Доллар өрге қарай домалап барады

21.07.2018
Қаралды: 170

Тамыз айы басталғалы доллардың құны көтеріліп тұр. Жалпы, оның «өрге қарай домалауы» өткен мамыр айынан-ақ басталып кеткен еді. Дегенмен 1 доллар бағамы содан бері 320 – 340 теңге аралығында «қалқып» келген. Ал осы айдың басынан бастап 1 доллар құны 350 теңгеден асты, ақырында 365 теңгеге дейін жетті.

 

Бұл жағдай бүгінде жұртты қатты алаңдатып отыр. Себебі ұлттық валютамыздың құнсыздануы әсіресе қарапайым халыққа ауыр тиеді, көп нәрселер қымбаттай бастайды. Оның үстіне кейбір сарапшылардың 1 доллар құны  400 теңгеге, тіпті 420 теңегеге дейін жетеді деген болжамы уайымды тереңдете түсті. Олар АҚШ тарапынан Ресейге жасалатын қысым күшейген сайын, рубль құнсыздан­ған сайын теңгенің де халі нашарлай түседі деген пікірде. «Теңге бағамын шектелген межеде ұстап тұруға Ұлттық Банктің қауқары жетпейді, өйткені Ұлттық қордың жағдайы да мәз емес», – дейді. Теңгенің «теңселуіне» бұдан басқа да ішкі және сыртқы факторлар әсер ететінін айтады.

 

«Альпари» сараптамалық департаменті директорының орынбасары Наталья Мельчакованың болжамынша, нарықта 2016-жылғы қаңтардағыдай ахуал орын алуы да мүмкін. Ол кезде 1 доллар құны 384 теңгеге теңеліп барып қайтқан. Яғни сарапшы доллар бағамы 380 теңгенің төңірегін шамалайды деген пікірде. Жағдайды санкция дақпырты да ушықтырып тұр, өйткені нарықтағылар бұл мәселені өте нәзік сезінеді, «солай болайын деп жатыр» дегеннен-ақ алыс-берісте валюта құбылуы орын ала бастайды.

 

«Телетрейд Групп» компаниясының сарапшысы Олег Богдановтың айтуынша, бүгінде Ресейдікімен қоса Түркияның, Латын Америкасының бірқатар елдерінің валюталары шатқаяқтап тұр. Бұлай жалғаса берсе, жағдай қиындай түспек. Егер де 1 доллар құны 380 теңгеге жетер болса, әрі қарай 400 теңгеге жетіп, одан да асуына жол ашылады.

 

...Міне, бүгінде осындай да жайсыз болжамдар айтылып жатыр. Дегенмен мұны уақытша құбылыс деп жұртты жұбатып жатқандар да баршылық. Ал кешегі сәрсенбіде доллардың теңгеге шаққандағы қарқыны біршама саябырсыды, ол 360 теңгеге дейін түсті.

 

Қысқасы, валюта нарығында осындай құбылыстар орын алып жатыр. Енді не боларын алдағы уақыт көрсетер.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ