Егер мен министр болсам...

04.07.2018
Қаралды: 369

«Замананың» сайтында жарияланған мақалаларды әлеуметтік желідегі түрлі топтармен бөліскенде көптеген оқырман оған қатысты өз пікірін білдіріп жатады. Солардың бірі – Алматы қаласының Ботакөз Әлімбаева есімді тұрғыны. Ботакөзді қоғамымызда болып жатқан көп жайлар толғандырады екен. Бұған қатысты жазбаларын әлеуметтік желіден көзіміз жиі шалады. Таяуда ол бізбен хабарласып, осындай жазбаларының бірқатарын газетімізде жариялауды сұрады. Ботакөздің «Егер мен Білім министрі болсам...» деген тақырыптағы жазбасы назарымызды ерекше аударғандықтан оны газетте жариялауды ұйғардық.

 

Сонымен, алматылық мұғалім замандасымыз Ботакөз Әлімбаева былай дейді:

 

Егер де мен Білім министрі болсам, онда:

 

Мемлекеттің білім саласын ең жоғарғы деңгейге жеткізу үшін ұстаздар қоғамның беделді тұлғасы болуы жолында еңбек етер едім. (Ұстаздардың желілік маркетингте істеп, косметика, киім-кешек саудалауын тоқтатамын);

 

Дамыған мемлекеттердің жалпы орта, негізгі білім беру орындарына ұстаздарды тәжірибе алмасуға жиі жіберіп, электронды нұсқадағы журнал-күнделік, «білімленд» секілді жүйелер мен дистанционды жекелеген конкурстардың педагогтарға тиімді-тиімсіз тұстарын анықтай отырып, педагогикалық кеңес құру арқылы кез-келген шешімді ортақтаса қабылдаған болар едім;

 

Мектептерді аттестаттау, түрлі салалардан келетін тексерулерді парасыз өткізуді талап етер едім;

 

Жаңа технология, ресурстар, мультимедиялық кабинеттер, тәжірибелік-лабораториялық жабдықтал­ған оқу кабинеттерін жарақтандыруға бірінші кезекте қаржы бөліп, оның талан-таражға түспеуін, айқын мақсаттарға жұмсалуын қадағалап отырар едім;

 

Әскери қызметкерлер секілді мұғалімдердің барлығын дерлік бірыңғай форма киюін және ұстаз­ға тән белгілі бір шендер (кадет корпустары секілді) беруді қолға алар едім. (Қазір қай мұғалімнің қандай лауазымда екенін айырудан қалдық);

 

Зейнетке 50 жастан шығарып, оларға шетелге жолдама беруді кәсіподақтарға міндеттер едім. Яғни зейнеткер мұғалімдерді автоматты түрде тренерлік курстарды жүргізуге, жас мамандарды үйретуге жібергім келеді. (Әрине, өз қалауымен. Бірден зейнетке кеткен ұстаздың дипрессияға шалдығып, бейнетінің зейнетін көре алмай кетіп жатқандығын байқап жүрмін. Бұл – үлкен қиянат);

 

Қағазбастылықтан құтылудың жолын қарастырып, бір сыныпқа екі сынып жетекшісін бірі тәрбиеге, екіншісі білімге жауап беретіндей етіп тағайындаған болар едім;

 

Кеңестік замандағыдай балаларды еңбекпен тәрбиелеуді қайта жандандырар едім. Өйткені қазір балалар еңбекке ерте араласпағандықтан әлжуаз, іске ебі жоқ күйде қалыптасып жатыр.

 

Жас мамандардың бәрінің пайызы төмендетілген, бөліп төлеуге мүмкіндік берілетін пәтермен қамтылуын қолға алар едім. Олардың алаңсыз жұмыс жасауы үшін балабақшалар салдырып, несие алуына тосқауыл жасар едім. (Өкінішке орай, бүгінгі таңда несие мұғалімнің отбасын құруына, ұстаздық беделіне, жұмыс барысына өз кесірін тигізуде);

 

Мектеп директорларының жас мамандарды жұмысқа алу үшін пара талап етуін тоқтатып, лауазымдық міндеттерінен өзге де жұмыстарға мойын бұрғызбастай етіп, яғни ұстаздар жергілікті басқару органдарына емес, тек Білім министрлігі мен білім бөлімдеріне ғана бағынуын қадағалайтын едім;

 

Әр мектептегі саны бар, сапасы жоқ орынбасарларды азайтып, тек әдістемелік көмек беретін басшы мен әдістемелік кабинет меңгерушісін ғана қалдырар едім;

 

Мектептердің барлығын дерлік бір ауысымға ауыстырып, екінші ауысымда ұстаздарды тәжірибе алмасу, дайындалу, спорттық ойындар, бассейн, дискотека, классикалық би, хип-хоп сияқты физикалық дайындықтарын шыңдай түсетін спорт түрлеріне бағыттайтын едім;

 

Оқушылардың біркелкі мектеп киімін ұлттық нақышта тіктіртер едім;

 

Ата-ананың мұғалімдерге бейберекет талап қоюын тоқтатып, баласының ұстаздар беделін аяқ асты етуін тоқтату арқылы тәрбиенің негізгі бөлігін ата-ананың өзіне жүктер едім;

 

Ең негізгі ұстанымым: сабақтың ең басты құрамының ұлттық-рухани педагогикамен ұштасуын қалыптастыра отырып құрылуының негізге алынуын міндеттейтін едім. Ұлттық ойын, имандылық, тарих, өнер, басқа тілдер мен заманауи техникадан бұрын, ілгері оқытылуына мән беріп, өз ана тілін жете меңгергеннен кейін ғана өзге тілге бет бұруды талап етер едім;

 

Әлеуметтік жағдайды айтпай кетуге болмас. Сағат санын 15-16 сағат жасай отырып, ставкалық айлық жалақыны мұғалімнің еңбегі мен өтіліне қарай жыл сайын артып отыруын қадағалар едім.

 

Соңғы жылы актуалды бас ауруы болған аттес­тацияны мүмкіндігінше тоқтатып, ұстаздың беделін түсіретін бірден-бір осы мәселені түбірімен жояр едім.

 

Қазіргі таңда «қарын ашырып» жүрген бірқатар мәселелерді мен осылай шешер едім. Ал сіз министр болсаңыз қандай әрекеттерді қолға алар едіңіз? 

 

Ботагөз ӘЛІМБАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ