Келімдәрінің кереметтері

07.07.2018
Қаралды: 421

Кәдімгі қызыл келімдәрінің (Чили келімдәрісі) адам ағзасына кереметтей пайдалы жақтары бар екен. Бұл жөнінде дереккөздерден оқып-білгесін мұны әркімнің біле жүргені жөн ғой деп назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.

 

Кейінгі кездерде жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде қызыл келімдәрінің құрамында адам ағзасына аса пайдалы «коксоицин» атты алкалоидтардың мол екені анықталыпты. Келімдәрі неғұрлым ащы болған сайын оның құрамындағы алкалоидтар соғұрлым көп болады екен.

 

Қызыл келімдәрі ауыз қуысын зиянды микрофлорадан тазартады, бактерияларды өлтіреді, сол арқылы бүкіл ағзаға оңды әсерін тигізеді, оны паразиттерден, ішек құрттарынан арылтады. Коксоициннің диарея кезінде де көмегі көп, ол ішек жұмысын жақсартады. Оның кариеске қарсы да әсері зор.

 

Бұл алкалоидтің тағы да бір ғажап қасиеті – ол асқазан бүрінің желініп, жараға айналуына «атсалысатын»  хелиобактер пилори бактерияларын, сондай-ақ шіруді туындататын бактерияларды да жойып жібере алады.

 

Халық емшілігінде мұндай зиянды микроағзаларға қарсы қолданылатын емнің бірі мынадай: Жарты шай қасық ұнтақталған қызыл келімдәріні 1 литр қайнаған сумен араластырып, әбден суығанша тұндырып қояды. Бұл дәрмекті тамақтан жарты сағат бұрын ішіп тұру керек.

 

Келімдәрінің тері, саңырауқұлақ ауруларына, сондай-ақ суықтауға қарсы да емдік қасиеті бар.

 

Мықты антиоксидант ретінде оның қартаюды тежеп, жасартатын күші бар, ағзадағы обыр жасушаларын жоюға да қуаты жетеді. Халық емшілігінде бұған қатысты мынадай рецепт бар: 1 шай қасық қызыл немесе қара келімдәріге 200 грамм бал мен 500 грамм зәйтүн майын қосып, осы қоспадан күніне 4-5 мәрте 1 ас қасық мөлшерінде ішіп тұрады.

 

Англияның Нотингем университеті мен АҚШ-тың Питтсбург универ­ситетінің ғалымдары қызыл келімдәрі құрамындағы коксоитиннің обыр жасушаларын жаппай жоя алатын қасиетін анықтаған. Әсіресе ол қуықасты безінің ісігінің алдын-алуда пайдалы. Ал қара келімдәрі простата аденомасының бастапқы кезеңінде емге жарайды. Ғалымдар оның сау жасушаларға еш­қандай да зақым тигізбей, тек ауру жасушаларды, обыр жасушаларын жоятынын анықтаған.

 

Қызыл келімдәрі ағзадағы зат алмасуын ынталандырады, имму­нитетті нығайтады, ағзадан улы заттарды қуады.

 

Қызыл келімдәрінің қант диа­бетіне қарсы да шипасы бар екеніне көз жеткізілген, ол қандағы қантты азайтады.

 

Шығыстың халық емінде қара келімдәріден жақпа май жасау әдісі де бар. Оны миозитке, остеохондрозға, невралгияға, радикулитке, ревматизмге, артритке, артрозға, салдануға қарсы да қолдануға болады.

 

Ащы келімдәріні тұмау, ангина, бронхитке, суықтауға қарсы, қақырық түсіретін, дене қызуын басатын, терлететін дәрмек ретінде пайдалануға да болады. Ол үшін оны шайға демдеп ішу жеткілікті. Яғни бір шымшымын қайнаған суға салып, аздап тұндырып ішеді.

 

Келімдәріні қолданған адамда артық салмақ жинауға бейімділік болмайды. Яғни онда тәбетті баса отырып, ас қорытуды күшейтетін қасиет бар. Целлюлиттен, тері астына май іркілуінен қорғайды.

 

Оның құрамындағы флавоноидтер бауырдың бүлінген жасушаларын қалпына келтіре алады, оның жұмысын жақсартып, улы заттардан арылтады.

 

Ол қан тамырларының созылғыштығын арттырады, қажет кезде оны тарылтады немесе ке­ңейтеді, оны зиянды холестериннен арылтады, атеросклероздан, инсульттен, инфаркттен қорғайды, қан айналымын жақсартады, артериялық қан қысымын қалпына келтіреді.

 

Қызыл келімдәрінің құрамында ағзаға аса қажетті аспирин қышқылы, А, С және Р витаминдері, тағы басқа витаминдер мен микроэлементтер көп.

 

Ал қара келімдәріні Шығыс емшілері бүйректегі тасты түсіру үшін қолданады. Уатылған келім­дәріні жүзім сүйегінің ішіне салып, тамақ ішерден бұрын қабылдайды. Ол ағзадағы тасты ерітіп, уатады.

 

Жалпы, келімдәрі ағзаны сер­гітеді, созылмалы шаршаудан, ұйқысыздықтан, депрессиядан арылтады, көңіл-күйді көтереді. Ол орталық жүйке жүйесінің «бақыт гормоны» – эндорфиндерді бөлуін ынталандырады, жарақаттанған, нау­қастанған кезде ауырсынуды басады, ағзаны тыныштандырады.

 

...Келімдәрінің осындай толып жатқан кереметтері бар екен. Дегенмен ем екен деп оны есепсіз жей беруге де болмайды. Орнымен, ақылмен пайдалана білу керек. Әсіресе асқазанында ойық жарасы бар, созылмалы аурулардан зардап шегетіндер, бауырында, өт жолында, несеп қабында, бүйрегінде ақауы бар жандар абайлағаны дұрыс. Емге ұнтақталған түрін, онда да аз-аздан бастап қолданады, ағзаның жай-күйін  бақылап отыру керек. Ал дені-басы сау адамдар келімдәріні бөлшек күйде асқа қосып та, жеке өзін қабылдап та аурудың алдын-алу, ағзаны нығайтып, сергіту үшін жағдайына қарай пайдалана береді.

 

Дайындаған – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ