Кенияны көрген бар, көрмеген бар...

17.07.2018
Қаралды: 878

Бүгінде шет мемлекеттерге барып қайтушылар көп. Сөйлесе қалсаңыз, көрген-білгенін айтады. Дегенмен олардың қай-қайсысы болса да белгілі кәсіпкер азамат Марғұлан Сейсембайдай әсерлі, танымдық деректерге толы әңгіме айта алмайтын шығар. М.Сейсембай таяуда әлеуметтік желіде өзі барып, көп нәрсеге куә болған Шығыс Африкадағы Кения елінен көрген-білгендері туралы жариялады. Біз ол кісінің жазғандарын қызыға оқып шықтық, сосын оны оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.

 

Ең суық кез – шілде айы 

 

Екі күн бойы Кенияда демалыста жүрміз. Балаларымды жабайы жануарлардың табиғатта жүргенін көрсін деп арнайы алып келдім. 

 

Кения жөнінде шағын ақпарат:

 

1. Халық саны – 50 миллионға жуық адам.

2. Кенияда 60-тан астам табиғи қорықтар бар.

3. Аңшылыққа мүлдем тыйым салынған.

4. Туризм – экономиканың үздік саласы.

5. Жылына 3 миллионға жуық турист келеді.

6. Туристердің 60-70 пайызы – қытайлықтар.

7. Экватор Кенияны ортасынан қақ жарып өтеді.

8. Ауаның жыл бойғы  температурасы 26 – 28 градус жылы.

9. Ең суық ай – шілде.

 

Аң аулағанды өлім жазасына кеседі

 

Тағы бір керемет, ғажап күн өтті. 

 

Біз «Ol Pejeta» деген қорықтан «Masaі Mara» деген қорыққа келдік. Бұл қорық бірінші қорықтан алты есе үлкен. Ұшақпен ұшып келдік. Бұл жердің ерекшілігі – үлкен отельдер өздеріне ұшу алабын өздері салып алыпты. Сондықтан ешқандай әуежайға бармай, бір отельден екінші отельге ұшақпен қатынайды екен. Жолай білген ақпаратпен бөлісейін:

 

1. Кенияда пластик пакет қолданғаны үшін 38 мың доллар айыппұл салынып, оны қолданған адам төрт жылға абақтыға отырғызылады. Көшеде, табиғатта пластик пакет жоқтығының құпиясы сонда екен.

2. Кенияда аң аулаған адамға айыппұл емес, түрме емес, өлім жазасын қолданады. 

3. Егер аң атқан не аулаған адамды көрсе, оны ұстап, сотқа апарып әуре болмайды, сол жерде атып тастауы мүмкін. Өйткені сот оны бәрібір өлім жазасына кеседі.

4. Кенияда – толық демократия. Сот жүйесі тәуелсіз, Президент пен Үкімет жүйесі тәуелсіз, Парламент жүйесі тәуелсіз, бұқаралық ақпарат жүйесі тәуелсіз. Бәрі бірін-бірі қадағалайды. Оппозиция өте мықты. Сайлау науқаны кезінде кішкентай соғыс­қа да барады. Мысалы, кейінгі Президент сайлауының нәтижесімен келіспей, оппозиция сотқа беріп, сот Президенттік сайлаудың дұрыс өтпегені жөнінде қаулы шығарып, жаңа сайлау жариялады.

5. Жер жеке меншікке сатылады. Басқа елдің азаматтарына ешқандай шектеу жоқ. (Оларда демократия, коррупция бақылау астында, көршілері олардан күшті емес).

6. Осымен біз төрт күн жүрміз, бір маса жоқ.

 

Бір әйелдің құны – 9 сиыр

 

Кеше таңғы сафаримен масай тайпасының ауылына бардық. Тағы аз ғана ақпарат:

 

1. Кенияда қанша сафаридің түкпір-түкпіріне барсақ та барлық жерде 4G интернет «ұшып» тұр. Мен осы постымды айдалада, саваннаның ортасында жазып отырмын.

2. Масай – ол Кения мен Танзанияны қоныстайтын тайпа. Жалпы саны 3,5 миллионға жуық ел.

3. Масай тайпасы xристиандарға жатса да 15 жасында ұлдарды сүндеттен шығарады екен.

4. Масайларда он әйелге дейін алуға болады екен. Бір әйелдің құны – 9 сиыр.

5. Масайлар адамның атын оның туған уақыты мен маусымға қарай қояды екен. Мысалы, сіз жаңбыр маусымында таңертең өмірге келген болсаңыз, сіздің атыңыз «Жаңбыртаң» болады екен. 

6. Масайлардың діні бойынша Құдай оларға дүниедегі сиырлардың бәрін сыйлаған деп сенеді. Сондықтан масайлардың әскері сиырды көрген жерден айдап алып кетеді екен.

 

Миллиондаған жануар бір бағытта жөңкіледі

 

Африкаға баруымыздың басты мақсаты – Ұлы қоныс аударуды көру болатын. Бұл – Африканың ең үлкен, орасан зор оқиғасы. Миллиондаған аң-жануарлардың бір бағытта бірыңғай жөңкілуі. Екі миллионнан астам гну бөкендері, 800 мыңнан астам зебра, 1 миллионға жуық газель ешкілері мен басқа бөкен түрлері. Барлық жыртқыш аң-құстардың түрлері де осы жерде: арыстандар, гиеналар, леопардтар, гепардтар, шибөрілер, бүркіттер, қарақұстар, крокодилдер және тағы басқа көптеген жыртқыштар.

 

Кенияның әлемге әйгілі «Масай Мара» Ұлттық қорығы өзінің жабайы жануарлары тұралы түсірілген деректі фильмдердің арқасында танымал болды. Ең есте қаларлық кадрлердің бәрі гну бөкендерінің қоныс аударуымен, әсіресе олардың Мара өзенінен өту сәттерімен байланысты. Міне, біз тура сол жерге бет алдық.

 

Маусым айынан бастап, үш ай бойы миллиондаған бөкендер мен ешкілер Танзанияда орналасқан әйгілі Серенгети жазығынан өз сапарын бастайды. Қазан айында жануарлар тасқыны кері қарай жөңкіледі. «Тас­қын» деген сөз әсердің турасын жеткізеді. Жануарлар жақындағанда олардың шуынан, маңырап-мөңіреуінен ештеңе естілмей қалады. Әлсіреген жануарларға жыртқыштар әп-сәтте бас салады. Кейбір бөкендер шалынып құлап, оларды басқалары таптап, тұра алмай жатады. Қыж-қыж, быт-шыт, анда-мында болып жатқан қозғалыс.

 

Бұл ұлы қоныс аударудың апофеозы, ең әсерлі сәті – ол қолтырауын (крокодил) қаптаған Мара өзенінен өту сәті.

 

Мара өзенінде жарлары аласалау, суы саяздау және ені қысқа, өтуге жарайтын санаулы ғана жерлері бар. Осы жыл мезгілінде өзеннің осындай жерлеріне алуан түрлі қанатты жырт­қыштар мен қолтырауындар қаптайды. Қарсы жағаға шыға алмай, құлап, басқа бөкендердің тұяғының астына түсіп, тұра алмай жатқан бөкендер мың-сан. Қолтырауындар ондай бөкендерге назарын да аудармайды. (Олар жыртқыштың аузына түскенінше қозғалмайды ғой). 

 

Ұлы қоныс аудару – ол соншалықты әсерлі оқиға, оны көру үшін осы айларда Серенгети және Масай Мара жазығына дүние жүзінен мыңдаған туристер келеді. Біз болған уақытта Мара жағалауының бойында  туристер отырған 200-ден астам көліктер болды. Көліктер де ұлы қоныс аудару тасқынының бір бөлшегі болды.

 

Ұлы қоныс аудару – дүние жүзіндегі ең үлкен де ең ұзақ көштерге жатады. Бұл – 10 ұлы ғажаптардың ішіне кіретін оқиға. 

 

Бізде 2 миллионнан астам киік бөкені болғанда мен өзіміздің одан кем емес «Киіктердің ұлы қоныс аударуы» оқиғасына сан рет куә болғанмын. Әттең, өзіміздің ұлы оқиғамызды жойып алдық.

 

...P.S. Марғұлан Сейсембай Кенияда әуе шарымен де сафариге шығыпты. Жалпы, ол өз жазбаларына қоса Ұлттық қорық табиғаты мен жергілікті халық өмірінен көптеген суреттер мен бейнетүсірілімдер жария­лаған. Қарап отырсаңыз танымдық жағынан көптеген деректер аласыз. Жалпы, мүмкіндік болып жатса, шетелдерге шығып, мұндай нәрселерді көзбе-көз көргенге не жетсін!

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ