Сатқанбай ата айтқан сыр

16.07.2018
Қаралды: 221

Отырар ауданының Молыке Шойманов атындағы ауылында  Сат­қанбай Қашқынбекұлы Баймұса есімді ерекше қария тұрады. Сатқанбай қария – «Замананың» жиырма жылдан бергі тұрақты оқырманы. Құлағы бала кезінен естімейтін болса да адамды қас-қабағынан танитын, көзі ашық, көкірегі ояу жан. Әңгімелесе қалсаңыз (әрине, жазып сөйлесесіз), тарихтан көп-көп хабар аласыз. Өзі – кәсіби құрылысшы. Кезінде талай үлкен құрылыстарды салуға атсалысқан, жауапты қызметтер атқарған бұл қария туралы Құрылысшылар күніне (тамыздың екінші жексенбісі) орай бір мақала жазуды ұйғардық.

 

Құлағын қатты суықтатып алған екен

 

Сатқанбай қарияның туған жылы құжатта 1938-жыл деп көрсетілгенімен ол кісінің нақты жасы бүгінде 83-тен асқан көрінеді. (1935-жылы өмірге келгені жөнінде ата-анасынан естіген екен). Ұлы Отан соғысы кезінде «Сталинабад» деп аталған ауылдарындағы бас көтерер азаматтар майданда жүргендіктен 1944 – 1945-жылдары 8 – 9 жастағы балалардың бәрін колхоз жұмысына жегіпті.

 

«Жазда атқа жегілген соқамен жер жырттық, мақта егуге, оның шабығына, ауыр құрал-саймандармен мақталық арасына «борозда» салып, культивациялауға, малдың қысқы азығын даярлауға көмектестік, – дейді қария сол қиын шақтарды есіне алып. – Таң атқаннан күн батқанша жұмыста болатынбыз, жазда ол 15 – 16 сағатқа дейін созылатын. Тереңдігі 1,5 метрдей етіп қазылған жеркепелерде тұрдық. Астынан су шығып кететіндіктен тері төсейміз, үй ішін шөлмекке құйылған керосинге мақтадан пілік жалғап жағып жарықтандырамыз, пілік түбін қамырмен жақсылап бекітеміз. Күз бойы мақта терімінде боламыз, түнімен үйге түсірілген көсекті аршимыз. Ал қыста колхоз малына қараймыз, оны жаямыз, жем-шөбін салып, қора тазалаймыз. Қысқасы, бұғанамыз қатпаған кезден ауыр бейнетке аралас­тық. Осындай жұмыстарға мектепті бітірген 1955-жылға дейін атсалыстым».

 

Қарияның құлағына сол кездері, 3-сыныпта оқып жүргенінде қатты суық тиіпті. Содан көп ұзамай құлағы тіпті де естімей қалған.

 

Жоғары білімді, мықты маман болған

 

3-сыныпқа дейін жазу-сызуды меңгеріп алған бала Сатқанбай кейінгі білімді өзінің табандылығының, білімқұмар­лығының арқасында меңгеріпті. Оқу бағдарламасынан қалмай, үлгеріп отырған. Өкініштісі, ол – ауыл түгілі қалаларда медицинаның жағдайы мәз емес кез, оның үстіне тексеріліп, емделуге мүмкіндік те аз. Сондықтан құлақ мүкістігіне бас сүйегі ішіндегі қан қысымының қалыпсыздығы, дисциркулярлық энцефалопатия сияқты қосымша дерттер де жамалып, денсау­лығы нашарлай түскен. Бірақ бала Сатқанбай оған да мойымапты. 10-сыныпта оқып жүргенінде ауылына келген біреулерге еріп Ташкентке барады, сонда құлағына екі мәрте күрделі ота жасатқан, бірақ одан ешқандай да нәтиже болмапты.

 

Отырарлық Сатқанбай Баймұса мектеп бітіргесін Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтының тау-кен факультетіне түспекке әрекеттенеді, бірақ емтиханды жақсы тапсырғанымен талапкерлер көп болғандықтан конкурстан өте алмай қалыпты. Содан институт берген анықтамамен Ташкенттегі гидро­мелиоративтік техникумға оқуға түскен. Білім берудің өзбек тілінде жүргізілгеніне, оқулықтардың да өзбекше болғанына қарамастан оқуды қызыл дипломмен бітірген. Сосын сол кездері салынып жатқан «Бөген» су қоймасына су құрылысы техникасының механигі болып орналасқан. Әрине, бұл жерде де жұмыс­тың жеңіл болмағаны белгілі. Ол осында жүріп суықтап тағы да ауырады, ревматизмге, одан жүрек талмасына ұшырайды. Сол кездері ол Кавказға, Кисловодск жаққа екі мәрте жолдамамен барып, емделіп қайтқан екен. Қарияның ол кезде және одан кейін де ем іздеп жүріп көрген-білгендерінің өзі бір тарих. Қазақстан емдеу-сауықтыру орындарынан басқа Мәскеуде, Киевте, Ессентукиде, Ялтада, Алуштада, Грузияның «Цхалтубо» шипажайында емделген. Үмітін үзбей, бертінде, 2010-жылы Шымкентке Германиядан келген Ойман деген атақты неміс отоларингологына көрінген,  2012-жылы АҚШ-тан арнайы келген ғалымға да көрініпті. Ақырында құлақ кінәратына ешқандай да ем қонбайтыны туралы естіген, құны 1 миллион теңгеге жуықтайтын арнайы құрылғы алуға кеңес берілген екен, оны алуға мүмкіндігі болмапты.

 

«Құрылыс жұмысы ауыр тие бастағасын 1962-жылы Қазақ Мемлекеттік уни­верситетіне құжат тапсырдым, оқуға түсіп, «Өнеркәсіпті жоспарлау» мамандығы бо­йынша бітіріп шықтым, – дейді қария. – Сосын Шәуілдірдегі жылжымалы-механикаландырылған колоннаға (ПМК) экономист болып орналастым».

 

Кеңестік кезеңдегі тәрбиені, тәртіпті көрген Сатқанбай қария қай жерде болса да адал еңбек етіпті, тіпті әділдік үшін арпалысқан кездері де жоқ емес. Мысалы, «Балтакөл» шаруашылығына сақпанға барған 10 – 15 жұмысшыға сол жақтан ақы алды деп негізгі жұмыс орнынан жалақы төленбей қалғанда кәсіподақ қызметкері ретінде араға түсіп, оларға ақша төлеттірген екен.

 

Қысқасы, Сатқанбай Баймұса бала кезден құлағы естімейтін мүмкіндігі шектеулі жан болса да әрекетсіз қалмай, ізденіп, білім алған, сол білімнің арқасында талай жауапты қызметтер атқарған екен. Шәуілдірден Түркістандағы құрылыс материалдары комбинатына ауысқасын онда экономист, жоспарлау бөлімінің, жоспарлау-өндірістік бөлімінің бастығы болып еңбек еткен. Ал бұл комбинат кезінде «Шардара», «Сырдария» су қоймалары, «Ертіс – Қарағанды» каналы сияқты алып құрылыстарға қажетті өнімдер шығарып тұрған. Яғни бұл ауқымды шаруаларда да Сатқанбай қарияның өзіндік еңбегі жатыр.

 

Кейін ол кісі «Арыс – Түркістан» каналы бойындағы Тимирязев, Исаханов, Спатаев атындағы шаруашылықтарға, Көкарал мен Ескі Иқанға қызмет еткен Төрткүл ауылындағы арнайы жылжымалы-механикаландырылған колоннаға ауы­сыпты, сонда жоспарлау бөлімінің бастығы болып 8 жыл жұмыс істеген, онда 5 жыл бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметін де атқарған. Жұмыс барысында сол кездері Бөген аудандық партия комитетінің 2-ші хатшысы болған Сергей Терещенкомен, хатшының көмекшісі Же­ңісбек Мәуленқұловпен қызметтес болыпты.

 

«1984-жылы кәсіпорынды Шымкентке жақын болсын деп Темірлан ауылына көшірді. Мен қолымда қарт ата-анам болғандықтан өзіміздің ауылға қайттым. Қоғамдық тамақтандыру орнында экономист болып істедім. Арада он жыл өткесін ол тарады. Сөйтіп менің қызметтік карьерам да аяқталды. Жалпы еңбек өтілім 40 жылды қамтиды», – дейді Сатқанбай ата.

 

Жасы 60-ты алқымдағанда үйленіпті

 

Отырарлық Сатқанбай Қашқынбекұлының өмір жолы осындай екен. Таңқалатын, үлгі алатын, өнегелі, абыройлы жол десек болады. Еліміздің өткенінің, өсіп-өркендеу жолының куәсі болған мұндай жандардың әңгімесі қанша тыңдасаң да жалықтырмайды ғой. Бірақ ол үшін уақыт керек. Сол себепті біз Сатқанбай қарияның қысқаша өмірбаянын ғана қамти алып отырмыз.

 

Қарияның аңқылдаған ақкөңіл жан екені көрінеді. Сөз арасында отбасылық жағдайы туралы сұрағанбыз, қарияның айтқаны бізді тағы да таңқалдырды.

 

«Үлкенім Қуаныш 1992-жылғы, Астанадағы агротехникалық универ­ситетті бітірген. Қазір Қоғам ауыл округі әкімдігінде бас маман болып жүр, – дейді ол кісі. – Кіші ұлым Сәкен 1997-жылғы, Астанадағы Қазақ Мемлекеттік технология және бизнес университетіне грантпен оқуға түскен, сонда жоғары курста оқиды. Кенжеміз – қыз бала, есімі – Ақмарал, биыл 11-сыныпқа барады».

 

Атаның жарының есімі – Рыскүл, оның жасы биыл 48-де. Яғни ол кісі Сатқанбай қариядан 35 жастай кіші. Еріне үш бала туып беріп, шаңырақтың берекесін кіргізіп отырған жайы бар.

 

Аузымызға келіп қалған сауалды ірке алмай: «Тіпті кеш үйленген екенсіз ғой?» – деген сұрағымызға: «Құлақ естімегесін қашан соны емдетіп аламын деп шапқылап жүріп үйленуді ұмытып кетіппін. Кейін бір қатарларымның баласы үйленіп жатқанда есіме түсті», – деп әзілдей жауап берді қария.

 

Кейін біз Сатқанбай қарияның ұлы Қуанышпен де хабарластық. «Көкем қай жаққа болса да баратын жағына еркін барып келе береді. Үйдегі шаруаларды да өзі атқарып тастайды», – дейді Қуаныш.

 

...Қысқасы, Отырар ауданында Сатқанбай Баймұса есімді өмірбаяны бай осындай қария тұрады. Ол кісінің өмірі мен қызметі көпке үлгі.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ