Йалндйиадан елге қайта алмай жатыр...

02.07.2018
Қаралды: 220

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дейді қазақ. Сол айтпақшы, бүгінде жалақысы жақсы жұмыс іздеп шетел асып жүргендер аз емес. Сондай бірнеше азамат бүгінде Түркиядан елге жете алмай жатыр. Бұл жөнінде әріптесіміз, журналист  Гүлмира Әбіқай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Біз Гүлмирамен байланысып, мәселенің мән-жайын білдік. Бізге кейін әлгі азаматтармен бірге Түркияға дейін барып қайтқан біреуінің телефон нөмірін тауып, әңгімелесудің сәті түсті.

 

Білгеніміз, жұмыс іздеп сабылған 12 отандасымызды Алматыдағы бір компания Тель-Авивте 2500 доллар жалақы төлейтін жұмыс бар деп Түркияға аттандырыпты. Яғни олар Израильге Түркия арқылы баратын болған. Бірақ ол жаққа жете алмай, бүгінде елге қайта да алмай отыр. Олардың әрқайсысы әлгі компаниямен келісім-шартқа тұрып, 2000 доллардан ақы төлеген екен. 25 күннен бері Түркияның Йалндийа қаласында не берген ақшасын ала алмай, не жұмыс таппай, жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.

 

Бұл жөнінде біз сөйлескен Шарифбой Рахманов (суретте) былай дейді: «Израильде жұмыс бар деген жарнаманы «OLX» сайтынан көріп, байланысып едім, «Key Englіsh» компаниясының өкілі қабылдауға шақырды. Ертеңіне Қонаев көшесіндегі №43 үйде орналасқан аталмыш компанияға барсам, мен секілді тәжік, өзбек, қазақ ұлтынан 11 азамат кезек күтіп отыр екен. Кейбірі әйелдерімен де келіпті. Жұмыс іздеген он екі адамға сол жердің бір қызметкері шығып: «Тел-Авивте құрылысшы, мейрамхана аспазшысы мен ыдыс жуушы жұмыстары бойынша 2000 доллардан айлық жалақы төленеді. Сіздер тек ұшаққа билет, жатын орын, ас-ауқат үшін 2000 доллардан құясыздар. Бұл жерге өздеріңіздей талай адам барған, қомақты қаржы тауып, жағдайын да дұрыс­тап алған. Сеніммен қараңыздар. Алаяқтық жасамаймыз, қолдарыңызға келісім-шарт та беріледі. Қалғанын өзіміз ұйымдастырамыз», – деді. Қасымдағылар ақша тауып келетін болып кетті.

 

Содан мен де үйге оралып, әйеліммен ақылдастым. Сосын «Каспий банктен» несие алдым. Тиісті ақшаны «Қазком» арқылы компания берген есеп-шотқа төледім. Қысқасы, үш-төрт күннің ішінде бәрін реттеп, Астана арқылы ұшып, Анталия қаласынан бір-ақ шықтық.

 

Анталияда бізді туристік фирманың автобусы күтіп алды. Құжаттар реттелгенше бірер күн осында боласыздар деген соң сонда қалдық. Бірақ виза мәселесі Йалндийа қаласында шешілетін болып, ертеңіне сонда жол тарттық. Қонақүйден әрқайсымыз­ға бөлме беріліп, тағы да күте тұруымызды айтты. Сонымен бір хабар келіп қала ма деп үш күндей күттік. Жанымдағы кісілер де тыпырши бастаған соң компанияға телефон шалдық. Ондағылар виза мәселесінде аздап қиындық туындап тұрғанын айтып, аз күнде Тель-Авивте болатынымызға сендірді.

 

Арадағы екі күн тым-тырыс өтті. Қайта телефон соқтық. Тұтқаны көтермейді. Ақырында күтіңіздер деп созбалаңға салып жіберді. Мен күдіктеніп, қайтуға бел байладым. Себебі қолымдағы билетпен 10 күннің ішінде кері қайтуға да болатын.

 

Мен 10-маусымда үйге келдім де, «Key Englіsh»-ке байланысып, ақшамды қайтаруларын талап еттім. Олар келгенімді естіген соң маған ақшамды қайтармаудың амалына көшті. Енді мені Чехияға жібермек болды. Онысынан бас тартып, бергенімді қайтарып алуға әрекеттендім. Олар жолатпай, тіпті келісім-шарт бұзылса бір тиын да қайтарылмайтындығын ескертті. Ақырында олардан мынадай хат келді: «Добрый день! Имейте в виду, ваши паспорта с полным именем и фото укажут по новостям, в качестве беженцев, которые решили продать и предать свою родину ради большого заработка. Теперь наше государство вынуждено взять вас под особый контроль. Ваше имя у всех на устах в Казахстане. Отправить деньги неизвестно на какой счет или без вашего официального согласия никакая организация в мире не сможет. Поэтому просим для приобретения авиабилетов или перечисления денег отправить нам свое письменное подтверждение».

 

Бізді осылай қорқытып отыр. Сосын Алматы қалалық прокуратурасына арыз жаздым. Ондағылар екі күнде хабар береміз деген. Бірақ ешқандай хабар жоқ әзірге. Сосын өз құқымды қорғамақ ниетте заңгерге жүгіндім. Заңгер ол компанияның өз басын алып қашатындай түрде келісім-шарт жасағанын, мұндай құжатқа мұқият қарауымыз керегін ескертті.

 

Басым әбден қатты. Алаяқтардың арба­уына түсіп қалғаныма қиналдым. Жұмыссыз отырып несиені қалай төлемекпін? Түркияда жатқан отандастарыма да жаным ашыды. Олар менің күдігімді естісе де сонда қалып қойды. Әрбірінде үш-төрт баладан бар. Барлығы дерлік несие алған. Тіпті екі ерлі-зайыпты жұп балаларын тастап келген ғой. Ол кісілердің перзенттеріне кім бас-көз болып жатыр?»

 

Шарифбой Рахманов бізге осылай деді, бұдан кейін біз Түркиядан елге жете алмай жатқандардың бірі – Маман Жүсіповтің жары Нигара Хайтпаевамен хабарластық.

 

«Күйеуіме бұл компанияның алаяқ болуы мүмкін екенін осынша ескерттім. Құлақ аспады, Израильдегі жұмыстың жалақысына қызықты. Біз де несие алдық. Компания өкілдері 500 доллар қосымша алып шығыңдар деді, оны да істеді. Өзіміз Ұзынағашта пәтер жалдап тұрамыз. Үш баламыз бар. Ендігі күйіміз мынау. Қолымда ақша аударған есеп-шот нөмірі, төлемақыны растайтын түбіртекті алып, көмек сұрап бармаған жерім қалмады. Қасымда Сәния деген келіншек бар. Ол да алаяқтықтың құрбаны болған азаматтың жары. Екеу­леп шырылдап, ақшаны қайтарып алу, жұба­йымыздың елге аман-есен жетуі жолында шама-шарқымызша әрекет жасап жүрміз.

 

Маманмен күнде байланысып тұрамын. Өзімен ала кеткен ақшасы таусылуға жақын қалыпты. Күніне 20 доллар тамағына кетеді екен. Бізді Алматы қалалық прокуратурасына жазған арызымыз бойынша Түркияның Қазақстандағы елшілігіне шақырып жатыр. Жағдайдың қалай боларын сонда барып білерміз», – дейді Нигара. 

 

...Қысқасы, осындай жағдай болып жатыр екен. Біздің қолымызға елге жете алмай жатқан азаматтардың бірқатарының төлқұжат көшірмелері түсті. Елден көмек келеді деген үмітпен Бақытжан, Әсемгүл Мұхамеджановтар, Дәулет Бабаев, Саят Қалиев, Исмайлжон Ергашев, Темур Абдуллаев, Ибрагим Абдибеков, Мереке Рахметова, Маман Жүсіпов және басқалары ол жақта елеңдеп хабар күтуде.

 

Тиісті орындар бұл жағдайға бейжай қарамай, жанайқайын жеткізе алмай жатқан отандастарымыздың Қазақстанға оралуына ықпал етсе екен.

 

Иә, бұл өзі қайбір жетіскен тірлік дейсіз?

 

Дана МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ