Алғабаста құдық суы тартылып, қиын жағдай болып тұр

14.07.2018
Қаралды: 141

Биылғы шілде қара қарғаның миын қайнатардың дәл өзі болды. Шілде айынан өтіп, тамызға да жеттік, әлі аптап ыстық басылар емес. Әсіресе Бәйдібек ауданына қарасты Алғабас ауылының тұрғындары аптап ыстықты айтарлықтай сезінуде. Көктемде арынды ағысымен мінез көрсететін Үлкен Шаян өзені жаз басынан саябырсып, таудан шыға берісінен арнасы қаңырап кеуіп кетті. Малды бұлақ басына кезекпен суаратын жағдайға жеттік.

 

Ағын суды айтамыз-ау, ауызсудың өзі тапшы болуда. «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді» деген мақал біздің ауылға, яғни Ағыбет ауыл округіне қарасты Ал­ғабас елді мекеніне тән болып тұр. Ауыл тұрғыны Білісбек Тұрсынбаевтың құдығынан он үй су алатынбыз. Ол құдық та биыл тартылып, бір-екі шелектен соң таусылып, лайланып қалатын болды. Сол су тұнғанын күткендерден біраз кезек түзілуде. Бұрын-соңды мұндай құбылысты құдық басынан байқамаған екенбіз.

 

Осындайда талай жанды аз да болса ауыз сумен қанағаттандырып отырған Білісбек ағамызға мың да бір рахмет! «Ұялған тек тұрмас» деп: «Алла қаласа, ауылға ауызсу жүйесін жүргізу биыл басталып, келесі жылы беріледі. Әзірге алғыс алып, келеңсіздіктерге сәл шыдай тұрыңыз», – деп те қоямыз көкеміздің үйіндегі жеңгемізге.

 

Иә, жаздың басында «Нұр Отан» партиясы филиалының қабылда­уында болып, тура осы мәселені көтер­генімізде осындай жауап алған едік. Жаз мезгілінен өтіп барамыз. Қырық күн шілде де бітті. «Сүмбіле түссе, су суыр» деген, сол су суыса өзен арналары қалпына келер, құдықтардың суы қайта көтерілер. Келер күннен күдер үзбей жақсылық күткен халықтың ұрпағымыз ғой, мұны ауылымызға ауызсу да келер деген үзілмес үмітпен жазып отырмыз.

 

Озатбек АЙГӨБЕК.

Алғабас ауылы.

Бәйдібек ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ