Бізде бәрі оп-оңай болып кетті

01.07.2018
Қаралды: 214

Қарбалас тіршілік. Қым-қуат тірлік. Жанталасқан дүние. Уақытпен арпалысқан адамдар. Кешегі елді дүрліктірген Денис Теннің қазасынан кейін, қоғамымыздың қай тұсқа қарай қиса­йып бара жатқанын саналы адамдар аңғарып та қалған болар. Егер адам күш салса, қисықты түзеуге, жыртықты жамауға болады-ақ. Бірақ, біздің «қисығымыздың» да, «жыртығымыздың» да жөнге келуі екіталай секілді.

 

Бағамдасақ, бізде бәрі оп-оңай. Олай деуімнің де жөні бар. Түсінгенім, жап-жарықта қаланың қақ ортасымен пышақ ұстап тайраңдау кез келгенге қол екен. Қалтада құр қарап жатпай, «іс тындырсын» дей ме екен, бәкіні қалай болса, солай, бүйірден тығып қалу, санға сұғып алу одан да оңай болып тұр. Ондай «өнерді» игергендер үшін көшедегі көліктің көзге түскен бөлшегін тап бір өзінікі секілді сықитып тұрып сөмкеге салып алып әкету де оп-оңай. Сол оңай жолмен олжа табудың арқасында оның «ұрлық» деп аталатынын білсе де, білгісі келмейтіндер көбейді. Одан арғысы – қазақтың туын биіктеткен жанды жоқтағандарға: «Бір қытай үшін зарламаңдар!» – деп ақылгөйсігендер пайда болды арамызда. Шындығында, Денис Тенді «қытай» деп таныған адамдардың сана деңгейінің қаншалықты төмендігін байқау қиын емес. Бұл – әлеуметтік желіде отырып алып, ештеңенің байыбына бармастан, смартфонның арғы жағынан ауызға келгенді көку де оп-оңай деген сөз. 

 

Қоғамның дертінің дендегені соншалық, дәл бүгін ақылға қонымсыз бірдеңе істеймін десе, бәрі де оңай. Жоспарсыз туылған нәрестені жөргегін желбіретіп, қоқыс жәшігіне тастап кете салудың түк те қиындығы болмағанда, байқаусызда көлікпен басып кеткен баланы кілемге орап, тал түбіне лақтырып кету, аулада жүрген бүлдіршінді тапа-тал түсте зорлап кету адамдар үшін одан да оңай болып тұр емес пе?!

 

Біреуді алдап-арбап, ақшасын қымқыру да оп-оңай. Ол үшін кәсіби алаяқ болу шарт емес. «Мен де сіздей болғанмын, сіз де мендей боласыз» деп «толағай» табысын көрсетіп кеп қал­ғандар үшін «сіз де мендей болыпсыз, мен де сіздей боламын» деп жанұшырып, ығына жығыла кететіндер қатары өзі-ақ пайда болуда. Дәл сол секілді ақшаға ақыл сату да оп-оңай екен. Оқығаны мен тоқығаны мол адам болып көрініп, «теңгеңді төлесең, баюдың жолын көрсетем» деп желіге жарнама салғандардың да тәп-тәуір мұрты майланып қалып жатыр.

 

Біле білсеңіз, жарқ етіп жұлдыз болу да оп-оңай қазір. Жар іздегенсіп «Қалаулымға» келгендер «көк атты мен көн етіктіні кездестіре алмадым» деп күңкілдеп болған соң қалауынша бәлдір-батпағын үйіп-төксе, соның өзі де жетіп жатқандай. Сөйтіп жүріп-ақ аталмыш бағдарламаның символына айналып кеткендер де аз емес. Арғысын тек рейтинг үшін жұмыс жасайтын желпілдектер іліп әкетуде. Сұхбат алуға жарыса шақырып, халыққа көрсеткендеріне мәз.

 

Айтқандай, түнгі клубтың төрінде «шешіну конкурсын» ұйымдастырып, аты шығып жатқандар да жоқ емес екен-ау.  Сондайлардың үлгісі болар, көшеде аймаласқандар, одан қала берді, қаланың қақ ортасында анадан жаңа туылғандай тыр жалаңаш талтаңдап жүретіндер желінің бетін бермей жатқаны жасырын емес.

 

Той басқарып, асаба атану да оңай болып қалды бүгінде. Той жүргізу барысында «ауыз менікі» деп сөйлей беру – кей тамадаға тән қасиетке айналды. Кейде тіпті болмашы ойындарды ұйымдастырып, адамдарды бір-біріне жабыстырып қойып қарап тұратындары да бар. Сол барша туыстардың басы қосылған жерге барып қаздаңдап, қалай болса солай билеуді де ерсі санамайтындардың қатары көбейді. «Менің биім осындай» деп көпшілік алдында шпагатқа отырып жатса да адамдардың өз қалауына айналды. Көйлегінің етегін жалбыраған шашымен бірге бір-екі рет желп-желп еткізіп, бір сәтте ғаламтордың жұлдызына айналып кетіп жатқандар қаншама? «Ұят» деген ұғымды үйде қалдырып кете ме, білмеймін, той біткен соң үстелдегі сарқытты сыйғанынша салып әкете беру де оп-оңай болып қалғалы қашан...

 

Ажырасу да, үйлену де оп-оңай. Тоқал алу да, тоқал болу да оп-оңай. Қалағаныңды жар ету де оп-оңай. Мейлі ол қытай болсын, орыс болсын, өзінен нешеме жас үлкен болсын, тіпті тақырбас болсын – бәрібір.

 

Заманымыздың ағымы өзгергені соншалық, адамдар өз жарларының ұлтына да, дініне де, жасына да, тіпті жынысына да қарамайтын болды емес пе?!

 

Сонда біздер бүгін қандай әлемде өмір сүріп жатырмыз? Мұндай дертке дауа болар нәрсе табыла қояр ма екен? Бір күні оған қарсы екпе таба алмай қор болмасақ болғаны. Себебі иммунитетіміз күннен күнге әлсіреп барады. Денистің «айна» оқиғасынан кейін қоғамымыздың айнадағы бейнесін енді ғана анық байқағандаймыз. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» демеуші ме еді, бұл жерде бәрін бізге көрсетіп тұрған айна емес кінәлі. Оның бетін сүрткенмен еш қайран жоқ. Тек бір жолы сол – әлгіндей «оп-оңайлардан» ары жүру. Сонда ғана бір нәтиже байқалар.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ