Үйді ұры түсе алмайтын етуді ескертеміз

15.07.2018
Қаралды: 119

Таяуда Арыс аудандық ішкі істер бөліміне қала тұрғыны түнде үйіне белгісіз біреулердің түсіп, ақша, телефон және ноутбук ұрлап әкеткені туралы шағымданған еді. Яғни ұрылар оған 1 миллион теңге көлемінде шығын келтірген.

 

Осы оқиға бойынша жедел іске кіріскен іздестіру тобының қызмет­керлері Ордабасы ауданының тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Ол өзінің аталған қылмысқа қатысы барын мойындады. Полицейлер оның Шымкент қаласында жасалған бұдан бас­қа тағы да екі ұрлыққа қатысы барын анықтады. Бүгінде бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

 

Осыған орай Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарын өз дүние-мүлкіне абай болуға шақырады. Жұртшылыққа айтарымыз: құнды заттар мен ақшаны оңай жерде ұстауға, үй есігі мен терезелерін ашық қалдыруға болмайды. Лажынша темір тор мен темір есіктер қойылуы керек, дабыл қаққыштар мен бейнекамералар орнатыңыздар. Ал ақша мен құнды заттардың қай кезде де бөтен адамның қолы жетпейтін жерге қо­йылғаны абзал.

 

Облыс полицейлері ұрылардан жапа шеккен немесе олардың ісіне куә болған жандардың бұл жөнінде тез арада «102» нөміріне телефон шалып, хабарлауын сұрайды.

 

Түркістан облысы ішкі істер департаментінің

мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ