Ауылда айрықша білім орталығын ашқан азамат

08.07.2018
Қаралды: 294

«Оқушының білімін көтеру үшін алдымен мұғалімнің білім деңгейін көтеру керек екенін түсіндім. Сол мақсатта аудандық мектептердегі химия пәнінің мұғалімдерін орталықта ақысыз түрде оқытуды қолға алдым. Бұл бір жағы үйрету, бір жағы тәжірибе алмасу», – дейді жас маман, химия пәнінің мұғалімі.

 

Баймұрат Анарбекұлы – «Біздің болашақ» білім орталығының директоры, онлайн химия академиясының негізін қалаушы, химия ғылымдарының магистрі. Ол Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетін химия пәні бойынша тәмамдаған соң Темірлан ауылына келіп, өз қажыр-қайратымен өзі үш жыл армандаған білім орталығын ашады. Қазіргі таңда мұнда ағылшын тілі, химия, физика, математика және мектепке дайындық курстары бойынша 60-қа жуық оқушыны ҰБТ-ға дайындап жатыр. Орталықта оқыған оқушылар жақсы білім нәтижесін көрсетіп, түрлі сертификаттар мен грант иегерлері атануда. Орталық жанынан «ENGLІSH CLUB» клубы, яғни ағылшын тілінде сөйлесетін клуб жұмыс жасайды. Бұл жерге әр сенбі сайын кез келген адам келіп, тегін қатыса алады. Клуб мақсаты – ауданымыздағы оқушылардың ағылшын тілінде еркін сөйлеуіне көмектесу. Болашақта АҚШ азаматтары келіп, клуб жұмысының дамуына үлес қосуын жоспарлап отыр. Сонымен қатар ауданаралық деңгейде өткізілген «Анаға хат» байқауының жеңімпаздарына «Біздің болашақ» химия, математика және ағылшын тілі пәндері бойынша орталықта тегін оқуға ақысыз грант ұсынып отыр. «Ауданымыздың дамуы үшін аз да болса қосқан үлесіміз», – дейді Баймұраттың өзі. 

 

– 1988-жылы дүниеге келгенмін. Үш жасқа толған кезімде, Кеңес Одағы құлауының нәтижесінде барлық жерде жұмыс орындары жабылып, халық жұмыссыз қалды. Оның зардабы біздің отбасымызға да әсер етті. Ата-анам бізді асырап-бағу үшін түрлі жұмыстарды істеді. Әкем базарда арба айдаса, анам үйде тандырға нан жауып, базарға апарып сатып жүрді. Қарнымыздың тойғанына шүкіршілік ететінбіз. Үйде жейтін нан болмай қалып, ұн салатын ыдыстың түбін қақтап, ұннан атала жасап ішкен күндеріміз де болды. Содан болар, жастайымнан еңбекке араластым.

 

Осындай кездерде де әке-шешеміз бізді білім алуға баулыды. Мектепте өте жақсы оқыдым. 11-сыныпты бітіріп, армандаған ҚазҰУ-дің химия факуль­тетіне оқуға түстім. Оны бітірген соң магистратураны оқи жүріп, сол жерге жұмысқа орналастым. Магистратура оқып жүргенде тәжірибе алмасу мақсатында Чехия мен Германияға барып қайттым. Шетелге барған соң еліміздің басқа мемлекеттерден қаншалықты қалыс қалғанын көзбен көрдім.

 

2016-жылы Алматы қаласындағы аймақтық тестілеу орталығына химия пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Жұмыс істеп жүріп Алматы облысының барлық мұғалімдерінен өз пәндерінен тест алдық, нәтижесі өте төмен болды. Олардың нәтижелерін көрген соң шынында да жүрегім ауырды. Байқасақ, мұғалімдердердің арасында өз пәнін мүлдем білмейтіндер жетерлік екен.

 

Сол жылдың тамыз айында мені тестілеу орталығының Шымкент қаласындағы филиалына ауыстырды. Өкінішке орай, Шымкенттегі жағдай да Алматы облысының жағдайынан жақсы болмай шықты. Сол кезде болашақта  мұғалімдердің білім деңгейі көтерілуіне атсалысатын боламын деп іштей шешкен болатынмын. Міне, бүгінде орталықта мұғалімдерді тегін оқыту, білімдерін жетілдіру – өз қа­лауым­мен болып жатқан іс деп мақтанып айта аламын. Бұл білім бөліміне өз тарапымнан ұсынылған менің бас­тамам еді.

 

Университетте оқып жүрген кезде ауылға барып, балаларға сабақ берсем деп армандаушы едім. Тестілеу орталығында жүргенімде сол арманымды жүзеге асырудың мүмкіндігі туып, сенбі күндері өзім оқыған мектепке келіп, оқушыларға тегін сабақ бере бастадым. 8-сыныпқа химия пәнінен, ал 9-сыныпқа Алаш зиялыларының оқу-білімге байланысты өлең­дері мен өмірлері туралы айтылатын қосымша сабақтар беріп жүрдім. Екі айдың ішінде оқушылардың білімге деген көзқарасын өзгерттім. Еңбегімнің нәтижесін байқап, егер бір мектепті өзгерте алсам, онда ауданды да өзгертуге болады деп ойладым. 2016-жылдың желтоқсан айында көп адамның қарсылығына, қомақты жалақыма қарамастан өз еркіммен жұмыстан шықтым. Себебі менің мақсатым басқа еді. Ауыл-аймақтардағы мектептердің жағдайы өз басымды қатты алаңдататындықтан, қалайда ауыл оқушыларының білім деңгейін көтергім келді. Сөйтіп 2017-жылы Темірланнан білім беру орталығын аштым. Мұнда келгенде оқушылардың біразының білім деңгейі өте төмен еді. Бес айдың ішінде біз оқытқан оқушылардың 80 пайызы грантқа оқуға түсті.

 

– Онлайн химия академиясы туралы ой қайдан келді?

 

– Жұмыс барысында көптеген идеялар келеді. Сол идеялардың бірі – республика бойынша оқушылар мен мұғалімдерді онлайн түрде оқыту болатын. Бірде «Youtube» желісінен «Бизнес Бастау» сабақтарын көріп отырып, бизнес-тренер Ахметбек Нұрсиланың физика пәнінің мұғаліміне онлайн сабақ оқыту туралы айтып жатқанын естіп қалдым. Содан маған да химиядан неге оқытпасқа деген ой келді. Қазіргі таңда сол ойымды жүзеге асырып, онлайн химия академиясын құрдым. Бүгінде Қызылорда, Маңғыстау және Қарағанды облыстарынан оқушылар мен мұғалімдер онлайн түрде білім алып жатыр. Алдағы күндерде бір мезетте 20 мың адамға сабақ беру жоспары тұр. Тіпті болашақта мектеп ашсам деген ой да жоқ емес. Айта берсем, алға қойған мақсатым да, жоспарым да жетерлік. 

 

– «QAZROBOТ» үйірмесі туралы айтып кетсеңіз.

 

– Кезекті идеямның бірі – робот жасайтын үйірме ашу болатын. Сол күні ғаламтордан түрлі видеоларды көрдім. Шетелдік сайттарды қарап отырып, мен де, бұйырса, ауданымда осыны қолға аламын деп ойладым. Байқасам, елімізде тек Назарбаев зияткерлік мектептері мен қазақ-түрік лицейінің оқушылары ғана робот жасайды екен.  Барлық баланың атал­ған мектептерде білім алуға мүмкіндігі бола бермейді ғой. Сондықтан ауыл мек­тептерінде оқитын балаларды робот жасауға үйретіп қана қоймай, оларды түрлі жарыстарға дайындап, жүлделі орындарға көтеремін деп алдыма тағы да бір мақсат қойдым.

 

Бірде шәкірттерімнің бірімен сөйлесіп отырып, ауданымызда қолынан іс келетін дарынды баланың бар екенін білдім. Хабарласып, оны «Біздің болашақ» білім беру орталығына шақырдым. Ол келісті.  Барлық жоспарыммен танысқан соң менің ұсынысымды қабылдады. Сөйтіп, орталығымыздан «QAZROBOТ» үйірмесін аштым. Меніңше, әрбір оқушы робототехникадан білім алуға лайықты.

 

– Сіздіңше, біздің қазақ балаларына жетіспейтін тағы да не нәрсе?

 

– Қазақ балаларының мықты болуы үшін ең алдымен қазақтың тілін, дінін, дәстүрін, әдеп-ғұрпын білуіміз керек. Сонымен қоса заманауи білім­дерді толық меңгеріп, алған білімді халықтың арасына жаю қажет. Егер алған қандай да бір біліміміз халыққа пайдалы болса, оны тез арада ел арасына жаюымыз керек. Әлемде білімімен озып тұрған Финляндия мен Сингапур елдері сияқты боламыз деп алдымызға мақсат қоюымыз қажет.

 

Қазаққа қазір жетіспей жүргені де осы – білім. Әлі қараңғыда жүрміз. Балаларымыздың білім алуын қадағаламаймыз. Мектептен келген баламыздан бүгін қандай тақырыпта сабақ өттіңдер деп сұраудың орнына бүгін қанша алдың деп сұраймыз. Әйтеуір бестік бағасына мәзбіз. Баламыз алған білімін өз өмірінде қолдана ма, қолданбай ма – онда жұмысымыз жоқ. Осындай селқос тәрбие жаста­йынан баланың қанына сіңіп қалады. Сосын балаларымыз базарда, құрылыста болмашы айлыққа жалданып, күн көреді. Болмаса ішімдікке, темекіге әуес болады. Егер балаларымыздың біліміне кішкентайынан көңіл бөлсек, ол өскен соң қой бақса да бірнәрсені біліп бағатын болады. Сөйтіп жүз қойдан мың қойдың өнімін алар еді деп ойлаймын. Не десек те қазақтың баласына ең алдымен білім қажет.

 

– Ол үшін нені өзгерту керек?

 

– Ол үшін әр адам өзін өзгертуі керек, өзгерісті өзінен бастауы қажет. Содан соң ғана ұл-қызын тәрбиелегені дұрыс. Өз-өзін тәрбиелегені – ұлтын тәрбиелегені екенін ұғынуы керек.  Қай саланың дамуын қаласақ та елдің өзгергенін күтіп жүрмеуіміз қажет. Бірінші кезекте өзіміз өзгеруіміз керек.  Себебі сенің өзгергенің – жанұяңның өзгергені, жанұяңның өзгергені – елдің өзгергені, ал елдің өзгергені – бүкіл қазақ халқының өзгергені деген сөз.

 

– Әңгімеңізге рахмет, ісіңіз өрлей берсін!

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ