«Жедел жәрдем» 3 сағат күттіріпті

06.03.2018
Қаралды: 524

Редакциямызға Шымкент қаласының Сайрамбай есімді тұрғыны келді. Ол кісі бес жылдан бері ІІ топ мүгедегі екен. Келген себебі – Шымкент қалалық жедел жәрдем қызметіне көңілі толмайтынын жеткізуді ұйғарыпты.

 

«Бұл мәселені жиырма жылдан бері серігіме айналған «Замана» газеті арқылы қозғағым келді, – дейді ол. – Менің денсаулық сыр беріп, өкпе, ішкі құрылыс, жүрек ауруларымен күресіп келе жатқаныма бірнеше жылдар болды. Бір рет өкпеме ота жасалған, содан бері күтініп жүремін, майлы тамақ жемеймін. Құлағым да естімейді. Өзім Төлеби ауданының тумасымын, отбасылы болғанша сонда шаруашылықпен айналыстым. Кейін қалаға көшіп келіп, «Мылқаулар қоғамында» біраз жыл еңбек еттім, сол жерден зейнетке шықтым.

 

Болат Жылқышиев облыс әкімі болған тұста «Нұрсәт» мөлтекауданынан екі бөлмелі үйге қол жеткізген едім. Отбасылық жағдайымды, денсаулығымның жоқтығын ескеріп маған баспана берген, қазір сонда тұрамын.

 

Кейінгі екі жылдан бері ауру меңдеп, қиналып жүрмін. Жан қысылғанда жедел жәрдем қызметіне жүгінеміз. Олар келгенше жолына қарап, күтіп отыратынымыз бар. «Әттеген-айы», таяуда осы сала қызметкерлеріне көңілім қалды.

 

Сол күні ішім бүріп ауырып, қызуым көтеріліп кетті. Әйелім «103»-ке хабарласып, шақырды. Сол күні олар келіп, мені №2 ауруханаға алып кетті. Ондағылар тиісті ем-дом көрсетіп, «қорқатын ештеңе жоқ» деп бір күннен соң қайтарып жіберді. Үйге келген соң іш қайта мазалап, есімді шығарды. Күндізгі сағат 11.00-де қайтадан жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болдық. Қара терге түсіп, әлсіреп, жаным көзіме көрінді. Сағат болса 12-ден асып барады. Күткеніміз келмеді. Қызуым басылмаған соң түскі сағат 1-дің шамасында ваннаға мұздай су толтырып, соның ішінде жаттым. Су жылып кетсе, қайта толтырды. Суға мұз салдық. Не керек, осылай итшелеп жүріп дене қызуы ақырындап түсе бастады. Тура 14.30-да ішегіміз үзілгенше күткен жедел жәрдем де келді-ау. Жас жігіт менен, әйелімнен не болғанын сұрап, кешігуінің себебін айтпастан, не тексерместен: «Ертең жергілікті емханаға барып тексеріліңіз», – деп шығып кетті.

 

Мұны өзім де білемін ғой. Олардың бұл ісін өз жұмысына салғырт қарағаны деп түсіндім. Төрт сағат күткізіп, жолын тосып есікке телмірген науқасқа жаны ашымаған тірлік бұл.

 

Өткен жылы да осынндай жағдай екі рет болған. Сонда «қойшы» деп қолды бір-ақ сілтеген едім.

 

Мендегі іш ауыруы екі күн дегенде қойды. Қызуым түсті. Тек денеме суық өтіп кетіп, тамағым содан бергі бір айдан бері қарлығып жүр. Ауруға ауру жамап отырысым мынау енді.

 

Сонда біздің ірі мегаполиске айналғанымыз, жыл сайын аталмыш салаға ондап-жүздеп берілетін көліктер мен жасалып жатқан мүмкіндіктерден озғанымыз қайсы?»

 

Редакциямызға арнайы келген азамат осылай дейді. Ол ауырып, қиналған сәтте қол ұшын беруі тиіс қызмет өкілдері өз ісіне жауапкершілікпен қарамаса, халықтың наласына қалатынын айтады. «Әрине, бұл салада еңбек етіп жүрген жандардың барлығы бірдей ондай  емес, адал жұмыс істейтіндері көп. Тек қатарындағы кейбір адамдар өз әрекетімен адал іске кір келтірмесе екен», – дейді оқырманымыз. Оның бұл сөзі жөнсіз емес-ау.

 

Д.МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ