Қайыршылықты пайда көзіне айналдырған ба?

10.07.2018
Қаралды: 262

Шымкенттегі Қырғы базар маңында тізесіне кішкентай баланы алып, қол жайып отырған қазақтың әйеліне көзім түсті. Бүлдіршіннің лас жерде қаужаңдап нан жеп отырғанына қарап, жаным ашығаны рас еді. Қасына барып, қолына ұсақ ақша ұстатып едім, әлгі әйел жүзі жайнап, теңгені қалтасына салып қойды.

 

– Сізге көмек керек болар? – дедім әңгімеге тартқым келіп. Бас изегендей кейіп танытты.

– Жағдайыңызды айтқыңыз келмей ме? Мүмкін көпшіліктен көмек сұрармыз? Қазір соған мүмкіндігіңіз бар, – дедім.

– Жоқ, мен мұнда анда-санда ғана шығамын, қажет емес, – деп бас шайқай берді.

– Балаңыз тым кішкентай дегенім ғой?

– Жоқ, айттым ғой, мен анда-санда ғана шығамын. Негізгі жұмысым да бар. Тек осы баланың «памперсіне» ақша болсын деп отырғаным ғой.

– Қандай жұмыс істейсіз?

– Мен базарда нан тасимын. Күндігіне 2000 теңге аламын. Сонда айына 60 мың ғой.

– Күйеуіңіз бар ма?

 – Бар. Бірақ түрмеде. Жолдастарымен төбелесіп, жазасын өтеп отыр. Үш айдан соң шығады.

– Туыстарыңыз бар шығар?

– Менің бұл жерде отырғанымды ешкім де білмейді. Тіпті күйеуім де.

– Үй-жайыңыз бар ма? Пәтер жалдап тұратын боларсыз?

– Бар. Жалдамаймыз, өз үйіміз.

– Балаңыз қаншада?

– Екіде. Негізі екі балам бар. Үлкені он бірде. Мен жұмысқа кеткенде інісіне сол қарайды.

– Сонда қосымша табысыңыз ғой бұл?

– Иә, бүгін – дүйсенбі, базар демалады. Сосын баламның жөргегіне жетерлік бірдеңе жасайын деп отырғаным...

– Жарайды, түсінікті. Ешқандай көмек қажет емес пе сонда?

– Жоқ. Пейіліңізге рахмет.

 

Қоштасып, жөніме кете бардым. Әңгімесі жаны қиналған адамға мүлде ұқсамайды. Жайбарақат. Қайыршы адам – барар жер, басар тауы жоқ, ішерге ас, киерге киім таппай, қиналып жүрген көмекке зәру жан деп түсінгендіктен әлгі әйелдің іс-әрекеті менің миыма онша сыя қоймады. Тұрақты жұмысы мен баспанасы болса да көшеде қайыр сұрауды қажет көрген бұл әйел туралы не ойлайтынымды білмедім. Анасының қосымша табысы үшін неге әлгі бүлдіршін адамдардың аяғының астында нан жеуі керек? Сол секілді қаншама адам қайыр сұрамай-ақ күнелтіп жүр емес пе? Қосымша табыс ешкімге артықтық етпейтінін білемін, бірақ дәл бұлай баланы қинап, «оңайы осы» деп олжа жинауға бола ма? Кішкентай балапанның жайы жанымды жаралады.

 

...Тағы бірде орталық мешіттің маңайында орналасқан орындықтардың бірінде балаларыммен бірге таза ауамен тыныстайық деп демалып отырғанбыз. Қасымда анам болатын. Бір жап-жас келіншек жанымызға келіп, әңгімесімен киліге кетті.

 

– Апа, осы мешітте намаз үйрете ме?

– Үйрететін шығар, сұрап көруге болады ғой.

– Намаз оқиын деп едім. Жағдайым болмай, қиналып кеттім.

 

Бір тәпішкесін астына басып, бізге қарама-қарсы жайғасып алды. Жағдайының мәз емес екені киімінің жұпынылығынан-ақ байқалып тұр. Содан да болар, әңгімесіне еріксіз елтіп кеттім.

 

– Өзім кондуктор болып жұмыс істейтін едім, автобус бұзылып тұр. Бұйырса, бір аптадан соң жұмысқа шығамын. Күндігіне алушы едім, жұмыс тоқтаған соң ақша да тоқтады. Қалтамда көк тиыным қалмады. Екі балам бар. Біреуі – 1-де, екіншісі – 3-те. Ыстық тамақ ішпегелі біраз болды. Неше күннен бері тек нанмен ғана отырмыз. Бүгін енді жейтін нан да жоқ. Қасымдағы қыздар­ға: «Ұрып-ұрып ұйықтатып қойыңдар», – деп кеттім. Қайтемін енді, берерге асым жоқ. Ертең тіпті ораза ұстайтын болды. Екі қызбен қосылып пәтер жалдап тұрамын. Ол пәтердің де ақшасын тауып беруім керек. Қайыр сұрайын десем, ұяламын. 

 

– Күйеуің қайда?

– Күйеуім көзі байланып, бір әйелдің соңынан кеткен. Қайтарғым келеді. Жалынып қоңырау соқсам да қайтар емес. Соңғы рет хабарласқанымда сөйлеспей де қойған.

– Қайынжұртыңнан ешкім іздемей ме сонда? Әке-шешең қайда?

 

– Ата-анам қайтыс болып кеткен. Ал қайынжұртқа мен керек емеспін. Айтсам, өзімді кінәлайды. Қиналып кеттім. Жасырмаймын, жеңіл жолға түсіп кете жаздаған да кездерім болды. Бірақ екі баламды ойлап өзімді тоқтаттым. Намаз оқысам жағдайым түзелер ме екен де­ген ой келді. Содан бүгін намаз үй­ре­нуге бола ма екен деп мешіт ма­ңын жағалап жүрген жайым бар.

 

– Мешітке ұзын жең, ұзын етек көйлек киіп, басыңа орамал тағып кіруің керек. Шалбарланып кіруге болмайды.

 

– Ой, апа, сол тағатын орамалым да жоқ қой, шынымды айтсам. Оны несін жасырамын? Жар дегенде жалғыз ескі үлгідегі ұялы телефоным бар еді, оны да күйеуім әкетіп қалған. Енді бүгін күн кешкіріп қалды, оның үстіне киімім де сай емес, мешітке ертең келемін. Негізі мен сондай сөзшеңмін. Көрген адамға ішімдегіні ақтарып салып тұра беремін. Оған мән бермеңіздер. Қой, мен балаларыма барайын. Жаңа қыздар­ға мен мешітке барып келем, қарай тұрыңдар деп кеткен едім.

 

...Қалтамыздағы барымызды беріп, ол қызды да жөніне қоя бердік. Айтқан әңгімесінің өтірік-шынын біле алмадық, сонда да үйіндегі ішерге ас таппай отырған балапандар үшін тағы да жүрегіміз ауырды. Неге екенін білмеймін, бәлкім тым сөзшеңдігінің әсері болар, бірақ сөзінің жартысы өтірік секілді көрінді. Әйтпесе көшедегі танымайтын адамға бар ғұмырын баяндап берудің не қажеттілігі бар? Әлгіндей әңгіме айтып, оңай нан табуды көздеп жүргендей ме деп қалдым. Бір ойым – шарасыздықтан туған іс-әрекет пе деп қоямын.

 

Білмедім, әйтеуір жұрттың жүрегіне аяушылық сезімін туғыза отырып, ақша табуды қосымша табыс көзіне айналдырып жүргендердің қатары көбеймей-ақ қойса екен. Әйтпесе осындай күн кешіп жүрген балаларға обал-ақ.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ