Ирандағы ахуал ушығып тұр

15.07.2018
Қаралды: 188

Иранда биылдыққа үшінші мәрте халық толқуы басталды. Елдің Тегеран, Шираз, Кередж, Кум қалаларында үкіметке қарсы шерулер болып өтті. Жұртшылық  Президенттің, Вице-пре­зиденттің, дінбасы – аятолланың қызметтен кетуін талап етуде.

 

Кейінгі жылдары Иранның ішкі саяси ахуалы  ширығып тұрғаны белгілі. Онда әлеуметтік-экономикалық дағдарыс орын алуда, қарапайым халықтың тұрмыс жағдайы нашарлап барады. Оның үстіне АҚШ-тың өткен 4-тамыздан бастап экономикалық санкцияларды күшейтуі жағдайды тым құлдыратып жіберді. Иран валютасы – риалдың құны қатты түсіп кетті. Елде судың, электр қуатының жетіспеушілігі тереңдеп барады. Сыбайлас жемқорлықтың өрістеуі де халықтың зығырданын қайнатып жатыр.

 

Міне, осы жағдайлардың бәрі Иран халқын көшелерге шығып, өз наразылығын білдіруге итермелеуде. Бұрынғы шерулер кезінде жұртшылық Президенттің, Вице-президенттің орнынан кетуін талап етсе, енді елдің жоғары рухани басшысы – аятолла Хаменеиге де ашықтан-ашық кет деп, тіпті оған өлім тілеп жатыр. Иран қоғамын терең дағдарыс әбіржітіп тұр.

 

Иранның Ирактағы, Сириядағы, Таяу Шығыстың басқа да бірқатар ел­деріндегі режимдерге материалдық және әскери көмек беруіне жұрт үзілді-кесілді қарсы. Қаржыны босқа шашпай, өз жөнімізді түзеп алайық дейді. Бірақ геосаяси жағынан Иран билігінің ондай шаруамен айналыспасқа да лажы жоқ. Өйткені ол жақ­тардағы позициясын беріп қойса, сыртқы саясаттағы тиімді тұстардан айырылады, ондай жағдайда Иран билігіне қауіп күшейе түседі.

 

Бір кездері ядролық мәселеге байланысты Батыс елдерімен аздап келісімге қол жеткізген Иранның жағдайы біршама түзелгендей бол­ған еді, енді қайтадан ушығып тұр. Елдің ішкі жағдайы жақсы емес. Бұл өз кезегінде Иранның сыртқы жауларын қатты қуантуда.

 

Қысқасы, Иран өте қауіпті жағдайдың алдында тұр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ