Жаздың аптап ыстық күндерінде түрлі бактерия, вирустар тудыратын жұқпалы жедел ішек инфекцияларының көбейетіні белгілі. Олар ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп-жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп сыртқы ортаға тарайды.
Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолданудан, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен, лас суға түскендіктен жұғады. Көп жағдайда шыбындар таратады.
Аурудың алғашқы белгілері мынадай: Іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, асқа тәбеті болмау (сәбилерде – емшектен бас тарту), шөлдеу, құсу, бас ауыруы, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретінде қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Қайта-қайта құсып, іші өткен сайын әсіресе баланың жағдайы ауырлай түседі. Өйткені организм тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Мұндайда тез арада дәрігерге көріну керек. Өз бетінше емделу аурудың асқынуына соғуы немесе созылмалы формаларына ұласуы мүмкін. Антибиотик қабылдау сырқаттың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады, осыны да ұмытпау керек.
Ал ағзадағы жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру үшін айран (балаларға – емшек сүті), ұнтақталған жемістер, сорпа, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су, ауыз арқылы ішетін тұзды-минералды су ерітіндісін қолданады. Ішекте ашитын немесе асқазан-ішек жолын тітіркендіретін азықтардан (сүт, кепкен, қуырылған тағамдар, майлы, ащы тағамдар) бас тарта тұру керек.
Сондай-ақ оральды-регидратациялы ерітінді қолданған жөн. 1 пакеті қайнатылып, бөлме температурасында суытылған 1 литр суға дайындайды. Дайын ерітіндіні балаға әрбір 3-5 минут сайын 1 шай қасықпен беру керек. Егер құспаса, аз-аздан жиі ішкізуге болады. Ерітінді әрбір күнге жаңадан дайындалып беріледі.
Бұл аурудың алдын-алу шараларын жұрт біле жүргені абзал. Біз күн сайын күні бойына қолымызбен айналадағы кір заттармен жанасамыз, дүкендерде сауда жасағанда сатушымен, көліктерде кондуктормен есеп айырысамыз, ақша санаймыз, таныстарды көргенде қол беріп амандасамыз. Сондықтан үйге келгенде тамақ дайындаудың, ішердің алдында, сондай-ақ балалармен ойнарда және оларға күтім жасағанда қолыңызды сабындап жуыңыз.
Көптеген тағамдарда бактериялар өміршеңдігін сақтап қана қоймай, тағамды аузына апарғанда адамның асқазан-ішек жолына кір қолы, ластанған су, сапасыз азық-түліктер арқылы түсіп, қарқынды түрде көбейеді.
Әсіресе тұтынар алдында термиялық өңдеуден өтілмейтін тағамдар өте қауіпті. Ондай тағамдарға салат, винегрет, сондай-ақ жеміс-жидектер жатады. Салат, винегретті, әртүрлі тұздықтар мен гарнирлерді тоңазытқышсыз түнге қалдыруға болмайды. Жеке адамдардан алған құйылып сатылатын сүтті міндетті түрде қайнату керек. Ал пастерленген ірімшіктен пісірмелер, пудингтер, сырниктер дайындаған дұрыс. Дайын тағам қалдықтарын міндетті түрде тоңазытқышта беті жабық ыдыста, шикі мен дайын тағамды бөлек ыдыста сақтау керек, оларды бөлек тақтайларда арнайы пышақтармен бөлу керек.
Жеміс-жидек, көкөністерді ағынды су астында жақсылап жуғаннан кейін пайдаланған абзал. Өнімдердің жақсылап қуырылуы мен қайнатылуына көңіл бөліңіз. Етті қайнатқанда ірі кесек жасамай, 1 сағаттан кем емес, жұмыртқаны 15 минуттан кем емес уақыт қайнату керек. Жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбаңыз. Дайын тамақты пайдалану кезінде оның иісіне, дәміне мұқият мән беріп, тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтау керек. Кездейсоқ жерлерден су іше салу және ластанған жерлерде шомылу да өте қауіпті. Суды тұтынар алдында, егер күдігіңіз болса, міндетті түрде қайнатыңыз немесе бөтелкедегі суды ішіңіз. Бұл дерт науқастың пайдаланған ыдысын, сүлгісін, басқа да жеке тұтыну құралдарын пайдаланғанда және онымен қарым-қатынас кезінде өте тез жұғады.
Жедел ішек инфекциялары 14 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездеседі. Кішкентай нәрестелерді аурудан сақтау үшін әрбір тамақтандырар алдында және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстау керек. Балалар қоспаларын тоңазытқышсыз ұзақ уақыт сақтауға болмайтынын да ұмытпаған дұрыс.
Қысқасы, ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке бас тазалығын қатаң сақтау керек. Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін екенін ұмытпағайсыздар. Өткір ішек жұқпаларының белгілерінің бірі болса да байқалған жағдайда тез арада дәрігерлік көмекке жүгінгеніңіз жөн болмақ.
Г. ТҮЛКІБАЕВА,
Шымкенттегі Еңбекші ауданы
қоғамдық денсаулық сақтау
басқармасының бас маманы.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!