«БОМЖ»-ға айналған бейбақтың айтқандары

22.07.2018
Қаралды: 322

Сол күні жұмыстан ертерек шығып, танысыммен жолықпақ болған едім. Шаруаларымды аяқтап, оның жұмысына қарай жол тартқанмын. Ол біраз кідіретінін айтқан соң сыртта күте тұрайын дедім. Кенет әлдекім: «Бауырым, 20 теңге берші», – деді қарлығыңқы үнмен. Қарасам, беті-аузы көк-ала қойдай, үсті-басы кір-қожалақ қайыршы қолын жайып, маған қарап тұр. «Ақша жоқ», – деп қайтарып жібергім келгенімен сәл ойланып, оны әңгімеге тартпақ болдым.

 

Қалтамнан 500 теңгеліктің біреуін шығарып:

 

– Бірнеше сұрақ қоямын. Жауап берсең, ақша сенікі, – дедім.

– Қандай сұрақ? – деді ол да ақшадан көз алмай. 

– Алдымен жайғасып отырып алыңыз, асықпаңыз, Қайыршының күйін кешіп жүруіңізге не түрткі болды, бұрын кім едіңіз? – осындай сұрақтарға жауап берсеңіз екен, – дедім оған тіке қарап.

 

Ол біраз ойланып қалды. Сосын бір шешімге келгендей тамағын қырнай күрсініп алды да әңгімесін бастады.

 

«Бір кездері менің де табысы жақсы жұмысым, берекелі отбасым, үйім болған, – деді ол әңгімесін бастап. – Әйелім  ертемен тұрып, дәмді етіп таңғы ас дайындайтын. Екеулеп отырып тамақтанып, сосын ол мені шығарып салатын. Ел ұйқысынан енді ояна бастағанда біздің жұмыс қайнап жататын. Соған қарай жалақым да қомақты еді. Алты күн бойы діңкелеп, үйге келгенде ғана жаным жай табатын.

 

Осылай өмірім өтіп жатты. Бірсыдырғы тіршіліктен шаршадым ба, әлде мастандым ба, білмедім. Жүйкем сыр беріп, ештеңе ұнамайтын болды. Күйгелектеніп, не болса соған ашу шақыратын дәрежеге жеттім. Жалғыз қалғым келеді де тұрады. Сүйретіліп жұмыс­қа барып, әйтеуір жұмыс істеп жүрдім. Бұл қылығым әйеліме де ұнай қоймады. Сонда да қабағымды бағып, көңілімді барынша аулап жүрді.

 

Бір күні кешкі астан соң әдеттегідей жата қалып, ойға шомдым. «Күнде қайталана беретін тірлік тұқыртып барады. Осы жүргенім ақша үшін бе? Ал ақшаның рахат сыйлап жатқаны шамалы. Қой, бұл жүрісім болмас. Жалақысы аз болса да оңайырақ жұмыс іздейін», – деп шештім. Ертеңіне өз еркіммен жұмыстан кету жөнінде арыз жаздым да, заттарымды жинап, тайып тұрдым. Ойпырмай, бойымның жеңілдеп сала бергені-ай!

 

Содан таныстарым арқылы демалысы көп қа­рауылдық жұмысқа тұрдым. Бір күн істеп, екі күн демаламын. Бұрынғыдай шаршау жоқ. Туыстарым мен көршілерімнің: «Әжептәуір жұмыстан кетіп, қа­рауыл болғаның не? Әлде шығарып жіберді ме? Табысың жақсы еді ғой», – деп жанашырлықпен де, мұқатып та айтқанына құлақ асқан жоқпын.

 

Бос уақытымның көбейгеніне балаларым да мәз. Бірге серуендеп, ойнаймыз. Нені қаласақ, соны істейміз. Осы күнге дейін теледидардан тек жаңалықтар ғана көріп, одан басқа түрлі бағдарламалардың барын да білмеген екенмін. Осылайша «көк жәшік» пен сыра сенімді серігіме айнала бастады.

 

Алғашқыда қаржының жеткіліксіздігі сезілген жоқ, барлығы жақсы еді. Азын-аулақ қарауылдық айлығымның берекесін берсін деп жүре бердім.

 

Бірте-бірте бір ғана тәулік күшімді сарп ететін қарауылдық жұмыстан да жалыға бастадым. Оған да барғым келмеді. Екі күн демалысымның тез өтіп кететініне кәдімгідей ашуландым. Сыраға тойып, түнімен кино көремін. Ұйқы да қанбайды. Делі-құлы жүріп, қарауылдық ауысымда басшылардан ескерту алып қалдым. Соған өкпелеп, бірнеше рет жұмысқа бармай қойдым. Олар қашанғы шыдасын, жұмыстан шығарып жіберді.

 

Үйде жаттым. Осы күнге дейін үндемей келген әйелім бұл жолы шыдамады. Күнде ұрыс, күнде айқай. Құлақтан тыныштық кетті. Әйелімнің ызыңын естімейін деп аулақ кетіп, түн жарымына дейін ішемін. Арақ сенімді серігіме, жұбанышыма айналып бара жатты. Қалтамда ақша таусылған соң жылдар бойы жинаған дүниелерді сатуға көштім. Әйеліме бірде білдірмей, бірде қарсылығына қарамай әкетіп, үйдегі заттарды саудалап, арақ аламын. Кәдімгі алқаш атандым. Менен үмітін үзді ме, әйелім төркініне кетіп қала берді. Сондай күндердің бірінде ақыры үйді де сатып жібердім. Бұл күйікке жарым шыдамады. Үйден түскен қаржыны тең бөлісіп, ажырасып тындық.

 

Ішуді тіптен үдете түстім. Өзім секілділерді кезіктірдім. Кезектесіп арақ алып, билікті, әкімді, әйел­дерімізді сырттай сөзбен сыбап, барлығына соларды кінәладық.

 

Әр күн сайын өзіме: «Бүгін ішемін, ертең демаламын. Арғы күні жұмыс іздеймін. Жағдайымды дұрыстап, бала-шағамды қайтарамын» деп уәде беремін. Осылай тағы бірнеше ай өтіп кетті. Қалтамдағы үйдің жарты ақшасы таусылды. Бұған күйініп, жұмыс іздеуге де құлқым болмады. Көк тиынсыз қалсаң отбасың тұрмақ, бөтелкелестерің де безінеді екен ғой. Бір-екі рет сыра әперді де, олардың кейбірі маңайына да жоламауымды ескертті.

 

Тамақ пен араққа ақшаны қалай табамын деп жүріп бөтелке сатуды ойладым. Төңіректегі қоқыс жәшігін ақтаруға да арланбадым. Жинағанымды өткізіп, тіскебасар мен ішімдік аламын. Аңдығаным – қоқыс жәшігі. Оны таңғы сағат онға дейін ақтарып үлгермесем, тиісті мекемелер алып кетеді. Соған бола таңмен таласа тұратын болдым. Бар ойым – бөтелке табу. Бір шөлмек тапсам, соған жүрегім жарылардай қуанамын.

 

Сөйтіп жүріп алқаштан қаңғыбасқа айналып шыға келдім. Қоқыс арасында жүріп, мұнда да таныстықты арттырдым. Олармен қосылып тамақ қалдықтарын жеуге үйрендім. Басында ұшынып ауырып, кейін ағзам бұған да көндікті.

 

Көше кезіп, әрбір талдың түбін, көпқабатты үйлердің жертөлелерін аралап, аяқтан тозып, шиша іздедім. Өйтпесем, аштан өлемін. Шаршау дегенді ұмыттым. Тапқаныма тоя тамақ жемедім. Ішкенім – ең арзан арақ. Оның өзінде үсіп қалмау үшін ішімдік ішемін.

 

Кейде жүк тасысам да жұмыс істейін деймін. Бірақ мына сиқыммен кім алсын мені жұмысқа? Денсаулық та баяғыдай емес. Аяқтарым кейде бастырмай қалады. Біткен жерім осы шығар? Қайтейін...»

 

Осылай деген қаңғыбас көзіне жас алды. Аяп кеттім. Шылым алып беруімді сұранды. Оны тартып отырып, алғашқы еңбек орнынан кеткеніне өкінетінін айтты.

 

«Кешке келгенімде келіншегім дәмді асты да­йындап, балалардың шуламауын өтініп жататын, – деді өткен өмірін еске алып. – Барлығының алдында абыройлы едім. Тамақ дайын, киім үтіктеулі, ұл-қызым көз алдымда. Бір күні мынадай тамақ ішкім келеді, келесі күні басқасын. Сенбі, жексенбіде отбасыммен қыдырамыз. Мейрамхана, саябақ, тағы басқа жерлер.

 

Әттең, сол уақыт қайта оралса, ешқашан шаршадым деп айтпас та, жұмыстан шықпас та едім ғой. Ешқашан! «Шаршадым» деген жай сөзді санамызға сіңіріп алып, содан ой бұзылады екен. Іште өзекті өртейтін өкініш қалды», – деп төмен қарап ұзақ отырды.

 

Ол орнынан тұруға оқталғанда, қалтамнан 2000 теңге алып, ұсындым. Ішетінін біле тұра бәлкім ойланар, еңсесін көтерер дедім. Басы салбырап, бойын жазбаған күйі көз алдымнан ұзай берді.

 

Айтылған әңгіме қалай аянышымды туғызса, санамды да дүр сілкіндірді. Өзіміз де «шаршадық» деп жиі айтамыз ғой. Жеңіл өмірді жиі ойлай берсек, осы кісінің кебін кимесімізге кім кепіл?

 

Дәл қазіргі уақыт тек күрестен тұрады. Күрескің келмесе, мұрттай ұшасың. Тыраштанып, тұруға әрекет жасамасаң, қол созып, көмек беретіндер өте сирек.

 

Шаршамайық, адамдар! Өмір күресуді талап ете ме, тырысып бағайық!

 

Әділбек НҰРЫМБЕТОВ.

Орал қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ