Сайрагүл Сауытбай – бостандықта!

08.07.2018
Қаралды: 303

Барша ұлтжанды азаматтарды алаңдатқан, шетелдіктердің де назарын аударған маңызды бір істің соңы оңды нәтижемен аяқталып, қалың ел қатты қуанып жатыр. Басына қауіп төніп, амалының жоғынан Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен, сол үшін айыпты болып, екі айдан аса  уақытша оқшаулау абақтысында отырған қытайлық қазақ қызы Сайрагүл Сауытбайға қатысты сот үкімі шықты. Ең бастысы, ол Қытайға қайтарылмайтын болды.

 

 

Заңның аты – заң, Сайрагүлге шекараны заңсыз бұзып өткен деген айып тағылды. Ол бұл айыпты мойындады, Қазақстанда қандай жазаға кессе де риза екенін айтып, тек Қытайға қайтармауды өтінді. Мемлекеттік айыптаушы, прокурор Арзыгүл Имярова сот процестері кезінде С.Сауытбайдың отбасымен қауышу үшін шекараны амалсыздан кесіп өткенін айтып, оған шартты жаза қолдануды, Қазақстан шегінен шығармауды, сот залынан босатуды сұрады. Яғни сотта айыпталушының жазасын жеңілдететін жайлар басты назарға алынды. Судья Динара Құйқабаева көп ұзамай сот шешімін жария етті.

 

Судья С.Сауытбайдың қылмысты отбасымен қауышу үшін жасағанын айтып, оны ауыр қылмыс деп есептемейтінін білдірді. Ол айыпталушыны шекара бұзғаны үшін кінәлі деп тауып, оған 6 ай айға бас бостандығынан айыру түріндегі шартты жаза тағайындады. Үкім шығарарда Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бала құқықтары жөніндегі Конвенциясында бекітілген жайлардың басшылыққа алынғанын жеткізді. Жалпы, Сайрагүл 6 ай мерзімге пробациялық бақылауға алынатын болды. Оның қамақта отырған екі айы осы мерзімнен шегеріліп тасталады.

 

Кешегі 1-тамызда өткен сот процесінде Сайрагүл Сауытбай сот залынан бостандыққа шығарылды. Оны осы сот процестерінің басы-қасында жүрген жанашырлары, ұлтжанды азаматтар қуана қарсы алды. Сайрагүл де өзіне қол ұшын созған азаматтарға, барша халыққа, басшы азаматтарға ризашылығын білдіріп, жүрекжарды сөздерін арнады.

 

Қысқасы, Сайрагүл еркіндікке шықты, ол Қазақстанда қалдырылатын болды. Енді оған Қазақстан азаматтығын алуға мүмкіндік туып отыр. Қуаныш ұзағынан сүйіндіргей дейміз.

 

Біз сондай-ақ Сайрагүлге тегін қорғаушылық қызмет көрсеткен Абзал Құспанға, осы істің басы-қасында жүріп, Сайрагүлге сүйеніш болып, қолдау көрсеткен, аты-жөндері аталған-аталмаған барша ұлтжанды азаматтарға өзіміздің ризашылығымызды білдіреміз. Осы іс арқылы елдігіміз көрінді, бірлігіміз білінді, көп адамға үлгі боларлық шаруа атқарылды. Сол үшін де Сіздерге Алланың нұры жаусын, ардақты бауырлар!

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ