Сен ұлтжанды, жалынды жігіт едің...

03.07.2018
Қаралды: 268

Кез-келген ата-ананың бауыр еті – перзенті туралы қағазға түсіріп, дәріптеуі өте сирек кездесер жәйт. Дегенмен кейбір ерекше жағдайларда перзентің жөнінде өзекжарды сөзіңді көпке жеткізу үшін қолға қалам алуға тура келеді. Міне, мен де  жан балам Балаби жайлы өзім зарлы сыр төгуге мәжбүр болып отырмын.

 

Иә, ұлым кенеттен өмірден баз кешіп кете барды. Әке-шешесін, қос құлыны мен сүйікті жарын бір Аллаға асығыс аманат етті де, шұғылдан келместің  сапарына аттанды. Небәрі 28 жастан енді асып еді. Қайғыдан, күйзелістен көз жасым көлдеп жүргені мынау енді. Жан жаралы. Кеудемді қорғасындай қысқан құсаны қайтсем ыдыратармын?

 

Ұланымның атқарып үлгерген талай ізгі істері, қолына алған тамаша тірліктері, жеріне жетуге шақ қалған жаңаша, өзгені қайталамаған жобалары, өзім деген кісіге өзегін жұлып беруге тайсалмайтын өр де ер мінезі, бір бойында толып, тұнып жатқан абзал қасиеттері туралы ақтарылсам, мұңымды көппен бөліссем, ахуалым бәлкім жеңілдер, жаным жұбанар.

 

Баласын әкесінен артық кім білер? Демек, маңдайыма біткен жалғыз  жарығым жайлы мен толғамағанда кімге уәжіп? Жан – шырағымның  жарқылы жайлы тебіренісімді алдымен өзім сыртқа шығарайын.

 

Балабиім 1990-жылдың 1-қаңтарында таңертең дүние есігін ашты. Екі жасында «Арман» балабақшасына барды. Түнде әпкесі екеуіне арналған бөлмеге бармай, анасы екеуміздің ортамызда ертегі тыңдап, өзі былдырлап тақпақ айтып жатып ұйықтайтын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы – анасы ұлға үш жасынан бастап қазақтың ірі ақындарының жырларын оқып бере бастады. Осы өлеңдердің ішінде әсіресе  Махамбеттің өлеңдерін бүлдіршініміз зердесіне тез құйып алатын. Төрт жасында-ақ оның төкпе жырларының шумақтарын бір пәсте-ақ қағып алып, жатқа айтып,  сүйсінтіп жүретін.

 

Жетіге толмай мектепке барды. Екінші сыныптан бастап атақты спортшы әрі жаттықтырушы Бақыт Жан­қараевтың Шымкентте жаңадан аш­қан «Каратэ-до Шотакан» клубына апардық. Үзбей жеті жыл айналысты. Ташкент, Орал, Петропавл, Алматы, Жамбыл қалаларында өткізілген жарыстарға қатысты. Өз облысымызда  ұйымдастырылатын сайыстардан шет қалып көрмепті. Шеберлігі шыңдалып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрді.

 

Каратэмен қоса бірер жыл бокс­тың да қолғабын киді. Төртінші сыныпта музыка жазумен, оған өз бетінше өлең құрастырумен, гитара тартумен әуестенді. Оқуы үшін әперген жол дәптерлерін, жеке,  бөлек парақтарды мақсат, арман туралы үзік-үзік ойларымен, өмірге балалық түсінік-пайымдарымен, өлең шумақтарымен шимайлап толтырып тастайтын. Мек­тептің қазақша сыныбында оқыса да екі тілде сөйлеуге де, жазуға да бірдей жүйрік еді.

 

Сегізінші сыныптан рэп жазуға ден қойды. Сәтті шыққандары дискіге түсіріліп, көпшілікке таралып та кетті. Кішкентайынан киноны жақсы көрді. Кино түсіруге құштар болды.

 

Тоғызды бітіргеннен кейін балам әке ыңғайымен Шымкент колледжінің құқықтану бөліміне түсті. Айтқанымды тыңдап, мен қалаған мамандықты таңдағанына қатты қуандым. Екінші курсқа өткеннен кейінгі жазғы демалыста кезінде АҚШ отбасы асырап алған қазақ баласының ержеткенде туған жерін, әке-шешесін іздеп келгені туралы сценарий жазып, әуесқой киноклубтың қолдауымен жиырма минуттық кинофильм түсірді.

 

Колледждің соңғы курсында  жүргенде мені Алматыға іс-сапарға шығарып салып тұрып: «Әке, үйге келініңізді түсірсем деп едім. Сөз байласып жүрген қалыңдығым бар. Сапарға аттанып бара жатырсыз. Жақсы барып, жақсы қайтыңыз. Маған ақ жол тілеп, рұқсатыңызды беріңіз», – деді. «Қашан?! – деппін ұлымның үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін күтпеген шешіміне. – Үйленуге неге асығасың? Он алтыға енді ғана толдың. Алдымен колледжді тәмамда, одан кейін университетте біліміңді жалғастыр. Жұмысқа тұр. Жан-жағыңа қарайсың. Содан кейін отандасуың жөн болады».

 

Балам вокзалда үн-түнсіз қалды. Пойыз орнынан қозғалды. Ертеңінде азанда Алматыға жетіп, сыртқа шығуға аттағаным сол еді, телефоным бебеу қағып, жұбайым Балабидің әлгінде ғана қалыңдығын әкеліп, басына ақ орамал жапқанын хабарлап тұр. Бас­тапқыда абдырап қалдым. Іле дүр шаттандым. Құстай ұшып кейін қайт­тым.

 

Он жетісінде: «Папа, мен әке болдым!» – деп қызылшақасын перзентханадан алып шығып, бауырына қысып, шадыман сезімге бөленген сәті күні кешегідей көз алдымда тұр.

 

Өстіп ерте есейген Балаби колледжден кейінгі оқуын Шымкент университетінің заң факультетіне сыртқы бөлімінде жалғастырды да, құрылыс компаниясына менеджер-заңгер болып орналасты. Еңбек ете жүріп музыкамен айналысуын үзбеді. Екі-үш рэп жазды. Алматыдағы «Шатақхана» телетеатрының жігіттерімен тығыз араласты. «КТК» телеарнасының  «Мәссаған» телебағдарламасының бірнеше қойылымдарын Шымкент сахнасында жанын салып ұйымдастырып берді.

 

Тұңғышы Нияз сегізге, екінші ұлы Нұртілеу екіге аяқ басқанда балам:                                              

«Астанадағы бір құрылыс компаниясы бұдан екі ай бұрын өздеріне заңгерлік лауазымға маман қажет етіп, интернет арқылы конкурс жариялап еді. Соған қатысу үшін барлық сұрақтарына жауап беріп, құжаттарымды жіберіп едім. Енді бетпе-бет әңгімелесуге шақырыпты. Қабылданатыныма сенемін. Ертең жол жүремін. Шешіміме, жолыма бата беріңіз», – деп бетіме тік қарады. Ақ жол тіледік.

 

Астанада алғашқы екі жылда ірі құрылыс компаниясында заңгер болып қызмет етті. Отбасын көшіріп алды. Ортамен үйренісіп, тәжірибе жиған соң құрылыс цехын ашты. Содан «ЭКСПО – 2017» көрмесіне арналып салынып жатқан қонақ үйлердің жиһаздарын жасау, құру шаруаларымен шұғылданды. Жора-жолдастарын, туыстарын шақырып, олардың нәпақа табуына септігін тигізді.

 

Әлемдік көрменің ашылуына бізді шақырды. Астанада он бес күндей қона жатып, дүркіреген думанды тамашаладық. Елге қайтарға тақалған күндердің бірінде дастархан басында бетпе-бет отырып шүйіркелестік, сырластық. Ол негізгі кәсібімен бірге тағы бірнеше жұмысты қатар атқарып жүріпті. «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысты екі-үш жоба бойынша деректі фильмдер түсіріп, оларды жұмыс тобымен түн баласы монтаждап отырады екен. «Қазақстанда мұндай ауқымды шара күнде, жылда болып жатқан жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келіп жатыр. Солардың біразымен көрме басталысымен-ақ сұхбаттасып, бейнекамераға басып келеміз. Одан тақырыптық фильмдер жасаудамыз. Қонақтардың өздеріне тарту етеміз. Мен мұны тегін істеп жүрмін. Бере алмасақ, өзімде қалады. Ең бастысы, бұдан өзіме алатын керемет әсерімді айтсаңызшы! Шетелдік әйгілі кино мамандарымен тілдесіп, танысып та үлгердім. Олармен әңгімелескен, араласқан кезде басқа бір әлемге енгендей боламын», – дегенінен-ақ баламның санасын жаулаған, аңсаған арманына айналған киносына енді біржола бет бұрғанын сездім. Діттегеніне жетуін іштей тіледім.

 

Көп ұзамай анасы екеуміз Шымкентке қайттық. Арада ай өтер-өтпес­те Балаби: «Екеуіңіз де зейнеткерсіздер. Астанаға қарай тезірек біржола жылжысаңыздаршы. Астананың дәл іргесінде,  «Қосшы» поселкесінен үй салып жатырмын. Төрт бөлмелі «времянкасын» үлкен етіп тұрғызып та қойдым. Айна­ласын шлакоблокпен қоршап, қақпа, дарбазасын орнаттым. Бала-шағаларыңыздың қасына тезірек көшіп келіңіздер. Бәріміз бір шаңырақтың астында болайық», – деп тағы да шақырды.

 

Үй салып жатқаны несі? Үйдің құрылысы туралы мүлдем сөз айтыл­ған жоқ қой? Не деген қауырт іс! Шымкенттегі үйіміз сатуға тұр. Ол өтсе, өзіміз де бір күн кідірмек емеспіз. Ұлымның шұғыл қолға алған ісінің үдесіне шапшаң, демалмай жетуге ұмтылысын түсінбей мен далмын.

 

Содан Астанаға біржола табан тіреген кезде баламыз көрмедегі жұмыс­тарын қорытындылап, сапарға жиналып, дайын, біздің көшіп келуімізді тағатсыздана тосып отырыпты. Кезекті беталысы Мәскеуге бағытталыпты. Сол бала кездегі арманын қууға енді біржола бет бұрыпты.

 

Сөйтіп, қыркүйектің ортасында Мәс­кеуге жол тартып, ары қарай Санкт-Петербург асып, сондағы сценаристер мен режиссерлердің екі жылдық жоғары мектебінің жеделдетіп оқыту бағдарламасы бойынша екі мамандық курсын да бірінен соң бірін бітірді. Одан кейін продюсерлік бөлімін де аяқтап алды. Оқу кезінде Ресейдің әйгілі режиссерлерінен шеберлік дәріс тыңдады. Атақты кино мамандарымен етене танысты. Олардың арасында  даңқты Ф.Бондарчукпен жақсы аралас­ты.

 

Қысқа мерзімдік оқуын бітіргеннен кейін сонда өндірістік тәжірибеден өту барысында өзінің әуелден ойында жүрген, бірін бастап, келесісін тәмамдаған бес бірдей сценарийін жалғастырып жазды, қайта өңдеп дамытты. Астанаға оралып, күн демей, түн демей қағазына шұқшиды. Қашан көрсем жұмысынан басын көтермей, компьютерге тесіліп жазып жатқаны.

 

Жұмысын бітіріп, Ресейге апарды. Ондағылар сценарийді қабылдағанымен түсіруін кейінге, күзге кезекке қойыпты. Оған төзетін, күте тұратын Балаби емес. Сценарийлерін алып, елге келді. Жұмыстарын Алматыдағы бірер белгілі продюсерлік орталыққа апарып еді, ондағылар «орысша жазылған, қазақ менталитетіне түсір» деп ұсыныс айтты. Енді бастан-аяқ бүкіл туындыны ұлттық болмысқа ла­йықтап, қайта жазуға отырды. Дәл осы кезде жүрегіне салмақ түсіп, денсаулығы да сыр бере бастады. Оған да қарайламады. «Азырақ дамылдап, ем-дом қабылдап алсаңшы», – деп анасы да, мен де, келіншегі де қаншама жалбарындық. «Жоқ. Тап әзір емес. Нүктесін қоя­йын. Содан кейін...»

 

Ал нүктесін қойған мезетте... бір уақ демалайын деп жатты да... мәңгіге ұйықтап кетті... Жан балам алға қойған мақсатына жету үшін еш аялдамастан жанталасты, соңынан қуған арманының шалғайынан тез ұстауға демалмастан асықты. Жанығып жұмыс істей жүріп, ажалмен арпалысып күн кешкен екен балам.

 

Ұлым ылғи да: «Отызға дейін бәріне үлгеруім керек. Ата-анам, отбасым, балаларым ештеңеден тарықпайтындай, төңірегіне жалтаңдамайтындай етіп жағдайын жасауға тиіспін. Тұрмысты жақсартуға қажетті қаржыны кино саласынан да табуға, кино өнерімен де баюға болады. Қайта бұл адал жол. Ал бизнесте негізінен бірін-бірі алдаған, бірін-бірі лақтырған адамдар. Бұл мені шаршатты», – дейтін ағынан ақтарылып.

 

Еһ, қайран ұлым-ай! Неге өстіп айттың екен? Өміріңнің өлшеулі екенін алдын-ала сездің бе әлде? Неге... неге ғұмырың тым келте қиылды? Болашағың зор, жарқын еді ғой, құлыным! Арман – тұлпарыңның жалына қолың енді іліккенде тағдыр жас өміріңді қырқып түсті... Кеудеңнен жаның кеткенше мақсатыңа жететініңе имандай сендің...

 

Бізге, әке-анаңа, қосағыңа Алла ауыр сынақты көтеруді жазыпты. Опасыз жалған дүние-ай!..

 

Қайтеміз енді? Әуелде тағдырың маңдайыңа солай жазылған екен де деуден басқа не істей аламыз? Қаза – даусыз. Ажалдың алдында бәріміз де дәрменсізбіз. Төтеннен келген ажал ажарыңа да, базарыңа да қарамайды екен.

 

Мейірімге шүпілдеген жаның адамдарға жәрдемдесуге әзір тұратын. Сауапты ісің көп еді. «Бұл дүниеде қаншалық жақсылық жасасаң, о дүниелік болған соң жер бетіне соншалықты береке болып, өніп шығады» дейді даналық. Жұртқа шашқан сол шапағатыңа соңыңда қалған ұр­пағың нұрлансын. Өзіңсіз жабырқаған жанға енді осы қос құлының – Ния­зың мен Нұртілеуің медет.

 

Иә, бәрі де ерте ме, кеш пе, аяқталады. Тек арманың ғана ешқашан тәмамдалмайды. Ал арманға дәрмен – демеу. Ол – ұлдарың. Перзенттерің: «Біздің папа Санкт-Петербургте, Мәскеу­де кино түсіріп жүр!» – деп мақтанады. Өзің айтушы едің ғой, балам: «Бірінші киномды түсіріп біткеннен кейін Америкаға, «Голливудқа» барамын. Қайталанбас әлемдік шедеврдің иесі Квентин Тарантиноны тірідей кө­руім керек», – деп. Маған, сен, ұлым, Ресейдегі тірлігіңді тәмамдап, мұхиттың арғы жағына асып кеткен сықылды көрінесің. Қайбір жылы АҚШ тұрғынының бірі асырап алған қазақ баласының ержеткенде Қазақстанға келіп, әке-шешесін іздегені туралы қысқаметражды фильм түсірдің емес пе? «Түу қиянда тағы сондай тағдырлы жандарды іздеп, солар туралы кино түсіріп жүр-ау осы балам» деп те өз-өзімді жұбатам, алдарқатам. Өйткені сен ұлтжанды, жалынды жігіт едің...     

   

Жеңіс БАҺАДҮР.

 

Балаби Жеңісұлының қырық күндік асы Шымкент қаласының Бәйдібек би даңғылындағы «Ақбастау» дәмханасында 10-тамыз күні сағат 12.00-де беріледі. Ағайын-туыстарды, жекжат-жұрағатты, жора-жолдастарды, Балабимен араласқан таныс-біліс азаматтарды құран ішінде болуға шақырамыз.

Шақырушылар: марқұмның әкесі мен анасы, бауырлары.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ