Біз неге үнемі арқаланып, әбігер болып жүреміз?

14.07.2018
Қаралды: 204

Бүгін сонау Алматыдан келе жатқан «хатунымды» «Нұрлы Жол» бекетінен қарсы алдым. Қайын жұрттан келген ет пен тамақ, ыдыс-аяқ пен көрпе-жастық – қысқасы, вагоннан бүкіл заттарды шығарғанда айналадағы елден ұялып кетеді екенсің.

 

Біреу білер, біреу білмес, бірақ «Нұрлы Жол» бекетінде пойыздардың қасына келіп тұратын «тачкамэндар» жоқ. Бүкіл жүгіңді өзің тасисың. Оның үстіне бекеттің қасына көлік қойғызбайды, көлігіңді алыстау жерге апарып қоюың керек.

 

Сол қайын жұрттың беріп жіберген сәлемдемесі мен зілдей ет салын­ған «коробкаларды» көлігіме дейін апара жатқанда самайымнан тер тобығыма дейін ақты. «Коробкалар» да скотчпен оралған, қолды кесіп кетеді. Ет те қайбір жеңіл нәрсе, бес-алты қадам жасайсың да, демаласың. Сондай сілікпем шығып, қара терге түскенде қасымнан бір орыстың қызы кішкентай ғана чемоданымен зып етіп өте шықты. «Эх, бұндай өмірден жизнь артық қой!» – деп самайымдағы бұршақ терді бір сүрттім.

 

Қазақ неге артынып-тартынып жү­реді? Қазақ неге жеңіл сөмкесімен «ақ адам» сияқты жүре алмайды? Қай пойызды қарасаң да Қытайдың ала сөмкесін зілдей толтырып алып, жүгіріп жүретін тек қазақ. Шабаданының дөңгелегі сынған, сөмкесінің бір тұтқасы жоқ, «коробканы» скотч­пен орап, қолды тіліп кететін «тұтқа» жасайтын да сол қазақ. Басқа ұлт өкілдерін қарасаң, кішкентай ғана сөмке, құрттай чемодан, сүйкімді ғана портфельмен жүреді. Көзің қызығады.

 

Біздің қазақ әлі көшпенділігінен арыла алмай, бүкіл затын арқалап жүретін сияқты.

 

Самат НҰРТАЗА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ