Мектеп формасының ұлттық нақышта болуын талап етейік

17.07.2018
Қаралды: 413

Басқа елдің азаматтары мамыр айы аяқтала сала (әсіресе орыстар мен түрік ағайындар) базардан ең таң­дау­лы матаны сатып алып, асықпай-саспай жібін санап, тігісін таңдап, түймесін қадап, баласын мектепке да­йындап отырады.  Ал бізде ше? Шіркін, қазекеңдердің мектепке баланы дайындауы тұнып тұрған тарих қой!

 

Ерте қимылдауға болмайды бізге. Күннің ыстығында сабаққа екі апта қалғанда балаларды жұлмалап базар­ға немесе сауда орындарына сүйреп, сабылады. Әбден сілесі қат­қан соң қолына түскенді іле салып, ол бір жуғасын тылтиып шығып, ұрынып қалғанын сол кезде түсінеді. Сосын жүреміз бір тоқсан аяқталғасын баласын жұртқа жамандап: «Киімді қалай болса солай киеді, бір жылға жеткізбеді», – деп.

 

Осы орайда өндірушілерден балаға неге ұлттық рухта тәрбие беретін, мақтанып киіп жүретіндей ұлттық нақыштағы ою-өрнегі бар мектеп киімін талап етпеске деген де ой келеді. Қайдағы бір «эмблема» мен «значоктардың» қадалғанын абырой көреміз бе, әлде әйтеуір «мода» болса болды дейміз бе?

 

Ою-өрнегі бар киімді киген балада ұлттық таным, патриоттық рух өз-өзінен пайда болып, ол соған лайық әрекетке ұмтылады емес пе? Өз Отанымызда жүріп өзіміз сұраныс жасамасақ, біздер талап етпесек, кімге керек ұлттық байлығымыз?

 

Тағы да айтпағым, «GLASMAN», «ANGElHOR», «ЕРКЕНАЗ», «СЫМБАТ» секілді мектеп формасын саудалайтын орындардан жейде, кеу­дешелердің омырауына ұлттық нақышты айқындап тұратын титтей болса да белгілер қойылуын талап етейік! Барлығымыз біріксек, бұл мәселе шешіледі.

 

Мен осыны қолға алып, «Сымбат» сән үйіне және «Феберлик» компаниясындағы («Феберлик» сауда белгісінен де жақсы мектеп формалары шығатынынан хабардар боларсыздар) тігінші­лерге ұсыныс түсіріп отырмын. Биыл­ғы оқу жылына үлгеріп, спорттық үлгідегі киімдерді де ұлттық нақышта шығарыңыздар деп өтініш білдірдім. Тіпті дизайны мен ою-өрнек макетін өзім тауып беріп, көмек қолын созуға да­йын екенімді жеткіздім. Бұған өзім де қуандым.

 

Алғашқы қоңырауға дейін тұп-тура бір ай бар. Ендеше, қазірден бастап балаларымызды ең сапалы, қолжетімді мектеп формаларымен, ұлттық нақышта киіндіріп қоюға әрекет етейік. Сіз бен бізге қарап қоғамның басқа мүшелері де ойланып, үлгі алатынын ұмытпайық!

 

Б. ЕРКІНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ