Тұңғышын жақтырмаған ананың сыры

09.08.2018
Қаралды: 1364

Мен жек көрушілік сезімді екінші перзентім дүниеге келгелі бастан кешірдім. Бұл кезде үлкен қызым 5 жаста еді. Саналы әйел ретінде бұлай болмауы керектігін біле тұра ой түбіндегі сезімді тұншықтыруға тырыстым. Аналық махаббатымды көрсетіп, айналып-толғана алмаған соң ең болмағанда қымбат киімдер мен ойыншықтар әперейін, әжесімен қыдырып келсін деп шипажайларға жолдама да әпердім.

 

Біздің ара қатынасымыз өте суық еді. Маған сұрақ қойса қысқа жауап қайтарамын. Еркелесе төбе шашым тік тұрып, оған қатты-қатты сөздер айтып, алдымда дәл бір дұшпаным тұрғандай ұрып та тастайтынмын. Өзіме келіп, ашуым тарқаған соң осыншалық тасжүректігім мен тұла бойым тұңғышыма деген өшпенділігіме ботадай боздап жылап, іштей ғана кешірім сұрайтынмын. Он жыл бойы анадан қажетті махаббатты алу үшін қызым ән де айтып, теледидардан көріп үйренген билерін де билеп, барын салды. Осындайда санамның бір бөлігі «құшақта, еркелет, бауырыңа тарт» десе, екінші бөлігі «сүйкімсіз ғой, жаныңа жақындатпа, мүмкін бұл сенің қызың емес шығар» деген сөздерден арпалысқа түсіп, жынданып кете жаздайтынмын.

 

Бойымдағы арпалысты ешбір жанға, тіпті анама, жақын құрбыма да айта алмадым. Мені кім түсінер? Естіген заматта-ақ «мынаның есі дұрыс емес шығар» деп қаша жөнелмей ме? Оның үстіне кәсібі жандан­ған «бизнесвумендердің» қатарынанмын. Біреу-міреу біліп жатса, абыройыма нұқсан келе ме деп те қорықтым.

 

Осының нәтижесінде қызым ын­жық болып бойжетті. Өзін өз қатарластарымен салыстырып, жүзін төмен салып отыратын болды. Сыныбында дос болатындай сенімді құрбы таппай, ешкіммен сөйлескісі келмей, томаға-тұйық жүреді. Жаңа ортаға үйренісіп, достар табатын шығар деген үмітпен оқуды бітіргенше 5 мектепке ауыстырдық. Әрине, мұның барлығына әкесі жүгіретін. Қызының көңілі қалағанның бәрін жасап жүрді.

 

Маған тағы бір қиын соққаны –анам мен жұбайымның үлкен қызға жұмсағырақ болып, түсіністікпен қарауымды сұранулары. Тіпті кейде күйеуім  ауыр сөздер айтып жанымды одан бетер жаралайтын. Сырт көзге үлкеніме деген өшпенділігім байқалып тұрады екен. Мен ешкім байқамайды, білмейді деп жүрсем...

 

Өз санамдағы оспадарсыз ойларды игере алмай жүріп жасөс­пірімдердегі «өтпелі кезеңге» аяқ басқан қызыма: «Тыныш жүр. Өз-өзіңе мықты болып, тек өзіңе сен. Әлсіздер ғана санасын игере алмайды», – деп ақылгөйситінмін. Қызым күндердің күнінде айнаға жиі қарайтынды шығарды. Осы кезде оның бойжеткенін түсіндім. Көп ұзамай сөз салатын жігіттердің пайда болғанын екінші қызымнан естідім. Осы сәттен бастап өзімді қоярға жер таппай, қалың ой мен уайымның құшағында қалдым. Туған анасынан көрмеген жылулықты өзге еркектің құшағынан іздеп, олардың бірі де қызымды сүймей, әшейін уақыт өткізіп жүретін болса ше? Оның келешегі қандай болмақ? Балалық шағында менен бір ауыз жылы сөз естімеген оны әлдекімнің сүйіп кете алатынына күмәнмен әрі қорқынышпен қарадым. Бұрын қаншалықты тартқыншақтап жүрген болсам, енді қызымның қасына жақындап, сырласуға бата алмай, таңды ұйқысыз атыратын күнге жеттім.

 

Салиқалы әйелге айналғаныммен санамдағы 15 жыл бойы жанымды жегідей жеген жеккөрушілікті әлі де жеңе алмай келеді екенмін. Осыдан ұққаным, қызымда тұрған ештеңе жоқ. Бәленің барлығы  өзімде екен.

 

Тұңғышымды әкесіне қатты ұқсағаны үшін жек көріппін. Оның өзіндік себебі бар. Жаңадан шаңырақ көтерген жылдары күйеуім өзге әйелмен байланыс жасап, жүрегімнің тілім-тілімін шығарған еді. Ажырасып, қызымды алып кетіп қалғым келген. Аяғыма жығылып, өлердегі сөзін айтып кешірім сұраған соң ішім жылымаса да, еркекті жылатуға болмайды деген түсінікпен өскендіктен оны кешірген болдым.

 

Сол ыза мен кекті үлкен қызымнан аламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Оның түк те жазығы жоқ, періште ғана қыз ғой. Қызым ғой, менің ғана қызым емес пе ол?! Осыны түсінгенде жүрегім атқақтап, бойым жеңілдеп сала берді.

 

Жақында тағы бір жаңалық естідім. Сөз салып жүрген жігіттердің бірі екі аптадан бері үйіміздің алдына көлігін қойып, осында түнейді екен. Өзі қызымнан бес жас үлкен. Ол мектепке шығарда және қайтатын кезде осылай күтіп алып, шынайы сезімін дәлелдеп жүр екен. Мұны естігенде қызымды қатты қызғандым. Ешкімге бергім келмей, қасымнан кетпегенін қаладым. Осынша жылдардағы ішкі арпалысым жас болып ағып, қызымның бөлмесіне қалай кіріп барғанымды білмедім. Құшақтап, сүйіп жатырмын, кешірім сұрап, ешқайда кетпеуін де өтіндім.

 

Ақылды, тәрбиелі, инабатты, сұлу қыз өсіргенімді қалай ғана байқамағанмын? Бұдан кейінгі екі перзентім үшін шығарда жаным бөлек еді, енді тұңғышым олардан әлдеқайда артығырақ көрінді. Оны қайта босан­ғандай күйде жүрмін қазір. Қалаған уақытымда қызымды қалай жақсы көретінімді айта алатыныма, оның сырын тыңдап, жанынан дер кезінде табылғаныма қатты қуанамын.

 

Фариза апайдың хатынан.

(Автордың есімі өзгертілді).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ