«Майды әбден қарайған соң ғана ауыстырамыз», – дейді чикен пісіретін жігіт

16.07.2018
Қаралды: 454

Бүгінде ақшаңыз болса кез-келген жерден тамақтануға мүмкіндік бар.  Көпшілігіміздің көшедегі жеңіл астың сапасына мән бермей, сатып алып жейтініміз жасырын емес. Кейде  ұшынып, мұрттай ұшып, ауруға жол беріп алатын кездер де болады.

 

Бұрын «Жұтқан – жұтамас», «Ас тұрған жерде дерт тұрмайды» деп, тіпті «Аққан судың арамы жоқ» деп тамаққа сылқия тойып, арықтағы ағын суды қанғанша ішсек те ауырмайтынбыз. Ал дәл қазіргі уақытта бұл мақалдар жүрмейді. Себебі көшедегі кей сауда орталығында сатылатын лаваш, чикен, грильде адам денсаулығына зиянды улы таяқшалар қаптап жүр. Саудагерлер кірлеген алжапқышқа қолын сүртіп, беті ашық, шаң қонған тағамды қолын жумай сізге ұстатады. Оның тағы басқа не ұстағанынан біз бейхабармыз ғой.

 

Ашық сауда орнынан күніне қаншама адам, көлік өтеді. Айналаның барлығы шаң-тозаң. Ал жаздыгүні ұшқан шыбын-шіркей, тағысын тағыларды ойлаудың өзі жиіркенішті. Тағамның тазалығына көз жеткізіп алмай, сүйсініп жеп кете береміз.

 

Шымкенттегі чикен сататын сауда орындарының бірінде өзіміз куә болған жағдайды баяндап берейік.

 

Қалада көпке танымал болып үлгерген аталмыш тағамды сататын орынға біз де бардық. Кезек едәуір баршылық екен. Назарымыз – аузы мен қолы бірдей қимылдайтын аңқылдаған сатушыда. Жұмысына әбден машықтанғаны шапшаң қимылынан байқалады. Ылдым-жылдым қозғалысымен көпті тәнті етіп тұрмын-ау деп ойласа керек. Жасы үлкендеу әйел: «Балам, күніне неше литр май тауы­сасыңдар? Бұл жердің тазалығы сын көтере ме?» – деп сұрағанда алғашқыда сасқалақтап қалды. Бірақ лезде ойын жинақтап: «Апай-ау, күніне жүз адам келсе, жүз литр май ауыстырмайтын шығармыз. Бұл «убытка» ғой. Май қарайған соң ғана ауыстырамыз. Біздің орнымызда өзіңіз болсаңыз да солай етер едіңіз. Ал тазалыққа ешкім мін таға алмайды. Бұл жер кірден көрінбейтін болса қаланың жартысы бізден тауық етін жемес еді», – деді ыржалақтай.

 

Оны адам денсаулығының мүлдем алаңдатпайтыны берген жауабынан-ақ белгілі болды. «Қаланың жартысы келеді» деген жа­уабынан кірісінің жетерлігін, «тазалыққа ешкім мін тақпайды» деуінен тексерушілерді уысында ұстайтынын түсінгендей болдық.

 

Бұл бір ғана өзіміз куә болған жағдай. Шымкентте мұндай сауда орындары мыңнан асады. Осыған қарап-ақ денсаулығымызға қандай зиян шектіріп отырғанымызды бағамдай берейік.

 

М. ДАНА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ