Қазіргі қариялардың кәкүр-шүкірден қолы тимейді

01.07.2018
Қаралды: 234

Бүкіл елді өкінтіп, өзегін өртеген оқиға – даңқты спортшының қайғылы қазасы... Ажал айтып келмейді, дегенмен себепсіз қурай да сынбайды. Бір адам өмірімен қоштасты, екеуінің тағдырына балта шабылды.

 

Әрине, қылмыстың аты – қылмыс. Қылмыскерлер тиісті жазасын алар. Алайда олар бұл әрекетке неге барды? Олардың да әке-шешесі қан жылап отырған болар. Қай ата-ана өз перзентінің жаман болғанын қалайды? Әркім шама-шарқынша тәрбие берер, алайда құндылықтың бәрі ақшамен өлшенетін мынау қатігез қоғамда балаларымыз қандай күйде өсіп жатыр? Біреулерінде қалағанының бәрі бар, енді бірі сол барларға қарап, қызығудан қызғанышы басым жағдайда өмір сүруде. Оларда сәнді киім мен қымбат көлік жоқ. Ақылы оқуға да шамасы келмейді. Қалаған жұмысына да тұра алмайды. Нәтижесінде көше тәрбиесімен, өзі құралпы жастармен тізе қосып, қылмыс әлеміне аттанады...

 

«Итің – ұры» десе намыстанатын халық едік. Қазіргі қазақтың ұрлыққа да, зорлық-зомбылыққа да еті үйреніп кетті. Біздің бала кезімізде біреуді өлтіріп кетіпті десе бүкіл ел күңіренетін. Биліктегі басшыларды орнынан жұлып алатын. Адамның құны жоғары еді.

 

Қазір ше? Селт етпейміз. Үйреншікті жағдайға айналып барады. Елде біреудің тұмсығы қанаса, ауыл ақсақалдары ортаға алып, ақылын айтып жөнге салатын. Көнбеген қиқарларын елден аластап жіберетін.

 

Қазір де ақсақалдар бар. Олардың басым бөлігі әкімдерді өз руынан сайлау, балаларын жақсы қызметке немесе депутаттыққа отырғызу, ата-бабаларына ескерткіш орнату сияқты кәкүр-шүкірден қолы тимейді. Ұрпақ тәрбиесі әдірем қалған. Абыз ақсақалдардың орнын жоғарыдағыдай шалдар алмастырған.

 

Ал билікке жүгінсең, сотқа жұмсайды. Соттың жағдайы белгілі. Коммерция! Кімге барып жүгінеміз?

 

Мемлекет құраушы халық ретінде қазақтың басымдығы сезілмейді. Өзге біреу төбелеп кетсе де қамалатын –  қазақ Үш адамнан тұратын өзге ұлтпен құқығы бірдей.

 

Ұлттық идеологияны нарықтық идеология алмастырған. Сатып ал да, билей бер! Жабайы капитализм.

 

Айта берсең, әңгіме көп...

 

Болашағымыз – балаларымыз бол­ғандықтан ертеңгі күніміздің жарқын болуы үшін бүгіннен қамданайық, ағайын! Ұлтымыздың тілін, салт-дәстүрін ұрпақ қанына сіңдіретін ата-әжелер институтын қалыптастырайық, қоғамды жегі құрттай кеміріп жатқан жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастырайық!

 

Сіздер не дейсіздер?

 

Асқар МАМЫРБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ