«Алаштануға аз сөз болса да арнағаным үшін қуанулымын»

10.07.2018
Қаралды: 411

Құлбек ЕРГӨБЕК, А.Йассауи атындағы ХҚТУ президентінің кеңесшісі, профессор: «Алаштануға аз сөз болса да арнағаным үшін қуанулымын»

 

Түркия астанасы – Анкара қаласында Түркістандағы Халық­аралық қазақ-түрік университеті президентінің кеңесшісі, профессор Құлбек Ергөбектің «Алаштың азапты жолы» деп аталатын кітабы басылып шықты. Осы орайда қуаныш иесін құттықтап, ол кісіге өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойған едік.

 

– Құлбек аға, өз тіліне аударып басқанына қарағанда, бұл еңбегіңіз түрік ағайындардың қызығушылығын тудыр­ған болса керек. Кітабыңыздың қысқаша мазмұнына тоқтала кетсеңіз...

 

– «Алаштың азапты жолы» – Алашордаға байланысты ғылыми-танымдық еңбек. Алашорда – біздің мемлекетіміздің жаңа дәуірдегі бір жаңа белеңі, бас-аяғы жиырма жылдай өмір сүрген ұйым әрі ұлттық қозғалыс. Қазақты қайтсек мемлекет құраушы ұлтқа айналдырамыз, қазақ қайтсек дербес, тәуелсіз мемлекет болады деп еңбек еткен, сол жолда көрген азабы көп те, рахаты болмаған.

 

Жалпы, ХХ ғасырдың басы – қазақтың оянған дәуірі, бүкіл түркі халықтарының оянған кезі. Екі ғасырдың тоғысында  әлемді қайта бөлісу үшін соғыстар, көтерілістер жүріп жатты, ол көп жағдайда халықтардың оянуын туындатты. Бұл түркі халықтарын азаттыққа жетеледі. Бірақ соның ішінде азаттыққа жеткен – тек Түркия республикасы ғана. ХХ ғасыр басында бес алпауыт мемлекет жерін бөліп алып, ту-талақайын шығарғысы келгенде Мұстафа Кемал бастаған жас түрікшілдер Түркияның тәуелсіздігін сақтап қалды. Осыған байланысты Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» де аталатын өлеңі бар. Сосын ХХ ғасыр басындағы «Айқап», «Қазақ» сияқты газеттерді, ұлтқа бүйрегі бұратын баспасөзді қарап отырсаңыз, соның бәрінде алдымен Түркия ел болса екен деген арман жарияланады да жатады. Түркия дербес ел болып қалса, өзге де түркі ұлттары тәуелсіздікке жете ме деген ой болды.

 

Алашорда осындай қозғалыс еді. Сондай-ақ Башқұртстанда Ахмет Зәки Уәлиди Доған, Татарстанда Аяз Ысқақи «Еділ – Орал» ұйымын құрған, Өзбекстанда Фитрат, Шолпан, Абдолла Аблани осындай ұйымдар құрған. Саха елінде Куликовский деген болған, ол «Саха зиялыларына хат» деген Үндеу тастаған. Бәрінің де арманы – дербес ел болу.

 

Алашорданың Уақытша өкіметпен белгілі дәрежеде ымыраласа отырып, тәуелсіздікке қол жеткізу ойы болды. Әлихан Бөкейханов қазақтың дербес мемлекет болуын армандады. Бірсыпырасы қазақты тәуелсіздікке жеткізу жолында түркі халықтарымен, олардың саяси ұйымдарымен бірлесе отырып Түркістан федеративтік республикасын құрсақ деген ой айтқан, бірігуді қолдаған.

 

Ал большевиктер билікке келгесін бұларды алдымен бөліп, сосын талқандаудың жолына кірісті. «Еділ – Орал» ұйымының Түркістан республикасымен жалғасуына жол бермеді.

 

Алашорда Түркістанда шоғырланған еді. Кейін оның оң қанаты Түркістан федеративтік республикасын құру идеясынан тартынып қалды, сөйтіп коммунистік Түркістан республикасын құрды. Ал 1925-жылы ұлттық межелеу басталып, ақырында Түркістан республикасы құлады.

 

Алашорданың қызметі де сол 1925-жылдың межесінде аяқталды. Алашордашыларға Ленин кешірім бергенімен кейін Сталин билікке келгесін түрлі жолдармен олардың көзін құртты. Сөйтіп Түркістан республикасына бірігу идеясын тас-талқан етті.

 

Қысқасы, «Алаштың азапты жолында» осы жайлардың бірсыпырасы жөнінде айтылады. Ол азапты жол еді, соны мен бір қырынан жазғанмын. Түркиялықтар – түрік ұлтшылдығына жеткен халық. Ал шындығында Алашорданың ұмтылғаны түріктік тұтастық, түріктік ұлтшылдық болатын. Сондықтан да «Алаштың азапты жолы» деген кітабымды түрікшілдік идеясы бар болғаны үшін, түрікшілдікке бастаған қазақ ұлтшылдығы бар бол­ғаны үшін аударған болуы керек деп ойлаймын. Кітабым ХХ ғасырдың бас кезіндегі жалпытүріктік саяси-әлеуметтік ахуал, одан туындаған әдебиет болғандықтан да қызықтырса керек.

 

Өз басым алаштануға аз сөз болса да арнағаным үшін, оны түріктердің көріп, аударып алғаны үшін қуанып отырған жайым бар.

 

– Бұл еңбегіңізді түрік тіліне кім аударған? Кітабыңыз қанша данамен шыққан екен?

 

– Кітапты Жемал Шапақ дейтін азамат аударған. Қазақшасы жақсы. Ол кезінде Түркістанда жұмыс істеген. Әдебиетші. Бұрын менің бір кітабымды түрік тіліне аударғаны бар.

 

«Алаштың азапты жолы» түрік тілінде жарық көргесін ондағылар оны ақысыз басқандарын айтып хабарласқан, Түркістан алса қалай болады деген ой айтқан еді. Соған қарағанда, таралымы қомақты сияқты.

 

– Сіздің шығармаларыңыз осыған дейін де бірқатар түркі тілдеріне аударылғаны белгілі...

 

– Рас, еңбектерім бұған дейін өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, саха, сондай-ақ орыс тілдеріне де аударылған. Аударылуына қандай да бір жайлар себеп болады. Мысалы, Сәбит Мұқанов жайлы жазғанымның аударылуына өзбектің классик жазушысы Адыл Якуб себепкер болды. Өзбек тілінде осыған дейін екі кітабым шыққан, енді үшіншісі жарық көрмек.

 

Әдебиет сыншысы ретінде қазақта тұңғыш болып қырғыздың алыбы Шыңғыс Айтматов жайлы жазғанымды қырғыздар ол кісінің көзі тірісінде-ақ өз тілдеріне аударған.

 

Соңғы кездері жалғыз қазақ әдебиетімен шектеліп жүргенім жоқ, өзімді түрколог ретінде қалыптастыру жолында жүрмін. Татар, башқұрт, сол сияқты саха, шор, шуаш сынды бүгінде жойылып келе жатқан түркі ұлттарына араша түскен болып та жүрмін. Еңбектерімнің ол ұлттар тіліне аударылуының бір себебі осында болар деп ойлаймын.

 

– Бүгінде қандай жұмыстар атқарудасыз? Алға қойған жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

 

Менің бұған дейін «Арыстар мен ағыстар» деген 6 томдық шығармалар жинағым шыққан. «Түрікстан жинағы» деп аталатын 7 томдығым бар. 60 жасқа толуыма байланысты әрқайсысы 37 – 40 баспа табақтан 6-7 том шығарылуы жоспарланған еді, соның 4 томы жарық көрген, қалғаны да шығып қалар.

 

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетін әлі де зерттейтін шығармын, бірақ дегенмен осымен бір жинақтадым ғой деп ойлаймын.

 

Қазір Алтын Орда руханиятын зерттеу үстіндемін. Білім және ғылым министрлігінен «Алтын Орда руханияты» деген жоба ұтқанмын. Астрахань – бұрынғы Қажы Тархан, бүгінде топыраққа айналып кеткен Бату Сарай, Сарайшық, Сарай сияқты жерлерді, сол елдерді араладым. Жақында «Алтын Орда руханияты» деп аталатын бір кітабым қазақ тілінде жарық көреді. Алдағы үш жылға жоспарланған, атқаратын жұмысым осы.

 

– Әңгімеңіз үшін рахмет.

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ