Әкімнің ісі сотқа өтті

13.07.2018
Қаралды: 169

Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының әкімі Рашит Қайыпжановтың таяуда пара алды деген күдікпен ұсталғаны белгілі. Кешегі аптада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы оқиғаға қатысты түсірілген бейнежазба жариялады.

 

«Түркістан облысындағы Ордабасы ауданы әкімінің пара алғаны әшкере болды» деп жазыл­ған бейнежазбада аудан әкімін екі қызметкердің қолдарынан ұстап тұрғаны, тағы біреуінің автокөлік ішінде одан алынған 10 мың теңгелік ақшаларды санап, арнайы аспаппен тексеріп жатқаны түсірілген.

 

«Тенгри-ньюс» ақпараттық порталы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Н.Жахиннің бұған қатысты айтқандарын да жариялады. Онда: «Ұлттық бюро департаментіне жеке ұйымның қызметкері әкімнің заңға қайшы әрекеттері жөнінде шағымданған. Мекеме биылғы сәуір айында абаттандыру бойынша 2 миллион 200 мың теңгенің мемлекеттік тапсырысын ұтып алған екен. Кейін аудан әкімінің ұсынысымен бюджеттің үнемделген қаржысы есебінен тағы да 2 миллион 100 мың теңгеге қосымша келісім-шарт түзілген. Алайда аталған жұмыстар біткесін ақша аудару созбалаңға салынған, әкім қаржы кедергісіз аударылуы үшін мекеме өкілінен 200 мың теңге пара сұраған» деген сөздер бар.

 

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, Р.Қайыпжанов өзінің кінәсін  мойындап, өкініш білдірген, сондықтан қамауға алынбаған. Ол қылмыстық істің жылдамдатылған тәртіпте жүргізілуін өтініпті. Сондықтан іс 10 күн ішінде қаралып, сотқа өткізілген.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ