі тартып тұрып ұлына «шылымды ауызға алма» деп ақыл айтқаннан ештеңе шықпайды. Неге? Себебі бала оны қабылдамайды. Оның зияндығын түсіндіру үшін әкенің өзі зиянды әдеттерден аулақ болуы шарт.

 

Әр әке – өз баласына үлгі. Демек, тәрбиенің негізі тек сөзбен ұқтыруда ғана емес, ата-ана тарапынан болатын жүріс-тұрыс, мінез-құлық, іс-әрекетте жатыр. Отбасындағы ересектер үнемі біреуді сыртынан ғайбаттап, кінәлап отыратын болса, бала да соған бейімделеді. Ал ата-ана үнемі оқығаны мен тоқығанын мысал етіп, көркем дүниелерді бала санасына құю мақсатында әр түрлі тақырыпта әңгімелер қозғаса, ол болашаққа қойған мақсаты бар азамат болып өседі. Көп жағдайда ата-ана өздерінің рухани құндылықтарын дамыту арқылы ғана  балаға жақсы тәрбие бере алады.

 

– Балаға қаншалықты жауапкершілік жүктеген дұрыс?

 

- Жауапкершілік дегеніміз не? Мысалы, үш жасар баланы оған тым кішкентай немесе тым ерте деп қарамай, тамақты өзі ішуге, киімін өзі киюге, аяқ киімін жинап қоюға, сол арқылы өз затына ұқыпты қарауға тәрбиелейтін болса, жауапкершіліктің негізі осыдан басталады. Байқасақ, балабақшада кішкентайлар киімдерін өздері жинап, бүктеп, шкафтарына салып қояды. Қалай ата-анасы келеді, бала еркелеп, босаңсып қалады да, ересектер өздері киіндіріп, өбектеп жатады. Ал бұл – үлкендер тарапынан баланың мүмкіндігіне шек қою деген сөз. Бала өз затын өзі ұқыптай алатын жастан бастап шамасы жететін нәрселерді жүктеу арқылы оған жауапкершілік арту керек. Оның ішіндегі ойыншықтарын, киімдерін жинау секілді өз-өзіне қызмет етулер баладағы жауапкершілікті оята алады.

 

– Бүгінгі күннің дерті – баланы түрлі гаджеттерге тәуелділіктен қалай арылтамыз?

 

– Расында да мұның бүгінде дертке айналғаны рас. Тек балаларда ғана емес, тәуелділіктің тіпті ересектер арасында да байқалып жатқаны белгілі. Мұндай жағдайда ата-ана тарапынан болатын негізгі әрекет – баламен келісімге келу, онымен көбірек сапалы қарым-қатынасқа түсу. Сапалы қарым-қатынас дегеніміз – сөйлесу, әңгімелесу, шүйіркелесу, отбасымен уақыт өткізу. Көп жағдайда баланы телефон тәуелділігіне ата-ана өздері үйретеді. «Тыныш отырса болды» деп смартфонды сағаттап ұстатып қоюы мүмкін. Дұрысырағы, телефонды сұраған кезде ата-ана ұлымен немесе қызымен келісімге келгені абзал. «Мен саған жарты сағатқа беремін, жарты сағаттан соң сұрағанымда маған берсең, екеуміз үшін де жақсы болады» деп түсіндіру керек. Ал енді телефонды беріп алып, «әкелдің» астына алатын болса, балада қарсылық пайда болады да, әлгі гаджеттерге құмарлығы одан сайын артып кетеді.

 

Сонымен қатар баланы сабақтан тыс басқа да нәрселермен айналыстыру керек. Спортқа бейімдеу, кітап оқу, сурет салу, үй шаруасына көмектесу, үйірмелерге бару деген сияқты өзінің бейімі бар нәрселерге аралас­тыру оның өзге дүниелерге қызығушылығын оятады.

 

– Баланы ерте жастан еңбекке баулыған дұрыс па?

 

– «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, он бес жас­қа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген қазақта керемет сөз бар. Міне, осы сөзді әдемі айтылған деп есептеймін. Үш жастан бастап балада «өзім ішемін, өзім киемін, өзім жасаймын» деген өзіндік «мені» пайда болады. Осы жастан бастап жоғарыда айтып өткендей ұсақ-түйек деп қарайтын, ата-аналар онша елемейтін нәр­селердің өзіне ерекше мән бере отырып, өзіне жауапкершілік артатын болса, баланың еңбекке деген қызығушылығы пайда болады.

 

Ал енді «өзім істей саламын», «өзім жылдаммын» деп өзі жүгіріп кете берудің салдары баланың еңбекке деген қабілетін басып тастайтындығына кейбір ата-аналар мән бермейді. Ата-ана бала жасай алатын шаруаларды өзі бітіріп тастап жүре берсе, бала да соған үйренеді. Нәтижесінде барлық шаруаны «ата-ана жасауы керек» деп түсінеді. Есейе келе ол еңбекке қырсыз болады да, «балам жалқау, еңбектенбейді, жұмыс істемейді» деген әңгімелер осыдан пайда болады. Еңбекке баулу ерте жастан басталады, яғни 3, 4, 5 жасында баланы ұсақ-түйек шаруаларды атқаруға үйретуге болады.

 

– Баланы қажетсіз ақпараттардан қалай қорғаймыз?

 

– ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры болғандықтан қазір барлығы ашық және қолжетімді. Ақпарат та өте көп. Баланы бір нәрседен бірден шектеп тастау қиындау болады. Егер сіз балаларға арналмаған ақпаратты «көрме» дейтін болсаңыз, ол «неге мен көрмеуім керек, ол жерде қандай қызық бар» деп керісінше сол нәрсеге одан сайын құмартады. Себебі түбірі «көр», «ме» дегенді түпсана қабылдамайды. Негізгі мағына беретін сөз қандай болатын болса, бала соны қабылдайды. Сондықтан ата-ана баланың іс-әрекетінің барлығынан хабардар болып отырғаны дұрыс. Ал оған тек ашық әңгімелесу арқылы қол жеткізуге болады, сонда жасырын дүниелер орын алмайды.

 

– «Бүгінгі балалар сөз ұқпайды» дейтін ата-аналар көп. Жалпы, бала бойындағы қиқарлықпен қалай күресеміз? Осы тұрғыда қалай тәрбиелеген дұрыс?

 

– Өте бір қызық әрі ойландыратын сұрақ екен. «Балам сөз ұқпайды» деген тіркестің өзі ата-ананың баланы сынап тұрғандығын білдіреді. Оның арғы жағында «менің балам менің ойымдағыдай емес, ол менің ойымнан шығуы керек» деген нәрсе тұр. Ал баланың ойында не бар екенін ата-ана біле ме? Мәселе осында. Мысалы, анасы қызына «еденді жуып қой, үйдің іші жинаулы тұрсын» деп тапсырма беріп кетеді. Ал қызы «кино көремін, содан соң барып үй жинаймын» деп айтуы мүмкін. Осы кезде анасы қарсылық білдірсе, балада қиқарлық пайда болады. Неге? Себебі ана баласын қолдап тұрған жоқ. Ондай кезде бала керісінше әрекет жасауға бейім болады. Ата-ана өз ойын ғана айтып, баланың ойымен санаспаған кезде ол шынында да сөз ұқпайды. «Мен бас десем, сен құлақ деп тұрсың» деген нәрсе осыдан шығады. «Менің ғана айтқаныммен жүру керек» дейтін  ата-ана принципі баласына зат сияқты қарағанымен бірдей. Сондықтан, жоғарыда айтып өткен «қарым-қатынас маңызды» дегенімдей, кішкентай кезінен бастап баламен сөйлесу, оның ойы мен көзқарасын біліп отыру қажет. Оның да ішкі дүниесі, ой-пікірі, көзқарасы әрдайым есепке алынатын болса, бала қиқар болмайды.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ