Шәмші аға әлі де төрімізде отырғандай елестейді

10.07.2018
Қаралды: 85

Қай қазақтың болсын есінен кетпейтін Шәмші аға күні бүгінге дейін сол баяғыша төрімде отырғандай елестейді де тұрады көз алдымда. Қайран Шәмші! Егер тірі болғанда алдағы 15-тамызда 88 жасқа толар еді.

 

Атақты композиторды үйімнің төрінде жадырай күліп, жан-жағындағыларды қызықты әңгімеге бөлеп отырады деп кім ойлаған? Біз отбасымызбен Шәкеңнің төрде отырған сол кейпін көз алдымызға елестетіп, өзімізді бақытты сезінеміз. Шәкеңмен бірнеше күн бойы бірге отырып сыр бөліскен кездерімді өз өмірімдегі  бақытты күндерімнің бірі деп еске аламын. Сол 1988-жылғы үш жасар балам Алмастың Шәкеңнің құшағында тұрған суретін көріп оны да ең бақытты жандардың бірі деп сезінемін. Шәмшідейін композитордың құшағында тұрып, әке-шешесіне күле талпыну екінің біріне бұйыра бермейтін ерекше бақыт емес пе?

 

Бұдан он жыл бұрын үйімізде қонақ болып, тұп-тура Шәкең отырған төрімізге жайғас­қан шәмші­танушы, Шәкеңнің жерлес інісі, жазушы, «Шәмшінің ән күмбезі» кітабының авторы Сейтісхан Кішібайұлы бір топ журналист, жазушылармен отырып, есіктен кіріп келген Алмас­ты көре сала орнынан ұшып тұрып: «Ой, Алмас балам, келші бері! Шәмші  ағаның құшағы, құшағы болғанда нақ жүрек жағына жайғасқан сенің құшағыңа біз де бөленейік. Кәне, құшақташы мені!» – деп елжірей өзіне тартып, иіскеп, маңдайынан сүйгені бар. Сейтісханнан кейін дастархан басында отырғандар да кезек-кезек Алмасты бауырларына қысып: «Кәне, айтшы, сонда Шәмші атаң  сенің қай бетіңнен сүйіп еді, тура жол жерден біз де сүйіп, қуат алайық!» – деп кезек-кезек маңдайынан иіскегені  бар. Бұл көрініс те біздер үшін үлкен бір қуаныш еді.

 

Бір күні әдеттегідей ауылдардағы кездесулерден кейін үйге келіп, жұбайым Күнқияштың сүт қатқан ыстық шайын ішіп, жайланып алған соң Шәкең жантая жатып:

 

– Серікбай, сен осы Шәуіл­дірде Шераздин Маханов деген жездем бар деп едің ғой. Мен ол кісіні жақсы білемін. Аудандағы мықты деген автоклуб меңгерушілерінің бірі ғой ол, ептеп ақындығы да бар өзінің. Бір-екі рет Шәкеңмен малшы ауылдарды аралағанбыз, – деді де: – Сен осы Шәуілдір туралы не білесің? – деп сұрады. Мен Шәміл мен Дүр  сынды бір-біріне ғашық болған екі жастың атымен атал­ғ­ан Шәуілдір екені жайлы аз-аздан айтқан болып едім, Шәкең:

 

– Дұрыс. Негізінен хабарың бар екен. Мына мәселелерді де жадыңда сақтағаның жөн, – деп әңгімесін әрі қарай жалғай түсті.

 

Ол кісі бірінші кезекте біз білетін  Шәуілдірдің әу бастағы негізгі атының Отырар екенін нықтап жеткізіп қойды. Ал Отырардың саялы да ғажап келбетін көрген саудагерлер мен саяхатшы арабтар оны өздерінше «Фараб» деп атап кеткенге ұқсайды.

 

– Қызылдың құмын мекендеген біздің арғы аталарымыз сақтарға  қарсы жорығын осы жерден бастаған деген сөз бар. Сол сақтардың әйел патшасы Томирис  парсыларды елсіз, сусыз кұм ішіне алдап кіргізіп, бір шайқастың өзінде-ақ жайратып салған екен.

 

Сосын тағы мынадай да сөз  бар. Сен Шәуілдірдегі «Темір» стансасын жақсы білесің. Сол Темір айта беретін Ақсақ Темір­дің атымен аталатыны жайлы да мынаны айтуға болады. Бүкіл шығысты жаулап ал­ған атақты қолбасшы Ақсақ Темір өзінің Үндістанға барар жолында осы мен айтқан Отырар жеріне жетіп жан тапсырыпты. Міне, сол Темір қайтыс болған төбені жергілікті халық «Темір өлген» деп атап кеткен. Осыған байланысты  сол маңдағы теміржол стансасы да Темірдің атымен аталады.

 

Бұл – бір. Екіншіден, сен айтып отырған Шәміл деген өнерлі жігітке ғашық болған қыздың аты Дүр емес, толығында Дүрияайым болған. Осы екеуінің атымен бастапқыда  «Шәмілдүрия» деп аталған  ауыл бертін келе «Шәуілдір» аталып кеткен. Сенің осы жайлы кеңірек білгенің жөн, – деді  Шәмші аға  сөзін аяқтап.

 

Оның өзі туып-өскен ауыл тарихы туралы айтқан осы бір  аз ғана әңгімесінің өзі қандай құнды десеңізші!

 

Серікбай ТҰРЖАН.

Бәйдібек ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ