«7-20-25» бағдарламасымен үйді қалай алуға болады?

04.07.2018
Қаралды: 136

«Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» қызметкерлері таяуда Шымкент қаласы әкімдігінің халықтық кеңсесі ғимаратында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын бастаған болатын. Соның нәтижесінде біршама сауалдарға жауап алып, көптеген ақпараттарға қанық болып қайтқан едік. Кезекте тұрғандарға қарап, кеңес алғысы келетін адамдардың қарасының көптігін байқадық.

 

 

Бұл бағдарламадағы ерекшелік – несие алушы азаматтарға тұрғын үй 7 пайыз үстемемен және 20 пайыздан аспайтын бастапқы жарнамен 25 жыл мерзімге дейін беріледі. Бағдарлама бойынша қызмет көрсетулер үшін банк тарапынан ешқандай комиссия алынбайды. Бағдарламаға тұрақты еңбек кірісі бар, меншігінде баспанасы және ипотека бойынша қарызы жоқ Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады. «Қарыз алушының жалақысы қанша болуы керек?» – деген сауалымызға: «Бағдарлама бо­йынша қарыз алушының ең төменгі табыс деңгейі қанша болуы керектігі көрсетілмеген, дегенмен расталған кірісінің ипотекалық қарызды төлей алатын дәрежеде болуы шарт. Олай болмаған жағдайда қарыз алушыға кепіл бола алатын адам қажет», – деп түсіндірді. Бұл бағдарламаға мемлекеттік және әскери қызметкерлермен қатар, мүгедектер, көп балалалы аналар да қатыса алады. Бірақ бұл топтағы адамдардың бәріне қойылатын бағдарлама шарты бірдей болғандықтан, арнайы жеңілдіктер қарастырылмаған.

 

Бағдарламаға сәйкес, баспаналы болу үшін міндетті түрде алынатын тұрғын үй құнының 20 пайызы болатын алғашқы жарнаны құю қажет. 20 пайыз арнайы белгіленген көрсеткіш болғандықтан алғашқы салым 20 пайыздан көп немесе аз болмауы қажет.

 

Аталмыш бағдарлама негізінде қаламыздағы сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғарғы құны – 15 миллион теңге деп белгіленген. Осыған сәйкес есептеп көрер болсақ, мысалы, құны 15 миллион теңге болатын үйдің иесі атану үшін 3 миллион салып, ай сайын шамамен 57  мың теңге төленетін болса, 10 миллион теңге тұратын үй үшін 2 миллион салым салып, шамамен 85  мың теңге ақы төленіп отыруы тиіс. Егер қолыңызда ондай қаржыңыз болмаса, «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінен» алдымен депозит ашып, соған ай сайынғы мөлшерде ақша салып отыру арқылы жинауға да болады.

 

Алынатын пәтерлер мен үйлер тек жаңа тұрғызылған көпқабатты үйлерден болуы қажет. Соған қоса, алушының өз таңдауы бойынша жаңадан салынған жеке үйлерді де ипотека бойынша иемденуге мүмкіндік бар. Бастапқы жарнаны жинап болған адам өзі сатып алатын тұрғын үйді таңдайды. Содан соң банк несие алушыны тексереді, егер ол барлық шарттарға сай келсе, келісім-шарт жасасып, қарыз алушы тұрғын үйді ипотекаға ала алады.

 

Несие алу үшін жеке куәлікпен қатар ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша берешектің жоқтығы туралы анықтама, жұмыс орнынан соңғы алты айдағы кіріс туралы немесе БЗЖҚ  зейнетақы шотынан алты айлық ақпарат және отбасы мүшелерінің әрқайсысы үшін 15 шаршы метрден аз болатын пайдалы алаңы бар жатақхана немесе апатты жағдайдағы үйден басқа, Қазақстан аумағында жеке тұрғын үйі жоқтығы туралы анықтама қажет болады.

 

«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасына «Центркредит», «Еуразия», «АТФ», «RBK», «Халық банкі», «Цеснабанк», «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» қатыса алады. «Жыл соңына дейін «Сбербанк» пен «Forte банк» қосылуы мүмкін», – деп көрсетеді ҚР Ұлттық банкі.

 

Бүгінде аталған бағдарламаның операторы – «Баспана» ипотекалық ұйымы болып табылады. «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» кеңесшілерінің айтуынша, бұл банктердің бағдарлама бойынша несие берудегі шарттарында айырмашылық жоқ. Дегенмен басқа да қосымша ақпарат алғысы келетіндер үшін «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» сайтына кіріп, видеоқоңырау арқылы тегін кеңес алуға мүмкіндік бар екендігін де айта кетті.

 

...Міне, тұрғын үй аламын деушілерге аталмыш бағдарламаның осындай ерекшеліктері бар екен. Баспана – еліміздегі басты мәселелердің бірі деп айтар болсақ, оның шешілу жолында осындай шаруалардың да орын алып жатқанын айта кеткіміз келді.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ