Пантеонға жерленгендерге жеңілдік беріле ме екен?

07.07.2018
Қаралды: 83

Ақымақтық жасап отырғандар – тағы сол ақ жағалылар. Олар Астанадан пантеон салдыртуды бастатып жіберіпті.

 

Пантеон деген не десеңіздер, Тука айтпақшы, ол – «Еуро мола». Жарық, су, автотұрақ, әсем қоршау... Бәрін жасап жатыр. Қазір онда 7-8 адам жерленіп те қойыпты.

 

Астана әкімдігі пантеонға 500 миллион теңге бөлген. Аталған пантеонға негізінен министрлер, әкімдер, Парламент палаталарының төрағалары, қысқасы, өңшең  «дәулер» жерленеді екен. Бірақ тізімге Мәжіліс депутаттары енбей қалыпты. Кезінде «Пантеон керек» деп біразы шулап еді. Ерте шулап қойған-ау, тізімде жоқ.

 

Сұрақ: Пантеон деген қайдан шыққан? Әлде пантеонға жерленгендер бірден жәннатқа барады ма екен? Алла-тағала пантеонға жерленгендерге қандай да бір жеңілдік қарастырып қойған ба? Не қажеті бар осының? Пантеонда жатсың не, ауылдағы молада жатсың не, Алланың алдына министр, әкім, төраға болып емес, құл болып барасың! Құл! Жаратушы сен министрсің, әкімсің, төрағасың деп жік-жікке бөлмейді.

 

Айтарға сөзім жоқ. Әй, анау арабтың мен деген, байлыққа белшесінен батқан шейхтары жатыр ғой ми далада, құмның астында. Басына бір тас қойылған, болды.

 

Пантеон салғанша неге ауылдарымызды «еуро» етпейміз? Суы, жарығы, жолы жоқ ауылдар қаншама... Тіпті Астананың іргесіндегі шағын аудандардың быт-шыты шығып жатыр. Суды тасып ішетіндері қаншама, жолдары батпақ. Ондағы халыққа «еуро моладан» бұрын таза су мен тақтайдай тегіс жол керек! 

 

Дәурен БОЛЫС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ