Алаяқтар да «заманауи» тәсілдерге бейімделуде

15.07.2018
Қаралды: 192

«Бипэк авто» компаниясының атынан телефон шалған менеджер менің автокөлік ұтып алғанымды хабарлады. Бірақ олар сертификат дайындауы үшін мен өз нөміріме 46 мың теңге бірлік салуым керек екен. Сіздерге де осындай хабарлама келді ме?»

 

Әріптесімнің әлеуметтік желідегі осындай жазбасынан соң оның өзімен тілдесуді жөн көрдім.

 

– Иә, бір-екі күн бұрын маған бір жігіт телефон шалып, өзін «Бипэк автоның» менеджерімін деп таныстырды. Ойнатылған ұтыс бойынша мен ұстап жүрген телефон нөмірі анықталып, менің 12 мың 500 доллар тұратын автокөлікті иемденгенімді айтып, құттықтады. Содан соң «31 арна», «Хабар», «КТК» телеарналарынан түсірілім тобы келетіндігін айтып, мекен-жайым мен ЖСН нөмірімді атауды сұрады. Сондай-ақ көлікке ие болу үшін өзімнің ұялы телефоныма сертификат дайындауға 46 мың теңге салу керектігін түсіндірді. Дәл қазір ондай ақшамның жоқтығын айтқанымда: «50 пайызын салуыңызға да болады», – деді. «Ойланып, жауабын бір сағаттан соң беремін», – дегеніме көнбей, он минуттан соң хабар кү­тетіндігін айтты. Әрине, мен аса сеніңкіремегендіктен ол соманы салмадым. Біраздан соң әлгі нөмірге қайта қоңырау шалғанымда телефон тұтқасын көтермей, қоңырауымды ба­сып тастап отырды.

 

– Неліктен олар 46 мың теңгені сіздің өз нөміріңізге салуды сұрады екен?

 

– Сол жағын өзім де түсінбедім. Көп сомадағы «бірлікті» қандай да бір жолмен өздеріне аударып алып, ақшаға айналдыратын болар, бәлкім. Себебі ұялы телефондағы «бірлікті» қазіргі күні ақшаға айналдыруға болатынын білетін шығарсыз? Демек, олардың ақшалы болудағы өз тәсілі бар деген сөз.

 

– «Бипэк авто» компаниясының өзіне хабарласып көрдіңіз бе?

 

– Әрине. Хабарласқанымда олар ешқандай ұтыс ойындарын ұйымдастырмағанын, мұның алаяқтардың ісі екенін, бұрын да мұндай жағдайлардың орын алғанын, жалпы, «Бипек ав­тоның» атын жамылушылардың көптігін айтып, сенбеуіме кеңес берді. Менің нөмірім «Билайнның» абонементі болғандықтан колл-центрге де қоңырау шалдым. Ондағылар бір нөмірді ұзақ ұстағанда осындай жағдайлар орын алуы мүмкін екендігін түсіндірді. Нөмірді жиі ауыстыра бермейтіндердің қатарында үйде отырған қыз-келіншектер, үлкен кісілер болатындықтан олардың сеніміне кіру де оңайырақ болады емес пе? Негізі сим-картаны 2-3 жыл сайын ауыстырып тұрған абзал екен, – деді Райхан.

 

Шындығында, алаяқтарды мықты психолог деуге болады. Себебі олар адамның сеніміне оңай кіреді. Көбіне олар адамның сенгіштігін, аңғалдығын, оңай олжаға қызығатын осалдығын, қаржылық сауатсыздығын жақсы пайдалана біледі. Кей жағдайда адамның әлсіз тұсын, қандай да бір нәрсеге мұқтаждығын өз пайдасына жарата алады. Алаяқтықтың түрі көп. Жоғарыдағы секілді автокөліктің орнына смартфон, теледидар, сол секілді тұрмыстық техникаларды «ұтып алдыңыз» дей отырып, «құжаттарды ретке келтіру», «тасымал жасау үшін көлік шығынын өтеу», «ұтысты рәсімдеу мақ­сатында» деген секілді түрлі сылтаулармен есеп-шотына ақша аударуды талап етеді. Содан кейінгісі де белгілі, әлгі адаммен байланысқа шығу мүмкін болмайды.

 

Немесе салоннан ешқандай әуре-сарсаңсыз екі-үш күннің ішінде су жа­ңа көлік, сол секілді ипотекаға үй алып беруге көмектесем деушілер пайда болуы мүмкін. Ол өзінің немесе туысының аталмыш компанияда жұмыс істейтінін, барлық құжатты еш қиындықсыз реттеуге болатынын түсіндіреді. Ол үшін құжат әзірлеуге белгілі бір соманы беру керек деп тәптіштейді. Содан соң қолдағы бардан айырылып, сан соққан күйде қала бере­тіндердің бірі болып шыға келу де демде.

 

Тағы бір түрі – алаяқ адам ақшалай несиені белгілі бір сыйақысына әп-сәтте алып бере аламын деп уәде етеді. Келіскендерге: «Пәлен банктегі пәленінші терезеде отырған адамға барыңыз, сол менің адамым», – деп жібереді. Шын мәнінде ол оны мүлде танымайды. Несие мақұлданып, белгілі бір соманы алған кезде жаңағы адам «көмектескені» үшін, яғни жалған делдалдықпен өзінің «үлесін» алып кете барады. Егер несие мақұлданбаса, «бір айдан кейін келіңіз» деп сыпайы түрде шығарып салады.  

 

Жоқ тауарды ғаламтордағы сауда алаңдарында «сату» – алаяқтықтың келесі бір түрі. Виртуалды тауарлар өте тиімді бағада, тиімді ұсыныспен көрсетілуі мүмкін. Көрсетілген есеп-шотқа ақша аударған соң бармақ тістеп қалатындар көп. Себебі тауар егесіне жеткізілмейді.

 

Бұдан да қауіптірегі – алаяқтарға жеке басқа қатысты мәліметтер мен банк реквизиттерін беру. Ғаламтор сайттары арқылы жұмыс іздеген ер адам жарнамадағы «жұмыс берушіге» хабарласқанда ол оның талаптарға сай келетіндігін айтқан. Сөйтіп, «төлем картасын жасату үшін» деп одан барлық қажетті жеке бас мәліметтерін алады. Нәтижесінде жұмыс іздеймін деп жүріп орнына өз атына несиенің рәсімделіп, аяқ астынан банкке қарыз болып шыға келгені – болған жағдай. Дәл сол секілді «жақсы жұмысқа орналастырамын» деп сыйақысын қалтаға басып, соңыра әлгі адамның зым-зия болып, жоғалып кеткен жағдайлары да жоқ емес.

 

«Жоғалу» демекші, жоғалтқан затыңызды іздеп, жарнамаға бергенде де абай болған жөн. Сіз іздеген нәрсені тауып алғандығын және бетпе-бет кездесуге жүрексінетіндігін («ұрладың» деп полицияға ұстап беруіңіз мүмкін ғой) жеткізеді. Сұраған сыйақысын берсеңіз ғана тауып алған затты бере­тіндігін айтады. Мұның да аяғы алданумен аяқталады.

 

Немесе ауырған бала, дертке ұшыраған адам туралы желіге ақпарат салып, ем-домына қаржылай көмек ретінде есеп-шотына ақша салуды сұрайды. Ал ол ақшаның шынында да қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Тіпті аталған адамдардың болмауы да мүмкін.

 

Әрине, шынайы қайырымдылық қорлары да бар. Бірақ адамның жанашырлық сезімін құлқынның қамымен өз пайдасына асырушылар да жетерлік.

 

Сол секілді сату үшін жарнамаға қойған тауарыңызды жалған «сатып алушылар» басқа қалада болып, ақшаны қолма-қол бере алмайтындықтан сіздің жеке шотыңызға аударатын болып келіседі. Түрлі алдаулармен картаның нөмірін және басқа да реквизиттерді біліп алған соң өздеріне белгілі жолмен картаға түскен барлық соманы алып отыратын болды.  

 

Бұларды санамалап отырған себебім де сол – адамдарды алаяқтардан сақтандыру. Бір нәрсені қаперге сақтаған дұрыс: Егер «ұтып алдыңыз» деген қандай да бір хабарлама келсе, сіз өзіңіздің ұтыс ойындарына қатысқан-қатыспағаныңызды еске түсіріңіз. Содан соң белгілі бір компанияның аты аталып жатса, алдымен сол мекеменің өзіне тікелей хабарласып, нақты ақпарат алу қажет.

 

Тіпті жоғарыда айтып кеткен түрлі қайырымдылыққа қаражат жинаушылар туралы да анық-қанығын білмей тұрып қорларына қаржы құймау керек. Тағы бір айтарымыз, өзіңіз көріп-білмеген зат үшін біреуге ақша аударуыңыз шарт емес. Көз жеткізіп алмай тұрып бөтен адамның қалтасын қампайтуға асықпаңыз. Оған қоса, танымайтын адамдарға пин-кодыңызды, есеп-шотыңыз туралы және жеке мә­ліметтерді бермеген дұрыс. Жалпы, кез келген «алдын-ала ақша аударулар» сізді ойландыруы тиіс.

 

Тағы бір ескеретін жайт, күмәнді бағдарламаларды компьютеріңізге енгізбеген абзал және бөтен адамдардан келген сілтемелер мен қосымшаларды ашпаған жөн. Олар да компьютерге, телефонға вирус кіргізіп, сол арқылы ақпарат ағынының орын алуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

 

Заңгер Баян Бекболованың айтуынша, алаяқтық орын алған жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалады. «Кінәсі дәлелденген жағдайда қылмыс жасаушының мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу мен екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады. Егер алаяқ­тық қылмыстық топпен және аса ірі мөлшерде орын алса, онда бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Егер алаяқтық екі немесе одан да көп адамға жасалған болса, заң бойынша үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не айыруға әкеледі», – дейді Баян ханым.

 

Алданған адамдар көбіне нақты дәлелдері болмағандықтан істің соңына дейін жететініне күмәнданып, құқық қорғау органдарына арыз жазуға ниеттене бермейді. Содан да болар, алдау мен арбауды кәсіп қылған жандардың көбейгені жасырын емес.

 

Иә, «сақтансаң, сақтайды» деген, қандай жағдай болмасын қадамымызды аңдап басқанымыз жөн болар. 

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ