Ошақтыдан тарағандар Шымкентте бас қосады

22.07.2018
Қаралды: 171

Ұлы жүзге кіретін Ошақты руы – қазақ халқы арасындағы белді рулардың бірі. Осы рудан таралғандар бүгінде Қазақстанның бірқатар облыстары мен Өзбекстан, Қырғызстан жерлерінде тұрып жатыр. Міне, осы ру өкілдері 19-тамыз күні Шымкентке жиналып, Ошақты баба рухына арнап ас бермек. Бұл жөнінде біз осы Ошақтыдан шыққан азамат – бүгінде Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде қызмет істейтін ғалым ағамыз Мұсатіллә Тоқановтан естіген едік. Ол кісі бізді Ошақтылардың Оңтүстік өңіріндегі сөз ұстары, бүгінде 77 жастағы Щедрин Молдия­ров қарияға (суретте) жолықтырды.

 

Ата қоныстары Сайрам деп айтылады

 

Щедрин қарияның аты құлағымыз­ға тосын естілгені рас. Бұған байланысты қойған сұрағымызға орай ол кісі өзіне мұндай есім қойылуының себебін айтып берді.

 

Бұл кісінің әкесі Молдияр Шерімбетов кезінде Мәскеуде, Ташкентте оқу бітірген, үлкен қызметтер атқарған, белсенді коммунист болған жан екен. Кезінде Созақ аудандық газетін де басқарыпты. Өз заманына лайық Компартияға беріле қызмет еткен бұл азамат ұлына орыстың классик жазушысы Салтыков-Щедриннің құрметіне Щедрин деген ат беріпті, қызына Зоя деп ат қойған. Щедриннің өзі Созақ ауданының Шолаққорған ауылында өмірге келген. Әкесі 1942-жылы өмірден өтіп, өзі жастайынан қиыншылық көріп өсіпті. Шымкенттегі №1 қалалық кәсіптік-техникалық училищені, Қазақ химия-технология институтын, Новосибирскідегі құрылыс институтын бітірген. Облысымыздағы бірқатар құрылыс кәсіп­орындарында жауапты қызметтер атқарған, жылжымалы-механикаландырыл­ған колоннаны, монтаждау-құрылыс бас­қармасын басқарған азамат. 1991-жылдары Алматыда Ошақтылардың алғашқы жиыны өтіп, сонда бұл рудың Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ұйымдастырушысы болып сайланған екен.

 

«Ошақтылардың алғашқы жиыны осыдан 27 жыл бұрын, 1991-жылы тамыз айында Алматы қаласында өткен болатын. Оған Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыс­тарынан 300-ден астам адам қатысқан. Сонда танысып-білістік, Ошақтылардың әр облыстағы ұйымдастырушылары сайланды.

 

Мұндай жиындар 1992-жылы Таразда, 1996-жылы Қызылордада да өткен. Шымкентте 1993-жылы ұйымдастырылған болатын, бұл – екінші мәрте өтуі.

 

Ошақтының Тасжүрек атасынан Саңырық Тоқтыбайұлы деген батыр шыққан. Ол өзінің нағашысы Тайлақ батырмен бірге осы күнгі Қарағанды облысына қарайтын «Қалмаққырған» деген жердегі үлкен шайқасқа қатыс­қан. Бұл – қалмақтардың алғашқы рет сағын сындырған ұлы шайқас болыпты. Сол Саңырық бабамыздың 300 жылдығы 1993-жылы Жамбыл облысының Талас ауданында аталып өтті. Талас өңірі Ошақтылардың ту тіккен жері саналады. Сол жерде Саңырық батырға арналып сағана салынды, той өткізілді. Оған сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Өмірбек Байгелдиев, біздің облысты басқарған Асанбай Асқаров, жазушы Шерхан Мұртаза, академик Өмірбек Жолдасбеков сынды белгілі азаматтар қатыс­қан. Димаш Қонаев ағамыз да шақырылған еді, бірақ ол кісі той болардан 5 күн бұрын дүние салды», – дейді Щедрин ақсақал.

 

Щедрин қария Ошақтылардың Өзбекстанда да баршылық екенін айтады.

 

«Өзбекстанда Ошақтылар көп, – дейді ол кісі. – Олар шоғырланып тұратын біраз ауылдар бар. Әр ауылда 250 – 300 үйден тұрады. Ілгері замандарда, сосын кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында қоныс аудар­ғандардың, амалсыздан жер ауғандардың ұрпақтары. Бір кездері Талас өңіріндегі Ошақтылар Ташкенттің ұлығынан жер сұрап алып, Құркелес маңына қоныстанған екен. Көшкендер арасында Құлымбет батыр, Жолбарыс ақын деген елді аузына қаратқан адамдар болған. Алтыбай деген кісі 1200 адамды ұйымдастырып, ұзындығы 70 шақырымды қамтитын арық қаздырған. Ол қазір де бар. Ошақты ауылы бертінде Абай атындағы колхоздың орталығы болған. Дегенмен ол ауылда Ошақтылар аз, ал арғы жағындағы екі-үш ауылда олар көпшілік болып тұрады. Бүгін мен бабамызға берілетін астың мәселелерімен сол жақтағы ағайындарға барып қайттым».

 

Әңгіменің осы тұсына келгенде сөзге Мұсекең (Мұсатіллә Тоқанов) аралас­ты.

 

«Бірде мен Зәріпбай Оразбай деген тарихшыдан Ошақтылардың шыққан жері туралы естіген едім. Ол өзі араб, түрік, парсы, шағатай тілдерін меңгерген ғұлама адам екен. Сол Зәріпбай 1976-жылы әскер қатарынан оралғанда Ташкент жақта Бұхара медресесін 1917-жылдары бітірген ғұ­лама шежіреші Қыстаубай деген кісіні кезіктіріпті. Ол кеңестік кезеңде қуғын көріп, Тәжікстанға, одан Ауғанстанға, кейін Қырғызстанға өтіп, елге тек 1975-жылдары ғана оралыпты. Таш­кенттегі «Орта базар» деген жерге кезінде өзімен бірге оқыған досын іздеп келген беті екен. Сол кісі Зәріпбайға Ошақтылардың Сайрамнан шыққанын айтыпты, «Ошақты деген ат шаңырақ иесі, ошақ иесі дегеннен шығады. Жер бөліскенде оған Сайрам өңірі тиесілі болған» депті», – дейді ол кісі.

 

Шежіреде Бәйдібек бидің Зеріп есімді  әйелінен туған Жалменбет деген баласы үш әйел алғаны туралы айтылыпты. Олардың біріншісі бір ұлды өмірге әкелгеннен кейін қайтыс болған, сосын Жалменбет оның сіңлісіне үйленіпті. Кейін тағы бір әйел алған. Осы үш әйелден Шапырашты туыл­ған деп айтылады.

 

Жалпы, Ошақты бабаның нақты қай жылдары өмір сүргені әзірге анықталмаған екен. Ел арасында оның батыр, ел басқарған адам болғаны туралы сөз сақталған. Щедрин қария Ошақтының Жамбыл облысында тұратын ұрпақтары баба рухына арнайы үлкен ас беріп, кесене көтермек ниетте екенін айтады.

 

Өзара қыз алысуға рұқсат етіпті

 

Қазақтың жеті атадан аспай қыз алысуға тыйым салатын бір жақсы дәстүрі бар. Ертеректерде бұл тәртіп қатаң сақталған. Сол тәртіп бойынша Ошақтыларға да өзара қыз алысуға сонау ХІХ ғасырда рұқсат етілген екен. Бұл жөнінде Щедрин қария былай дейді:

 

«Біреулер Қожадан шыққан дейді, енді біреулер Ошақтының Тасжүрек атасынан шыққанын айтады – Бұлан деген кісі болған екен. Сол бірде Ошақтыларды жиып: «Шыққан жеріміз де белгісіз болып барады. Жеті атадан әлдеқашан астық. Өсейік-өнейік десек, енді қыз алысайық», – деп бастама көтеріпті де, сол жерде өзінің мініп келген астындағы ақбоз атын құрбандыққа арнапты. Ат сол жерде сойылып, құдайы ас беріліпті. Содан бері Ошақтылар өзара қыз алысатын болыпты. Ал Бұлан туралы ел ішінде: «Бұлан келді дегенше, лаң келді десейші» деген сөз қалыпты.

 

Қазіргі Келес ауданында Ошақтылар үш ауыл (Атақоныс, Жиделі, Бірлік) болып тұрып жатыр, әрқайсысында 200 – 300 шаңырақтан бар. Ошақты ауылында аздаған үй, Абай ауылында 50 үйдей Ошақтылар тұрады. Негізінен Байлы, Аталық, Тасжүрек, Қоңыр аталарынан таралғандар, өзара қыз алыса береді. Ошақтылар Түлкібас, Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарында да бар».

 

Жалпы, бүгінгі Ошақтылар Байлы, Тасжүрек, Аталық, Қоңыр болып 4 атаға бөлінеді екен. Олардың бәрі Насырхан Қуанышбекұлы Жұмағұл жазған Ошақты шежіресінде таратылып айтылған. «Бұл қомақты еңбек 1000-ға жуық бетті қамтиды. Оны ерінбей-жалықпай ізденіп жүріп жаз­ған Насырхан Жұмағұлға деген Ошақтылардың алғысы шексіз», – дейді Щедрин қария.

 

Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқиянымнан өзіме дейін» деп аталатын кітабында Ошақтының 29 атасының аттары көрсетілген екен. Ал Н.Жұмағұл шежіресінде 29-шы ұрпақ – Өреннен кейінгі Атшабардан өрбіген төрт атаның ұрпақтары таратылады. Шежіре «29 атадан кейін» деген сөзбен басталады.

 

«Кім біледі, кей аталарымыз аумалы-төкпелі замандарда жер ауып, басқа елдерге тұрақтап қалған да шығар. Түрлі сөздер бар ғой. Мысалы, тарихшы Сәбит Жолдасов бірде: «Қара теңіз жағалауында Ошақты атты мемлекет болған деген тарихи дерек бар», – деп еді», – дейді Щедрин қария.

 

Ол кісінің айтуынша, бір дереккөз­дерде Ошақтылардың бүгіндегі жалпы саны 160 мың адам деп көрсетілген екен. «Ол анықталмаған дерек болуы әбден мүмкін, – дейді бұған байланыс­ты М.Тоқанов. – Ошақты іргелі ру болған, сондықтан қазіргі саны 160 мыңнан әлдеқайда көп шығар деп шамалаймын».

 

Заттыбек достарымен өнер көрсетеді

 

Жалпы, Ошақты руынан шыққан белгілі азаматтар аз емес екен. Арғысы – әйгілі жауынгер-жырау Ақтамберді Сарыұлынан бастап, талай батырлар, белгілі адамдар өткен. Академик Өмірбек Жолдасбеков осы Ошақты руынан шыққан. Өмірбек Байгелді, Мырзатай Жолдасбеков, Жақсыбек Құлекеев, ақындар Әбдірахман Асылбеков пен Күләш Ахметова – осы рудың перзенттері. Бұдан басқа да өмірдің сан саласында еңбек етіп жүрген, жоғары лауазымдарға ие болған, ел ішінде абырой-беделі жоғары азаматтар көптеп саналады.

 

Ошақты баба рухына арнап ас беруге қатысты ұйымдастыру жұмыстары биылғы наурыз айынан бастал­ған екен. Әрине, мұндай ауқымды шаруаны ұйымдастыру оңай шаруа емес. Тиісті қаржыны жинаудың өзі үлкен мәселе.

 

Осы орайда Ошақты руынан таралған азаматтарға асқа арнап 5 мың теңгеден қаржы жинау жөнінде айтылыпты. Одан көп қосамын дегендерге қарсылық жоқ. 10 мың, 20 мың теңге қосса да өзі біледі. Дегенмен мұндай үлкен жиынға қомақты қаржы қосып жатқандар да баршылық екен. Мысалы, сайрамдық белгілі кәсіпкер азаматтар – ағайынды Мұхиддин, Шухрат, Еркін Музратовтар (Ошақтының Аталық атасынан) бұл асқа арнап 800 мың теңге қаржы беріпті. (Кезінде «Гелиос» кәсіпорнын, Павлодар мұнай өңдеу зауытын басқарған Шухраттың өзі Таразда Саңырық батырға арналған пантеон-ескерткіш ашыл­ғанда оған 16 миллион теңге берген екен). Сайрам ауданындағы Ошақты ауылынан шыққан Тастанбек Оразбайұлы деген азамат 500 мың теңге, «Ернұр-пресс» серіктестігінің президенті Ерлан Нұрмаханов пен мекеме басшысы Фархад Исақбаевтар әрқайсысы 100 мың теңгеден, Нағызбек есімді профессор азамат 50 мың теңге қосыпты.

 

Шымкентте берілетін астың шаруа­шылық жұмыстарын ұйымдастыру Сайрам ауданындағы Ошақты ауылының биі Нышанбай Әбілұлына жүктелген екен. Жұртшылық ол кісіге де істі үлкен жауапкершілікпен алып жүргені үшін риза.

 

Бүгінде елдің сүйікті әншісіне айналған эстрада жұлдызы Заттыбек Көпбосынұлы да – осы Ошақты руының перзенті. Зәкең өзінің өнердегі жолдастарымен бірге бабалар рухына арнап берілетін аста концерт береді екен.

 

...Ал Ошақты баба рухына арнап берілетін ас 19-тамыз күні түскі сағат 12.00-де Шымкенттің «Нұрсәт» шағын ауданындағы «Әсем» мейрамханасында беріледі. Оған Астанадан, Алматыдан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, еліміздің басқа да аймақтары мен Өзбекстаннан және Қырғызстаннан жүздеген қонақтар келіп қатысады деп күтілуде.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

Мұсатіллә Тоқановтың байланыс

телефоны: 8-701-365-01-38.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ