Баян-Өлгийге төркіндеп қайтты

10.07.2018
Қаралды: 501

Бір ауық табиғат аясында тынығуға, туған жерге барып, емін-еркін демалып қайтуға жаздың ұзақты күндері қолайлы екені мәлім. Алматы облысына қарасты Балғабек Қыдырбекұлы атындағы ауылдың тұрғыны Ақгүл Жұханқызы да (суретте) осы уақытты тиімді пайдаланып, өзінің туып-өскен жері – Монғолияның Баян-Өлгий аймағында тұратын туыстарына төркіндеп барып қайтты. Осы сапардан оралған Ақгүлмен хабарласып, сұхбаттасқан едік.

 

Келісім-шартпен келіпті

 

Ақгүл Монғолияның Баян-Өлгий аймағына қарасты Дэлүүн сұмынындағы (сұмын – аудан) Дэлүүн сум ауылының 80 жылдық тойына барып қайтыпты. («Дэлүүн»  сөзі монғолшадан аударғанда «көкбауыр» дегенді білдіреді, өйткені ондағы таудың түсі көкпен астасып, көкбауырға ұқсап көрінеді екен).

 

Сондай-ақ Ақгүл ол жақтағы аға­йын-туысты аралап, ағасының келін түсіріп, қыз ұзату тойына да қатысқан. Оған қоса 7-шілде күні Баян-Өлгийде монғол халқының «Надым» деп аталатын ұлттық мерекесімен бірге өткен әкесінің сыныптастарының 50 жылдық кездесуіне, сол мектепті бітірген құрбы-достарының 20 жылдық кез­десуіне де қатысып қайтқан екен.

 

Ақгүлдің өзі бүгінде Алматы облысындағы Жамбыл ауданының Балғабек Қыдырбекұлы атындағы ауылында тұрады. Жұбайы Тұрар Әбіров – жергілікті елдің тумасы. Олар отбасында екі ұл-қыз өсіріп отыр. Ақгүл – заңгер және педагог мамандықтарының иегері, ол осындағы мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ береді, ал Тұрар – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі.

 

«Монғолияға анам, жолдасым, балаларым және бауырым болып барып қайттық, – дейді Ақгүл. – Алматыдан Өскеменге, одан Ресейдің Тау­лы Алтай республикасының жері арқылы Монғолияға өттік. Дэлүүнде әкем Жұхан Мәулітұлының туып-өскен ауылы бар, соның 80 жылдық мерейтойы ұйымдастырылған, соған, әрі 26 жылдан бері көріспеген аға­йын-туыспен амандық-саулық білісіп, туған жерді аралап қайту үшін барғанбыз. Ол жақта бір ай болдық».

 

Монғолиядан оралғанына біраз бол­ғанымен Ақгүлдің туған жерінен алған әсері әлі де тарай қоймаған екен. Ол біздің қойған сұрақтарымызға ықыласпен, тұщымды жауап берді. Тіпті марқұм әкесін еске алғанда сағыныштан қамығып та қалды.

 

«Әкеме топырақ Б.Қыдырбекұлы ауылынан бұйырды, ол кісі осыдан алты жыл бұрын дүние салды, – дейді Ақгүл. – Әкем өмірден көрген-түйгені көп, патриот жан болатын. Үйде Мұхтар Әуезовтің, Олжас Сүлей­меновтің, тағы басқа қазақ жазушыларының кітаптары толып тұратын. Үстелінде Бауыржан Момышұлының күнтізбедегі суреті бар, соған қарап: «Мықты қазақ қой, басымды иемін!» – деп отырушы еді.

 

Әкемнің өзі Баян-Өлгийдегі жоғары әскери институттың алғашқы түлек­терінің бірі, әскерде 25 жыл қызмет етіп, отставкаға шыққан. Жұмыс барысымен елдің монғолдар тұратын аумақтарында да қызмет етті. Сонда тілдері шұбарланбасын деп бізді жайлаудағы атамыздың үйіне апарып тас­тайтын. Балаларының бәріміз үшін арман қала – Алматыда білім алуын қалады.

 

Есімде, Қазақстан тәуелсіздігін жа­риялаған жылы ол жаңалықты ресейлік қоңыр түсті теледидардан естіп, оны құшақтап жылап жіберген еді. «Болды, елге көшеміз!» – деп қуанған. Елге алғаш келіп, ұшақтан түскенде: «Елге жеттім-ау!» – деп Өскеменнің топырағын иіскеп тұрып жылағаны да есімде.

 

Әкем: «Елдерің – Қазақстан», – деп үнемі айтып отыратын. Естуімізше, аталарымыз ілгерідегі қиын-қыстау замандарда Зайсан өңірінен жер ауып, Қытай, Алтай арқылы Дэлүүнге жетіп тұрақтаған екен. Атамыздың өзі 1910-жылы Қытайда дүниеге келген, ал әкем Дэлүүнде туған.

 

Біз Қазақстанға 1992-жылы қоныс аудардық. Оралман ретінде арнайы келісім-шарт түзіліп, бізді Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Бұрсақ деген ауылға қоныстандырды. Сонда бес жыл тұрдық. Жұмыс табу қиын кездер еді, сондықтан әкем ауылдың малын бақты. Ал мамандығы мұғалім анам Дәрима Қаматайқызы ауылдағы мектепте ұстаздық етті. Келісім-шарт мезгілі біткеннен кейін біз Алматы облысының Жамбыл ауданына қоныс аудардық».

 

Ақгүл бес балалы отбасында өскен екен. Үлкен ағасы Қосжан (ол ата-әжесінің қолында өскен, сондықтан Мәулітұлы болып жазылады) Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген, бүгінде Дэлүүнде тұрады, сондағы Ноғай есімді аталарының аты берілген мектепте ұстаздық етеді. Екінші ағасы Айдос – журналист, ол бүгінде Өскемендегі «Алтай» телеарнасы директорының орынбасары қызметінде. Ақгүлдің өзінен кейінгі Жандос және Асыл-Алтай деген інілері Өскемендегі Аманжолов атындағы университетті бітірген. Бүгінде бәрі де үйлі-жайлы. Анасы ұлдарының қолында тұрады.

 

«Дэлүүнім!» деп жырлайды

 

Ақгүл бізге Дэлүүнде өткен 80 жылдық тойдан қысқа бейнежазба көрсетті. Онда Алтай тауларының бөктеріндегі жап-жасыл аймақта тігілген ақшаңқан киіз үйлер көрінеді. (Тойға арнап 80 киіз үй тігілген екен). Жұртшылық арқа-жарқа болып, тойлап жүр. Барлық іс-шара қазақша, тап-таза қазақ тіліндегі сөздер естіледі. Тойды жүргізушілер елді, жерді, еңбек адамдарын мадақтаған сөздер айтып, өлеңдер оқуда, Құрманғазының «Сарыарқасы» күмбірлей естіледі. «Кәне, енді Дэлүүннің гимнін бәріміз бірге шырқайық!» – дейді ол. Артынша екпінді ырғақпен маршқа ұқсас әдемі әуен ойнай жөнеледі. Әннің жалынды сөздері, қайырмасында «Дэлүүнім!» деген сөздер естіледі.

 

Бәйге, балуандар күресі сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылып, 80 қыз «Қара жорғаны» билеген, ән-би шалқыған бұл тойға бюджеттен арнайы қаржы бөлініпті. Ал киіз үй табу ол жақта проблема емес екен. «Киіз үй әр отбасынан табылады, – дейді Ақгүл. – «80 бастық», «90 бастық» дегендей, түр-түрі бар. Ондағылар киіз үйді өздері тұруға, қонақ күтуге пайдаланады. «Монғолша киіз үй» деген бар, оны ас әзірлейтін, қосымша шаруашылық жүргізіп, азық сақтау үшін пайдаланады».

 

Ақгүлден Дэлүүн жерінде біздің Сарыағаштағы сияқты шипалы су көзі барын да естідік.

 

«Дэлүүннен 18 шақырым қашықтағы «Бұлақ» деген жерде біздің аталарымыздың жайлауы бар. Жасылкөл, Бұлақ, Төңірек, Кеңсай, Жіңішке, Дара жайлауы, жалпы Үлкен Шегіртайдағы жайлаулар Тазабай әулетінің жайлауы саналады. Атам Мәуліт Зар­қымұлы мен апам Бағила Сыдыққызының зираттары сонда. Өткенде бастарына барып, құран бағыштап қайттық.

 

Жайлауда бұлақ көп. «Шегіртай арасаны» деп аталады. Суы дертке шипалы. Бүгінде соны бір туысымыз жекеге алып, гүлдендіріп жатыр екен», – дейді ол.

 

Дэлүүнде 8 мың адам тұрады екен. Бәрі де қазақтар, Орта жүздің Керей тайпасынан таралған ұрпақ.

 

Сұмын тұрғындарының негізгі айналысатыны – мал шаруашылығы. Жайлауға, күздеуге, қыстауға көшіп отырады, қысқы азығын осы кезеңдерде даярлап алады. Бара қалсаңыз, біз фильмдерден көріп, кітаптан оқыған қазақтың көшпелі тұрмысындағы шаруаның бәрі қазір де қаз-қалпында дерлік жүріп жатыр екен.

 

«Дэлүүннің өзі Ұланбатырдан 1300 шақырымдай қашықта. Теңіз деңгейінен биік жатқан, таулы аумақ болғандықтан ауа райы көбіне салқын болып тұрады. Біздің өзіміз тоңбас үшін жылы киімдерімізді алып барғанбыз. Біз барған кезде ол жақта ауа температурасы 8 градус жылы болып тұрды», – дейді Ақгүл.

 

Ондағы халық қазақтың тілі мен дінін, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын берік ұстанады. Ер-азаматтар қазақша шапанмен, шошақ бөрікпен жүреді. Әйелдер бүкіл үй жабдықтарын қолдан тоқиды екен.

 

200 қой, 40 сарлықтан бар

 

Біз Ақгүлден ол жақтағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі жөнінде сұрадық.

 

«Халықтың тұрмысы жақсы. Көп нәрсе өзгеріп те кетіпті. Жаңарып жатқан нәрселер көп. Мысалы, біз Қазақстанға қоныс аударғанға дейін тұрған төрт қабатты үй бүгінде ескі ғимараттардың біріне айналып үлгеріпті.

 

Ол жақта ең малы аз деген үйдің өзінде 200-дей қойы, 40 шақты сиыры бар. Сиырлары – бұрын жабайы болған, қолға үйретілген сиыр, оны «Як» деп атайды, біздің жақтың қазақтары «Сарлық» дейді.

 

Кей адамдар Баян-Өлгий халқын артта қалғандай көретіні бар. Жоқ, олай емес. Онда да техника, технология дамыған, интернет, өркениеттің басқа игіліктері де бар. Жұртшылық Қазақстан телеарналарын көреді, әлемдегі барша жаңалықтан құлағдар болып отырады. Осы барғанымда қырдағы елдің киіз үй ішін күннен қуат алатын құрылғыларымен жарықтандыратынын көрдім.

 

Дэлүүнде, «жер үй» деп жатады ғой, сондай қыстық үйлер де бар, коттедж салып жатқандар бар. Өйткені құрылыс материалдары Қытайдан тікелей жеткізіледі, арзан. Таулы жер болғандықтан жол талғамайтын жапондық көліктер де көп. Олардың құны біздегідей аса қымбат емес», – дейді Ақгүл.

 

Біз одан Дэлүүнде тұратын қандастарымыздың қыстық азыққа 1 жылқы, 1 сиыр және 12 қой сойып алатыны жөнінде де естідік. Яғни ол жақтың қазақтары етті көп тұтынады екен.

 

«Біз барғасын ақсарбасын айтып, мал сойып, туыстарымыз қонаққа кезектесіп шақырумен болды. Сонда қыстан қалған сүр етті жаңа сойыл­ған мал етіне араластырып асып берді», – дейді ол.

 

Жалпы, ол жақтағы ағайынның Қазақстанға қоныс аударуына осы мал мәселесі қолбайлау болып отырғанға ұқсайды. Яғни қолда мал көп, бірақ оны бері қарай алып өту мүмкін емес. Ал сатып пұл қылайын десе, ол жақта мал арзан.

 

«Дэлүүнде ірі, семіз деген қойдың құны биыл ғана 15 мың теңгеге, яғни 150 мың түгірікке (тугрик) жетіпті. Бұрын 50 мың түгірік тұрған екен», – дейді сұхбаттасымыз бұл жайлы.

 

Әзірге оларды уайымдататын бір нәрсе – мектепке монғол тілінің ене бастауы. Бұрын, КСРО кезінде оқулықтар Қазақстаннан жеткізіліп тұрған болса, қазір ол тоқтаған. Сондықтан жұртшылық балаларының Қазақстанда білім алуын қалайды, балаларын осы жақта оқыту – тұрақты қалыптасып келе жатқан құбылыс.

 

Несие – 1,6 пайыз өсіммен

 

Қысқасы, Ақгүлден біз Монғолиядағы қазақтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсы екенін білдік. Онда әрбір адам қолындағы малын кепілге қойып, банктен несие иемдене алады екен.

 

«Мұғалімдерге, тіпті малшыға да несие 1,6 пайыз өсіммен беріледі екен, – дейді Ақгүл. – Сондай-ақ мұғалімдерге жер телімі тегін беріледі. Қалаған жерді иемденіп, бұл жөнінде әкімшілікті құлақтандырады да, ол жерге үй салуға кіріседі».

 

Ол жақтағы мұғалімдердің біздің ақшамен шаққанда 50 мың теңге жалақыға қысылмай күн көретінін білдік. «Біздегі 100 мың теңге жалақы алатын мұғалімдердің тұрмысымен тең келеді десем болады, – дейді Ақгүл. – Өйткені онда біздегідей қымбатшылық жоқ». Яғни біздегі ұстаздар сияқты «баламды оқытамын», «пәтер аламын», «жер сатып аламын», «той жасаймын» деп несие алып шығынға батпандап батып жатқан мұғалімдер ол жақта болмайды екен.

 

Монғол қазақтары өзге ұлтқа қыз бермейді

 

Ақгүл бізге ол жақта қазақ қыздарының монғолға, өзге ұлт өкіліне немесе шетелдікке тұрмысқа шығуы дегеннің мүлде болмайтынын да айт­ты. Сол сияқты, қазақ жігітінің өзге ұлт өкіліне үйленуіне де үлкендер жағы тыйым салған. Ал ел үкіметі немесе жергілікті ұлт тарапынан қазақтарға қандай да бір қысым орын алған емес.

 

«Біздің ауылдың әкімі – Ақылбек Әйіпұлы деген туысымыз. Ал аймақ әкімі Ғылымхан Айыпұлы деген кісі. Жалпы, қазақтарға ол жақта ешқандай да қысым жоқ.

 

Өткенде тойға Бақыт деген кісі келді. Кезінде қызметке тұруына әкем көмектескен еді. Ол полковник шенін алыпты, Монғолияда оны «Ұшуч» дейді. Сол кісі полковник болдым деп қуанышымен бөлісті. Яғни Монғолияда ла­уазымды қызметте көтерілуге  сауатты, өз ісін жетік білетін әр маманның мүмкіндігі жоғары. Кімнің де болса ұлтына қарамайды», – дейді Ақгүл.

 

...Қысқасы, Монғолиядағы төркін жұртына барып қайтқан Ақгүлден біз осындай әсерлі әңгіме естідік. Оның сөздерінен қазақи тәрбиенің, қазақ қызына тән ибалылықтың ізі аңғарылып тұрды.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ