Бір үшкірсе, көзіккен бала айығып кетеді

17.07.2018
Қаралды: 486

Бүгінде ел ішінде емші көп. Шипасы дарып, жақсы есімдері кең таралып отырғандар бар. Жақсы атымен танылған сондай жандардың бірі – Бәйдібек ауданында тұратын Сәрсенкүл Жүніс есімді емші. Оның үйіне қай кезде барсаңыз да ұзақ-сонар кезекке тап боласыз. Бір баласын жетектеп, екіншісін көтеріп, үшіншісін әкесі ұстап, апасының «сүф» дегенін күтеді.

 

Сәрсенкүл апа – ауылдағы сынықшы Мақпан деген кісінің сыңары. Бірі сынықшы, бірі емші егіз бауырлар дертті жандарға дем беріп, алғыс алып келеді.

 

С.Жүніс 1998-жылға дейін қазақшылықты мойындамай, бір күні қатты науқастанады. Төсекке таңылып, ас-ауқат ішуден қалады. Сондай азапты күндердің бірінде бақилық болған әкесі түсіне кіріп, аян береді. «Адам қара, шипа дарытып емде!» – деген әкесі батасын да бере кетеді. Сол күні ол кісі таңертең өзін әлдеқайда жеңіл сезініп, ауруынан да айығып ояныпты. Алақандары от болып, бойындағы күшті сезінген соң адам қарауға бел байлайды. Бірақ науқасты қалай қарайды? Бұған жұрт сене ме? Аяқасты өзін емшімін деп айтса, таныстары күлмей ме?

 

Осындай сансыз сұрақтарға жауап таппай жүргенде Сәрсенкүлдің өзінің ұлы сырқаттанып қалады. Баласының ішіне қолын қойып, көздерін жұмып, білген сүрелерді айтып болған соң тәспі қайырады. Сосын үш рет үшкіреді. Жарты сағаттан кейін ұлы жүгіріп кеткен.

 

Содан көп ұзамай апаға қасиет қонғанын естіген көршілері келе бастайды. Осылай ауыл-ауылдардан науқас балаларын, суықтаған әйелдерін ертіп адамдар келе береді.

 

«Емшілік – үлкен қасиет, жауапкершілік. Онымен ойнауға, саудаласуға болмайды. Жалпы, өзінің емшілік қасиетін саудаға салғандар бәрібір де оңбайды.

 

Мен адам қарай бастағаннан жолымды байлағысы келетіндер табыла кетті. Үйімнің сыртына қыл-қыбыр тастап, күл төгетіндер, емделетін сыңай танытып, кілем, көрпешелерімнің астына оқылған заттарын қалдырушылар көбейді. Алғашқыда мән бермей, қолыммен ұстап, ертеңіне орнымнан тұра алмай қалатынды шығардым. Сөйтсем, қара ниеттілердің зиянкестігі еңсемді басып, тұрғызбайды екен ғой.

 

Жиырма жылдан бері мұндайлардың талайын көрдім. Сақтанып жүруді ұмытпайтын болдым. Алдыма кісі келсе, көңілім тартпай ма, оны емдемеймін», – дейді Сәрсенкүл емші.

 

«Қашан көрсең, алдына келген адаммен туысындай сөйлесіп, аңқылдап отырғаны. Кісіге деген ешқандай алабөтен ойы жоқ. Кейбір кірпияз жандар Сәрсенкүлдің қарапайым киімі мен үйін сынап, мұқат­қысы келіп отырғанын талай рет естігенмін. Ал емші оған ешқандай көңіл аудармайды, бар ойы – науқасты ауруынан сауықтыру. Әсіресе ауырған баланы ол кісі бір түкірсе болды, балақайыңыз ойнап кетеді. Оның көңілінің тазалығына дән ризамыз. Осы күнге дейін бұл емшінің пәлен теңге тастап кет дегенін естімеппін. Бергеніңді алады», – дейді ол кісіге көзіккен немересін көрсетуге келген Сәбира апа.

 

Бұл пікірді бірнеше айдан бері бір аяғын баса алмай қалған Нұрлан, тұмауратқан қызын қаратып жүрген Жанар да қоштады.

 

Табиғаты қарапайым, жүрегі ашық апай он құрсақ көтерген екен. Бірақ белгісіз себептермен бесеуі шетінеп, қалған үш ұл, екі қыздың тілеуін тілеп отырған жайы бар. Құдай қосқан қосағы Құндызбаймен тағдыр теперішін көп тартып, бірге жеңуде. Бүгінде тұрмыстағы қыздарынан туған жиендерін иіскеп, бұл күніне шүкірлік айтып отыр.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ