Зейнетақы төлеу тәртібінде не өзгеріс?

23.07.2018
Қаралды: 267

Кешегі аптада Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Түркістан облыстық филиалында баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда филиал директоры Самат Байдуанов, директордың орынбасары Әбдімұрат Исабаев, орталық бөлім басшысының орынбасары Әлімжан Ибраев 2018-жылдың бірінші жартысындағы атқарылған жұмыстар бойынша кеңінен мәлімет берді.

 

С.Байдуановтың айтуынша, 2018-жылдың 1-шілдесіне қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,4 триллион теңгені құрап, жыл басынан бері 663,6 миллиард теңгеге артқан. Ал Түркістан облысы бойынша зейнетақы жинақтары 29,3 миллиардқа ұлғайып, жинақтардың жалпы сомасы 568,3 миллиард теңгеге жетіпті. Салымшылардың зейнет­ақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 356,4 миллиард теңге болыпты.

 

«Жыл басынан бері 5,6 миллионнан астам адам бірыңғай  жинақтау­шы зейнетақы қорына  зейнетақы жарналарын аударды. Бұл ретте олардың төлеген міндетті зейнетақы жарналарының сомасы 407,4 миллиард теңгеге жетті. 2017-жылы 5,9 миллионнан астам салымшы зейнетақы қорына 756,1 миллиард теңге міндетті зейнетақы жарнасын төледі», – дейді Самат Стаханұлы.

 

Жеке зейнетақы шоттарындағы ақшалар салымшының меншігі болып табылады және ол қайтыс болған жағдайдың өзінде мерзімсіз сақталады. Қорда зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда олар толық көлемде және заңнамада бел­гіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. 

 

Салымшы (зейнетақы төлемдерін алушы) қайтыс болған жағдайда оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға айлық есептік көр­сеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді. Бірақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының зейнет­ақы шотында қалған қаражат тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен ас­пайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлемнің сомасына қосылып төленеді.

 

Сонымен қатар, зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері тө­лем көзінен жеке табыс салығы са­лынатын табысқа жатады. Сондықтан одан 10 пайыз мөлшерлеме бо­йынша жеке табыс салығы салынады.

 

Қайтыс болған салымшының (алушының) мұрагері оның зейнетақы жинақтарын алу үшін  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кеңсесіне өзі келіп, сондай-ақ пошта байланысы немесе сенім артылған адам арқылы өтініш бере алады.

 

Мұрагер өтінішке қоса мұрагерлік құқығы туралы куәліктің түпнұсқасын (немесе нотариат куәландырған көшір­месін, болмаса мұраға берілетін мүлікті бөлу туралы келісімнің түпнұсқасын немесе нотариат куәландырған көшір­месін және заңды күшіне енген сот шешімін) ұсынуы тиіс.  Талапқа сай тиісті құжаттар өткізілген соң зейнет­ақы қоры он жұмыс күні ішінде зей­нетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асырады екен.

 

Жалпы, қазір республика бойынша 10 миллион 194 мың салымшы болса, оның 1 миллион 129 мыңын Түркістан облысының тұрғындары құрап отырғаны туралы да айтылды. 2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап зейнет­ақы төлемдерін алушы өтініш берген күні оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді екен. (Биыл ең төменгі зейнетақының мөлшері 33 мың 745 теңге болып отыр). Оның 12 еселенген мөлшері – 404 мың 940 теңге. Егер зейнетақы жинақтарының көлемі бұл сомадан асып кетсе, зейнетақы тек ай сайын төленетін болады.

 

Елімізде зейнеткерлердің барлығы бірдей 14 мың 466 теңге көлемінде базалық зейнетақы төлемдерін алады. Бірақ 2018-жылдың 1-шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнет­ақы төлеудің жаңа тәртібі енгізілді. Мұнда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты тағайындалады. Бұл жерде 1998-жылға дейінгі еңбек өтілі де ескерілетін болады. 

 

Егер қатысу мерзімі жоқ немесе 10 жылға дейін болса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады, ал 35 жыл және одан көп болатын болса, онда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөл­шеріне тең болады және одан асырылмайды. 

 

Жаңа енгізілімнің арқасында еңбек өтілі жоғары адамдар үшін базалық зейнетақы төлемдерінің көлемі екі есеге дейін артуы мүмкін. Бұл зейнет­ақының өсуіне септігін тигізері сөзсіз. Осылайша адамдарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыру көзделіп отыр. Яғни зейнет­ақы жинақтарының көлемі өскен са­йын болашақта алатын зейнетақының мөлшері де арта түседі.

 

Егер қор салымшылары мен алушылары өз жарналары туралы ақпарат алғысы келетін болса қор сайтында жеке кабинет ашу арқылы, «EGOV.KZ» электрондық үкіметінің порталын таңдауы тиіс. Дегенмен ақпарат алудың белгілі бір тәсіліне жүгінгіңіз келсе қор кеңсесіне барып өтінім жазу, электрондық цифрлық қолтаңбаға жүгіну сынды белгілі тәсілдерді де пайдалануға болады.

 

Д. МЕДЕУОВА.

Суретті түсірген – автор.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ