Жабағылы демалушылары неге жабырқау?

02.07.2018
Қаралды: 1462

Табиғаты таңғажайып Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» шипажайында шілде айының бел ортасында демалып, ем қабылдаудың сәті түсті. Бұдан бұрын да мен бұл демалыс орнында бір емес, бірнеше рет болғанмын. Биылғы жылы барғандағы бір өзгешелік, бұл орталық жеке кәсіпкердің қарамағына өтіпті.

 

Бір маусымда демалуға келген 200-ге жуық кісінің басым көпшілігі өзіміздің Түркістан облысы мен Алматы қаласынан болды. Дені қарт кісілер, әрқайсысы әртүрлі аурудың қамытына ілігіп, зардап шегушілер десе де  болады. Осы шипажайда біздің көңілімізге ерекше қаяу түсіргені – бірде асхана, бірде ем қабылдау орындарында айқай-шудың жиі-жиі қайталанып жатқаны болды. Бұлайша халықтың мазасын алған сонда бұл не мәселе дейсіздер ғой? Айтайық.

 

– Бұл мекеменің жанашыр басшысы бар ма өзі? Келгелі бері төрт күн болды, не балшық, не ванна емін алған жоқпыз. Анау жоқ, мынау жетіспейді деген себеппен емдеу бөлмелерінің есігі жабық тұр. Бізден он күндік қызметі үшін 90 мың теңгемізді шытырлатып тұрып санап  алған шипажайдың қызмет қайтарымы қайда? Басшылардың жауапкершілігі деген болмаушы ма еді? Осы уақытқа дейін бірде-бір басшысы келіп: «Қалайсыздар, ем-дом, дастархан мәзірі көңілдеріңізден шығып отыр ма?» – деп жағдайымызды сұрап, біліп, ілтипат танытқан емес, – деген алматылық демалушылардың наразылығын қолдап, қостаушылар көп болды.

 

– Мен сіздерге айтайын, – деді жасы 80-ге келген шымкенттік ғалым ақсақал, профессор Әлімқұл Байбөлеков әкімшілік қызметкерлеріне жаймен ғана сабырлы сөйлеп, – әлгінде алматылықтар айтқандай, біраз күн тоқтап барып, қайта жұмыс істеген ваннаның алдында емделушілердің қарасы көп. Соншама халыққа күн ұзаққа қызмет ететін бір-ақ медбике бар, ал қайсысына үлгереді? Көзіміз көріп тұр,  емделушілерді қабылдап, реттеп отыратын медбике мұнымен қоса босаған ванна ыдысын өзі жуып, өзі тазалайды, суын толтырып, қосатын қоспасын өзі дайындайды. Нәтижесінде бәрі асығыс атқарылады. Асығыстық орын алған жерде, жасыратыны жоқ, санитарлық-гигиеналық талаптар өз дәрежесінде сақтала бермейді.

 

...Осындай айқай-шу, ағалық ақылға толы байыпты ұсыныстан соң ванна суымен емделетіндерге қосымша көмекші берілді.

 

Осы сияқты орынды талап асханада да орын алды. «Сіздердің мына ас-ауқаттарыңыз, әрине, диеталық түрге жатады. Жарайды, солай-ақ болған күннің өзінде жеміс-жидегі мол облыста орналаса отырып, бізге беріп жатқан  жаңа өнім салаттары балабақша тәрбиеленушілеріне  берілетіндей көлемде, бір-екі шоқым ғана ғой», – деген көпшіліктің талабынан соң асханадағы жалпы дастархан  мәзірі де біраз жақсарып шыға келді.

 

Бұған қоса жатын бөлмелерде бірде ыстық, бірде суық су болмағандықтан демалушылар қолдарына ыдыстарын алып, әрі-бері жүгірумен әбігерге түсіп жатты. Бұл аз десеңіз, жарықтың да жиі-жиі өшіп қала беретіні демалушылардың жүйкесін жұқартумен болды. Демалушылар:  «Осындай олқылықтарды болдырмау үшін өз мойнына бар жауапкершілікті алып отырған басшы кәсіпкер неге жоспарлы жұмыс жүргізбейді?» – деп орынды реніштерін білдіріп жатты.

 

Бұл – бұл ма, ем алушыларды емдеу орындарында ауадай қажет болып саналатын үлкен сүлгіден қысып  тастағандарын да түсіне алмадық. Бұл айтылуға ғана майда-шүйде болып көрінгенімен, ол күнделікті қолданыста  үлкен зәрулік тудыратын күрделі мәселе екенін тек ем алу­шылар ғана жақсы біледі.

 

Ал біз бұл шипажайдың атқарушы директоры Рахымжан Қуанышбековті жұмыс орнына қанша рет іздеп барғанымызбен, өкінішке орай, оған жолығудың сәті түспеді. Ал бірінші басшы, шипажайдың негізгі үлкен қожайыны  Алматыда тұратын болып шықты.

 

Осы жайға қарап отырып-ақ біз тілге тиек етіп, өз көзімізбен көрген демалушылардың көңіліндегі түрлі жабыр­қаулардың орын алып отырған себебін айтпаса да түсінуге болады.

 

Бірақ бізге бір белгілісі – ол шипажайдың өз есебі өте  түгел, есепшотқа қаражаттар тоқтаусыз келіп түсіп жат­қандығы. Қысқасы, бұрынғы шипажай мен қазіргі шипажайдың арасы қай жағынан алып қарағанда да жер мен көктей болып тұр. Бұған орай қандай да бір шара қолданылуы керек қой.

 

Серікбай ТҰРЖАН.

Серікбай Тұржанның байланыс телефоны: 8-702-503-74-12.

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ