Ерлер моншасында жап-жас қыздардың қызмет көрсетіп жүргені қалай?

21.07.2018
Қаралды: 426

Қазір моншаның неше түрі бар. Фин моншасы, орыс моншасы, шығыс хаммамы, құрғақ бу, сулы бу. Кейбір жерлерде «Сақ моншасына» түсу сәнге айналып үлгеріпті. 

 

 

Адамзатпен бірге келе жатқан моншаның да тарихы терең. Ежелгі грек-римді қозғамай-ақ, беріден қайтайық. 

 

1475-жылы ашылған Стамбулдағы Гедык Паша хаммамы әлі жұмыс істеп тұр. 1869-жылы қызметін бастаған Германияның Фридрихсбат моншасында қалыптасқан өзіндік рәсім бар. Кірген адамды 17 түрлі әдіспен шомылдырып, әбден сілесі қатқан байғұсты ұйықтатып, анасынан жаңа туғандай қылып шығарып салады екен. Берлин жастарының сүйікті саунасы – «Ликвидром». 2005-жылы ашылған бұл модерн-моншада заманауи музыканың жеті атасын тыңдап, билеп жүріп жуынатын мүмкіндік мол көрінеді.

 

Шанхайдағы «Сяо Нан Го Тан Хе Юань» моншасы бір мезгілде 1200 адам қабылдайтынын «Гугл-көкем» айтты. Дұрыс қой, осылай лаждамаса шұбыр­ған халқы шіріп кетер.

 

Сеулдің «Dragon Hіll Spa» моншасына кәрістер кемінде 12 сағаттық билет алады екен. Жастық пен үлбіреген бет-бейнеге әбден үйренген пенделер терілері бес түлеп түскенше буға қақталып, бет-аузын сылап-сипап жатады екен. 

 

Жер астынан атқылап жатқан  табиғи ыстық су көздеріне жағалай термалды моншалар салып тастаған Будапешт қаласы «Жуыну астанасы» атағына ие. Туристерді көптеп тарту үшін тоқсан түрлі айла-шарғы ойлап табатын жапон, голланд, грузин моншалары да назар аударуға тұрарлық. Мәскеудегі «Ржев моншасы», «Сандунов моншасы» дегендерге сол қалада біраз уақыт тұрақтаған кісілер түскен болар. Финляндияның 5,5 миллион халқында 3,2 миллион сауна-монша бар екен. Жыл сайын бу ішінде көп отырудан бейресми ел чемпионаты өтеді. Қайсы бір жылдары чемпион болған адамы жүлдесін алған бойда зорығып өлді. 

 

Алматының атақты «Арасан» кешеніне арнайы барып көрдік. Бес минут сайын «массаж жасаймын», «сыпыртқымен сабаймын» деп мазаны алғандар жеті әкесін түгендетіп алып жөндеріне кетті. Тәп-тәуір монша, тазалығы да жақсы. Бес-он мың теңгеңіз болса екі-үш сағаттан соң қызара бөртіп шығып тұрасыз.

 

Газет шолып отырып «Халал монша» деген жазуға көзім түсті. «Ассаляму алейкум уа рахматуллахи уа баракатух, құрметті бауырлар! Сіздерді «........» мұсылман ерлерге арналған монша кешеніне шақырамыз! Монша кешені шариат нұсқаулары бойынша жұмыс істейді. Қызметкерлер – ер адамдар» депті.

 

Стоп! Монша, базар мен дәретхана шариғат бойынша Ібіліс лағнетке еншіге берілген. Моншаға кіріп-шыққанда айтылатын дұғалар бар. Онда тыр жалаңаш жүруге, ретсіз сөйлеуге тыйым салынған. Аптасына бір рет ғұсыл құйыну парыз. Бұларды жұрттың бәрі біледі. Мені елең еткізгені – ерлер моншасында қызметкерлер ер адамдар екендігі.

 

Иә, мұсылман моншасында баяғыдан солай ғой. Тоқсаныншы жылдардың басында елімізден алғаш­қы студенттер Түркияға барды. Солардың бірі отбасы жағдайымен елге қайтып келіп, бізбен оқыды. «Монша бөлмелеріне, душқа жалаңаш екі-үшеуден кіріп кетеміз. Түріктер ала көзбен қарайды. Біз түсінбейміз. «Барлығың да көгілдірсіңдер ме?» – деп аң-таң қалады. Кейін түсіндік қой, біздің барғанымыз мұсылман моншасы екен. Бажайлап қарасақ, ешқайсысы жалаңаш емес. Солай білместің уын да ішкенбіз»,– деп басын шайқайтын. 

 

Басқа мыңдаған моншаны қайтеміз? Бала күнімізде моншада ылғи орыс кемпірлер болатын. Кішкене ұялсақ та үлкен әжелерге онша мән бермедік. Қазір қалалық жердің бәрінде ерлер моншасында жап-жас қазақ келіншектер, тіпті қыздар толып кетті. Кассада ғана отырмайды, ондаған жалаңаш еркектермен жағаласып жүріп монша тазалайды, массаж жасайды.

 

Жұрт мақтаған қоғамдық моншаның біріне барып едім. Жуынатын үлкен залда отыз-қырық жігіт жуынып жүр. Әрине, бәрі жалаңаш. Жиырмаға енді келген тазалықшы қыз аш бүйірін таянып қақ ортада тұр. Түк қымсынатын емес. Айналасына ішіп-жеп қарап мәз болып тұр.

 

Ұқсас картина есіме түсті. Атамның ауылында қатты малқұмар көрші әже болды. Түйе, қой-ешкілерінің жем-шөп жеп тұрғанына сағаттап рахаттанып қарап тұратын. Мына қыздың жүзінде де дәл сондай рай бар. Бұрынғының кісілері «Аш бәледен қаш бәле» дейтін еді, сол моншаның жолын ұмыттым.

 

Қазір монша көбейіп кетті. Көше сайын екі-үшеуі бар. Бәріне орыс әжелер жетпей жатқан болар. Бірақ аштан өлетін заман емес, әйел затына қолайлы, жалаңаш еркектер жоқ басқа да жұмыстар табылатын шығар. «Отбасылық күн» деп әке-шешесі, ұл-қыздары мидай араласып шомыла беретін еуропалықтардан біздің тәрбиеміз бөлек қой. Менталитет – мыңдаған жылдар бойы қалыптасатын рухани әлем. Бірден өзгеруі қиын. Менің өзгергім келмейді.

 

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ