Жарқырағанның бәрі қызық нәрсе емес

07.07.2018
Қаралды: 367

Ауылда өсіп, тәрбие алып, бойжетіп келе жатқан маған қала өмірі қорқынышты көрінеді. Оған қалаға туыстарымның үйіне қыдырыстап келген сайын көзім жетіп жүр. Бәлкім өзім қорқыныш деп қабылдайтын сезім мені үлкен қауіптен қорғаштайтын да шығар. Ол жағы әзірше белгісіз. Оны мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түскен соң білермін.

 

Менің айтпағым – қалалық қыздардың жайы.

 

Қарасаң көзің тоятын,   ибалылығымен адам жанын баурап алатын қазақ қыздарының орнын бүгінде түнгі клубтың «арулары» басып бара жатқандай. Байқаймын, олардың кешкі киімдері, кешкі жүрістері көше қыздарының кейпіне ұқсайтындай.

 

Ата-бабамыз бұрынғының бұрымдысын түнгі қыдырыс түгілі, рұқсатсыз тысқа да шығармаған. Ал қазір...

 

«Тәрбие басы – тал бесіктен» дегенді қыз өсіріп отырған отбасы берік ұстанбаған соң еліктегіш қыздар көбейіп барады. Оған дәлел іздеп, шарқ ұрудың қажеті де жоқ. Бар болғаны әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, қоғамдық орындарда ішімдікке сылқия тойған қыздардың төбелесі, «Әкім, депутаттарға тоқал боламын» деп өздерін жарнамалаған видеолар, жартылай жалаңаш суреттер, тағы бас­қасы толып жатыр.

 

Әрине, барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ жап-жас қыздардың жарыса шылым шегіп, арақ-шарап ішіп отырғанын көргенде бұлардан қандай дені сау ұрпақ туады деген ойға қаласың.

 

Иман әлсірегеннен көп жастардың көңілін жеңіл өмір жаулап алған. Бар уақытын осындай кештерге бөліп жатқан бойжеткендер мен жігіттердің ата-аналары қайда қарап отыр?

 

Біздің ата-аналарымыз алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнап, тілек-армандарын айтып уақыт өткізетін болған ғой. Олар армандай білген, оған жету үшін мақсат қойған, оған жете білген.

 

Сол кезеңнің бұрымдысы «Қызға –қырық үйден тыйым» деген сөздің астарын түсініп, ата-ананың үмітін ақтап, абыройына нұқсан келтірмеуді ғана ойлаған. Кейде көзсіз батырлық пен намыс, абырой мен адалдық сол апа-әпкелерімізбен аяқталып қалғандай ма дейсің. Ел басына күн туған шақта кеудесін оққа төсеп, отқа оранған Әлия мен Мәншүктей батыр қыздардың бүгінде сарқыншағы да қалмағандай. Ел намысын жыртып, сойылын соқпақ түгілі, өз басын тіктеп ала алмай жүрген қыздар қаншама?

 

Жас болған соң жылтырағанның бәрі алтын, жарқырағанның бәрі қызық көрінетін де шығар. Бірақ жылт еткен отқа қонақтайтын көбелектің өртеніп кететінін де ұмытпау керек қой.

 

Қазіргі күні серуендеуге арналған қалалық демалыс паркі, орталық алаң, қалалық жағажай секілді арнайы орындар бар. Алайда жастар қоғамдық орындарға емес, жын-шайтанның ортасына айналған орынға барғанды ұнатады. Түнгі клубта тайраңдап таңды атыратын, не әкені, не шешені тыңдамайтын қыздар адал жар атану, ұрпақ сүю, бала өсіру, оны тәрбиелеу секілді үлкен міндеті бар екенін ұмытпаса екен!

 

Әрбір бойжеткен осы бақытты сезінгісі келсе, қазірден бастап ойлануы керек.

 

Жалпы, жастар тәрбиесінің жүгенсіз кетіп бара жатқандығы мені қатты толғандырады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, алдынан кесе-көлденең өтпеу, сыпайылық таныту секілді ұстанымдарды жас буын санасынан шығармаса деймін.

 

Әсем ШАРАПОВА,

«Тұрмыс-1» жалпы орта

мектебінің оқушысы.

Бәйдібек ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ