15 жылдан бері бала сүндеттеумен айналысады

21.07.2018
Қаралды: 1944

Жаймашуақ жаз күндері – көптеген маңызды жұмыстардың шешімін тауып жататын мезгіл. Жұртшылық баланы сүндетке отырғызуды да осы кезде іске асырады. Мұндайда сүндеттеу­ге маманданған азаматтардың да жұмысы көбейеді. Кешегі аптада біз сондай жандардың бірі – Шымкенттегі облыстық балалар ауруханасының қызметкері, жоғары санаттағы балалар хирургі Жақсылық Амантаевпен сұхбаттас болдық.

 

– Жақсылық, айтыңызшы, бүгінде сүндеттеудің қандай түрлері бар?

 

– Сүндеттеудің жалпы алғанда түрлі жағдайларда қолданылатын 200-ге тарта модификациялық, авторлық түрлері бар. Бірақ негізінен қолданылатыны бірнеше түрі ғана.

 

– Сіз өзіңіз сүндеттеуді қандай тәсілмен жасайсыз?

 

– Дәстүрлі тәсілмен және элек­трокоагуляция әдісімен іске асырамын.

 

– Дәстүрлі тәсіл дегеніңіз түсінікті: ауырсынуды басатын дәрі егіп, артық теріні қайшымен қырқып тастайды. Ал «Электрокоагуляциялық әдіс» дегеніміз не?

 

– Жұртшылық арасында оны «лазермен кесу» деп атап жүр.

 

– Оның балаға зияны тиеді деушілер көп қой. Бұған байланысты не айтасыз?

 

– Лазермен кесудің бала ағзасына ешқандай да зияны тимейді. Ол бар болғаны – электр тогын уақытша қолдану ғана. Яғни ол жарақаттанған жердің қанын тоқтатады.

Жалпы, электрокоагуляциялық тәсілмен сүндеттейтіндер көп емес. Олардың денсаулық сақтау басқармасынан рұқсат қағазы, сертификаты, арнайы құрал-жабдықтары болуы тиіс.

 

– Жұртшылық арасында осы екі тәсілдің қайсысына сұраныс басымырақ?

 

– Қайсысын қолдануды баланың туыстары шешеді ғой. Дегенмен көбісі лазерлік сүндеттеуге басымдық беріп жатады. Жалпы, мұның қай-қайсын қолданса да бала бір-екі күннен кейін еркін тұрып жүре береді. Кесілген жердің жарақаты тез бітіп кетеді. Өз басым оны бала ауырсынуды барынша сезбестей етіп, сапалы жасаймын.

 

– Сүндеттелетін баланы сізге апарады ма, әлде оны үйіне барып сүндеттейсіз бе?

 

– Бұл жағы бала сүндеттететін адамның қалауына қарай. Мұндай отаны ауруханада да, баланың үйінде де жасауға болады. Сүндеттелген баланы «Уатсап» желісі арқылы байланысып, қадағалап отырамын.

 

– Ауылды жерлерге шақырса, баруға мүмкіндігіңіз бола ма?

 

– Мүмкіндік болады. Уақытын келіссек болды.

 

– Мұндай іспен айналысып жүргеніңізге қанша жыл болды? Өзіңізді тәжірибелімін деп айта аласыз ба?

 

– Бала сүндеттеумен 15 жылдан бері айналысып келемін. Жақсы тәжірибе алғанмын деп айта аламын.

 

– Осы уақыт аралығында қанша бала сүндеттедіңіз? Есебін алып отырасыз ба?

 

– Нақты есебін алу ойда болмапты. Негізі жылына 100 – 150 баланы сүндеттеймін. Жалпы саны бірнеше мыңды құрайтын шығар.

 

– Осынша уақытта талай есте қалар оқиғаларды бастан өткерген де шығарсыз?

 

– Иә, түрлі оқиғалар болады ғой. Ұмытылып та кетеді көбі. Дегенмен жасы 37-дегі бір татар азаматын сүндетке отырғызғаным есте қалыпты. Оны ата-анасы сүндеттетпеген, өзінің де ойына кіріп-шықпаған екен. Кейін оған түсініксіз тылсым күш әсер еткен. Бір жайсыз түсті қайта-қайта көре беріп мазасы қашқан соң молдаға барып көрінсе, ол кісі сүндеттелуі керек екенін айтыпты. Әлгі азамат сүндетке отырған соң жағдайы жақсарып кетті.

Жалпы, сүндеттеуді баланың жас кезінде жасаған дұрыс. Кейін денесі қатайып кеткен жанға қиындау болады, хирургке де оңай емес. Дегенмен ондайларды сүндеттеуге болады.

 

– Маман ретінде көпшілікке қандай кеңестер берер едіңіз?

 

– Жалпы, сүндеттеу маусымы кезінде кей ата-аналардың баланы сүндеттеуді стоматологқа, гинеколог­қа, молдаға сеніп тапсыратыны бар. Бұл дұрыс емес. Себебі ондайлардың жұмысынан кейін түрлі асқынулар орын алған кездер болған. Сондықтан бұл істі арнайы курс­тан өтіп, маманданған балалар хирургіне немесе урологқа сеніп тап­сырған жөн дер едім.

Ал баланың өзін сүндеттеуге алдын-ала, психологиялық тұрғыда дайындаған абзал. «Мұсылман боласың, ересектер арасына қосыласың. Сүндет той жасаймыз. Бұл барлығымыз үшін үлкен қуаныш», – дегендей тұрғыда дайындаса, бала сүндеттелетін күнді күтеді, өзін іштей үлкендерше маңызды іске дайындайды.

 

– Сүндеттеген үшін алатын ақыңыз қандай?

 

– Арнайы қайшымен жасалатын дәстүрлі сүндеттеу ақысы – 5 мың теңге, электрокоагуляция тәсілімен жасалатынының құны 10 мың теңге тұрады.

 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Т. ТҰРАН.

Жақсылық Амантаевтың байланыс телефондары:

8-777-191-88-15, 7-778-344-30-19.

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ