Арқалы ақын – 60-та

14.07.2018
Қаралды: 346

Жерлесіміз, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының,   халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Түркістан және Кентау қалаларының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Қасымхан Бегманов асқаралы 60 жасқа толды. Осыған орай бүгінде мерейтой иесін құттықтап жат­қандар өте көп.

 

Түркістаннан түлеп ұшқан

 

Ақын Қасымхан Бегмановтың жастық шағы Түркістан өңірімен тығыз байланысты. Ол 1958-жылы өмірге келген. Мектепті Түркістанға қарасты Бабайқорған ауылында бітірген. Кейін Алматыдағы Қазақ политехника институтында оқыған, оның машина жасау факультетін бітірген. Еңбек жолын Шымкенттегі троллейбус паркінде бастаған, онда жауапты қызметтер атқарған.

 

Ол кезінде Шымкент облыстық комсомол комитетінде қызмет істеген, Түркістан қалалық мәдениет бөлімін басқарған, тағы бас­қа да мекемелерде еңбек еткен.

 

Қ.Бегманов жастайынан өлеңді өзіне серік етті. Ол кейін «Жалын» журналының жауапты хатшысы, Жазушылар одағы жанындағы әдебиетшілер қауымдастығының бас директоры болды. Сондай-ақ Премьер-министр Кеңсесінде, Мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институтында, «Тұран-Әлем Банк», «БТА Банк» акционерлік қоғамдарында жа­уапты қызметтер атқарды.

 

Ақын Қасымханның алғашқы өлеңдері 18 жасынан-ақ баспасөз беттерінде жариялана бастаған, тұңғыш өлеңдер жинағы 1980-жылы жарық көрген.  Оның өлеңдері бірнеше ұжымдық жыр жинақтарына енген, бірнеше кітаптары шыққан. Өлеңдері қырғыз, өзбек, саха, түрік, орыс, қытай тілдеріне аударылған, әдебиет хрестоматияларына, қазақ поэзиясының антологиясына енген. Бірнеше өлеңдеріне ән жазылып, ел арасына тарал­ған. Ол сондай-ақ «Мұстафа Шоқай жолымен» деп аталатын және басқа да бірқатар тарихи-зерттеу еңбек­терінің авторы. «Дәстүр» журналының бас редакторы.

 

Ақынға арналған ақ тілек

 

Міне, ақын Қасымхан Бегмановтың өмір жолының, шығармашылық жолының белестері осындай. Бүгінде арқалы ақынның азаматтық болмысы туралы айтып жатқандар да көп. Сондай азаматтардың бірі – ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы  таяуда әлеуметтік желіде мынадай жазба жариялады:

 

«Атына қанық болғаныммен Қасымхан аға туралы көп біле бермейтінмін. Бірде Есағаң, Есенғали Раушанның Қасекең туралы шағын мақаласы шықты. «Іштеріңдегі ең мықтысы – осы Қасымхан», – депті Өтежан Нұрғалиев бір топ жас ақынға. Өтежан ағам айтса, Есенғали ағам жазса, қалай елеңдемейсің?!

 

...Ана бір жылы Ұлықбек ағаның алқауы­мен Өскеменге «Шығыс шынары» фестиваліне бардық. Түнімен дулаттық. Ішпегеннің бір пайдасы, таңертең ерте тұрасың. Таңғы асты ішуге төменге түссем, Қасекең отыр екен. Шай ішіп отырып көп әңгіме айттық. Ағамыздың бір қасиеті, өз өлеңдерін, өзіне дейінгі ақындардың жырларын жатқа оқи береді екен. Аға буын туралы қызықты әңгімелер айтылды. 

 

Бай достарының назарын ақын-жазушыларға қарай бұрып жүретін Қасекеңнің арқасында бір топ қаламгер бір жылы Жаркентте демалдық. Арқа-жарқа әңгімелесіп, шипажайды жыр-думанға бөлеген шақтардың салтанаты бөлек.

 

Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығына біздің елге барған сапарымыздың да әрбір сәті есте. Мен ғой сол топырақтың баласымын, Бауыржан Жақып күйеу бала, біздің ауылдың бар назары Қасекеңе ауды. Нөкістегі 80 жылдыққа арналған жиында «Бес саусағымдай Бесқалам...» деп арқаланып өлең оқыған ақынға жиналғандар ұзақ қол соқты. Туған жеріңді өлеңге қосқан, ақыныңды ардақтаған шайырды кім жек көрсін? Әсіресе жастар Қасекеңнің жанынан шықпай, үйіріліп жүрді. Кейбірі тіпті осы күнге дейін араласып тұрады. Бірсыпырасы ағамыздың көмегімен жұмыс тауып, атамекенге жетіп қалды.

 

Төлеген ағамның немересі үйленгенде Алматыға келген бір жас жігіт келе салып Қасекеңді іздепті. 

 

Біз барып кеткеннен кейін Ақтауға көшкен бір отбасы сәбилі болғанда баласына Қасымхан деп ат беріпті. Бегмановтың құрметіне!

 

Өмірін қарақалпақ еліндегі қазақ жырауларының мұрасын зерттеуге арнап, сол жиған дүниесін кітап қып шығара алмай кеткен Қаржаубай Жұмажановтың соңында қалған жауһарды жарқ еткізіп, оқырманның қолына ұстатқан да – Қасекең!

 

Сол Қасекең бүгін 60 жасқа келіп отыр. Құтты болсын, аға! Жұлдызыңыз жарқырай берсін!»

 

...Бүгінде 60-тың асқарына шығып отырған арқалы ақын туралы сыйлас, тұстастары осылай деп сыр шертеді. Осы орайда біз де Қасекеңді мерейлі мерекесімен құттықтаймыз, алпыстың асқарында да күш-қуаты еселеніп, абырой биігінен көріне беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ