Судың да шипасы бар

22.07.2018
Қаралды: 161

Су кез келген тірі ағза үшін аса қажетті нәрсе. Адам ағзасының 65 – 70 пайызы судан тұрады. Адам денсаулығы жақсы болуы үшін күніне екі литр су ішу керектігі дәлелденген. Алайда мұнша су не үшін қажет – осыны барлығымыз да біле жүрейік.

Уларды қуады

 

Адам ағзасында көптеген токсиндік заттар кездеседі. Өндірістің зияны, пайдасыз тағам, көліктен шығатын шаң-тозаң – осының бәрі біздің ағзамыз кезігетін жағымсыз заттардың бір бөлігі. Одан бөлек, тамақты қайта ысыту кезінде көптеген токсиндік заттар пайда болады. Ал бұл кейін тамақтан улануға әкеліп соқтырады.

 

Бір жақсысы, судың көптігінен біздің бүйректеріміз жақсы жұмыс істеп, несеппен бірге ағзадағы қажетсіз заттарды шығарады.

 

Бауыр да сусыз жұмыс істей алмайды. Ендеше, ағзаңызды қажетсіз заттардан тазартқыңыз келсе, су ішіңіз.

 

Ол – әмбебап еріткіш

 

Біздің өміріміздегі көптеген химиялық реакциялар да судың көмегімен орындалады. Ағзадағы барлық заттар тек ерітінді түрінде. Бұлшық ет, тері, сүйек, бұзылған ұлпалардың қалып­қа келуі, гормондардың син­тезделуі, ферменттер, медиаторлар – бәрі де суды қажет етеді.

 

Жүрек пен буынға жәрдемші

 

Су атеросклероз бен басқа да оның асқынған түрлерінің ең негізгі емі болып табылады. Біз қажетті мөлшерде су ішкенде қан жақсы таралады да, атеросклероздық түйіндердің пайда болуына жол бермейді. Сол себепті ол жүрек талмасы және инсульт сынды аурулардың алдын алады.

 

Әрбір буында буын сұйықтығы бар. Сол сұйықтықтың арқасында буын жылжып тұрады. Ал ағзадағы судың аздығы буын сұйықтығының өзгеруіне, құрғауына әкеледі. Буын қиындықпен қозғалып, біздің белсенді әрекет етуімізге кедергі келтіреді. Ал мұның бәрі болмас үшін ағзаға жеткілікті су керек.

 

Ұлпаларды қоректендіреді

 

Қан – ағзадағы ұлпалар­ға оттегі мен қоректік заттарды әкелетін басты тасымалдаушы. Егер біз сұйықтықты аз ішетін болсақ, қан қоюланып қалады да, ең ұсақ буындарға (артериол, капиллярлар) қиындық туады. Ал бұл буындар ағзадағы тканьдерді қорек­тендіреді. Одан бөлек, оттегі мен қоректік заттар ағзаға сіңуі үшін де су аса қажет.

 

Ас қорытуға қажет

 

Су – ас қорыту жүйесіне аса қажетті элементтердің бірі. Судың көмегімен ас қорытылады. Ол тағамды қорытады, ас  соңында керек емес заттарды шығару үшін де ішекте жеткілікті көлемде су болуы тиіс. Егер сіздің ішіңіз ауыратын болса, су ішу режиміңізге мән беріңіз. Өйткені дәрігерге жүгіргеннен бұрын сізге су ішуді арттыру да жеткілікті болуы мүмкін.

 

Иммунитетке керек

 

Су иммундық жүйенің қыз­метін жақсартады. Бірін­шіден, иммундық жүйе ағзаға қан арқылы таралады. Ал қан қоюланып қалса, ұсақ буындардың арасына жетуі неғайбыл екенін жоғарыда айттық. Екіншіден, иммундық жасушалардың пайда болуы суды қажет етеді. Үшіншіден, несептің дұрыс айдалмауы мен керек емес заттардың ағзадан толық кетпеуі иммунитетті түсіреді. Егер аз ауырғыңыз келсе, суды көп ішіңіз.

 

Дене қызуын реттейді

 

Сіз спортпен шұғылданған кезде немесе ауа ыстық болса, ағза ыстықтан тер шығару арқылы қорғанады. Тер тері сыртына шығады да, сол әрекетімен ағзаны салқындатады.

 

Тері токсиндерді шығарудың тағы бір жолы екенін ұмытпаңыздар. Өз ағзаңызға терлеуге мүмкіндік беріңіз. Бұл өте қажет. Ал ол үшін су ішу керек.

 

Арықтауға көмектеседі

 

Егер сіз арықтауды мақсат етіп, диетаға отырып, спортпен шұғылдансаңыз, суды ұмытпаңыз. Су майды жоюға көмектеседі. Әрине, арықтау үшін сізге жүгіріп, спортпен айналысып, терлеу қажет. Алайда сіз қажетті мөлшерде су ішсеңіз, жаттығудан да жақсы қорытынды шығады.

 

Ми да суды қажет етеді

 

Бас ауыруы, әлсіздік, жұмыс істеу қабілетінің төмендеуі – бұл негізінен ағзасындағы су мөлшері аз адамда кездесетін қиындықтар. Орталық жүйке жүйесінде орын алатын өзге­рістер, қиын химиялық реакциялар және миға оттегі жеткізу – мұның бәрі суды қажет етеді.

 

Терінің әдемілігін сақтайды

 

Жұмсақ, таза тері жағымды әрі әдемі көрінетіні белгілі. Әрине, тері тазалығын сақтау үшін біз түрлі косметикалар қолданамыз, косметологтар ке­ңесіне жүгінеміз, алайда судың қажеттілігін де ұмытпауымыз керек. Суды керекті мөлшерде қолдану терідегі ылғалды сақтауға көмектеседі, терінің қартаюына қарсы әрекет етеді.

 

Т. АЛДАБЕРГЕНОВА,

Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы

қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының

бас маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ