Шетелдік Шоқан Шымкентке келді

23.07.2018
Қаралды: 408

Осыдан 11 жыл бұрын өмірге келгеніне 8 айдан енді ғана асқан Шоқан есімді бүлдіршінді «Шымкент мамандандырылған бөбектер үйінен» АҚШ азаматы Каролин Лебрард бауырына басқан еді. Бүгінде Францияда тұратын ол нәрестеге Мельхиор деген есім берген екен. Араға жылдар салып сол Шоқан-Мехер туған жеріне, Шымкенттің «Күншығыс» шағын ауданындағы бөбектер үйіне келді. Бұл жаңалықты естігесін ол жерге барған біз онда ұйымдастырылған кездесудің үстінен түстік.

 

Шоқан-Мельхиор өзіне сенімді, сабырлы көрінді. Ұяңдығы басымдау екен, қысылыңқырап отырды. Өйткені бауырымыз қазақ топырағына осынша жылдардан кейін енді аяқ басып отыр.

 

Шоқан-Мельхиор шахмат, каратэмен шұғылданады. Ол Париж қаласындағы «10 аймақ» деп аталатын жердегі жекеменшік мектепте оқиды. Математика – сүйікті пәні. Ет пен айран, шелпек және манты – ең сүйікті тағамдары. Тілі французша шыққанымен екі ай көлемінде осындағы Ақтау, Қызылорда, Орал, Қарағандыдан шетелдік отбасылар асырап алған балалармен бірге өз ана тілін үйреніп жүр екен. Әзірше оның сөздік қорында қазақша «сәлем», «рахмет», «сау бол», «көк» және «ет» сөздері бар. Шоқан мүмкіндік болса елге келіп тұратынын айтады. Ол әсіресе Астана қаласына тәнті болыпты. Тіпті өскенде еліміздің бас қаласында тұрғысы келетінін де білдіріпті ұлтжанды бала анасына.

 

...Каролин Лебрард өзінің балалы бола алмайтынын білген соң балалар үйінен перзент сүйіп, бауырына басқысы келеді. Себебі оның әкесі де балалар үйінен. Болашақ сәбиінің қандай болуы керектігін ой елегінен өткізіп, әлі асырап алмаған баласының келешегін жоспарлап, бірнеше айлар қиялдайды. Сөйтіп, қаны мен көңілі таза қазақ ұлтынан бала асырамаққа ниеттенеді. Онда да салт-дәстүрді берік ұстанатын шырайлы Шымкентті таңдайды.

 

Қазақстанға алғаш сапарында жол ауырлығы, тілмаш іздеу, мекен-жайды табу қиынға соқса да Шымкенттегі «Күншығыс» шағын ауданындағы бөбектер үйін тауып келеді. Келіссөз жүргізу, жеке басқа қатысты тағы басқа бірқатар мәселелермен өз еліне қайтуына тура келеді. Десе де мұндағы балаларды көрмей қайтқысы да келмейді. Өтінішін мекеме басшысына айтып, рұқсат алған соң сәбилер бөлмесіне кіргенде бұған қарап жымиып, еңбектеген күйі қолын көтерген балақайға ықыласы ауады. Қасында болып, осының барлығын көріп тұрған тілмаш қыз: «Бұл – белгі! Бала сізді анам деп таныды. Әрекетке кірісіңіз», – депті елжірей.

 

Шоқанды бауырына алғанша асыққан 36 жастағы тұрмыс құрмаған Каролин енді кездескен мәселені оңай шешетініне сенеді. Екі айдан кейін «Қазақтың да ұлысың, менің де бауыр етім – баламсың!» – деп сәбиін мейірлене иіскеп, АҚШ-қа аттанады. Кейін олар Францияның Париж қаласына көшкен. Содан бері бар өмірін ұлына арнаған ана тұрмысқа да шықпапты. Тағы да бала асырап алу жөніндегі ойын Мельхиорге айтса, ол үзілді-кесілді қарсы болыпты. Ерке ұлының пікіріне құлақ асқан анасы содан кейін бұл ойынан бас тартқан екен.

 

Каролин жергілікті теледидардың бірінде жұмыс істейді. Ол бейнефильмдерге арнап мақала жазады. Кәсібі – журналист.

 

Жалпы, асырап алынған бала 18 жасқа толғанша екі елдің азаматы атанып жүреді екен. Яғни өзі туған жер мен тұрып жатқан мемлекеттің әрі бақылауында әрі қамқорлығында болады. Шоқан да солай. Кәмелеттік жасқа толғанда ғана бір елдің азаматтығын ала алады. Оның төлқұжатында «Шоқан-Мельхиор» деген есімдері мен Қазақстанның және Францияның азаматы деген жазулар бар. Кездесу барысында франциялық қонақтарды балалар үйінде туысын күткендей қарсы алды. Ондағы бүлдіршіндер концерттік бағдарлама ұсынды.

 

Шара соңында Салтанат Сақыбаева басшылық еткен ұжым Шоқан мен оның анасына сый-сияпат жасап, ілтипатпен шығарып салды.

 

 Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ